Әбілсейіт Рабаев

Әділдік үстемдік құрғаны болар, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы басшысы Әбілсейіт Рабаев өз орынтағына қайта жайғасты. Басынан өткен бір жылдық қиындыққа төтеп беріп, сотта өзін ақтап алған Әбілсейіт Байсейітұлы «Біздің қоғамда ақиқаттың барына көзім жетті» дейді. Ол басына түскен іске ешкімді кінәламайды, тек айыптаушылар тарапынан қателіктің, түсінбеушіліктің болғанын жасырмайды. Бір қызығы, бір жылдық әуре-сарсаң үшін басқарма басшысы ешкімнен моральдік шығын талап етпеймін деп отыр.

Әбілсейіт Рабаев
Әбілсейіт Рабаев

Әбілсейіт Рабаев, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «Моральдік тұрғыдан келген кезде мен өз басым ар-намысымды сақтап, осы халықтың алдында қандай да бір кінәмнің жоқ екенін, заңның шеңберінде жұмыс істегенімді ақтадым. Ата заңымыз бойынша әділдіктің арқасында шындықты дәлелдеп шыққан соң еліміздің Конституциясына деген сенімім күшейе түсті. Осыдан соң болашаққа деген сенімім күшейді. Әділдікке деген сенімім күшейді.»

Естеріңізге салайық, өткен жылдың мамыр айында Әбілсейіт Рабаевты қаржы полицейлері жөнделмеген жолдар үшін мердігер мекеменің есеп-шотына бюджеттен 131 миллион теңгені заңсыз аударған деп айыптаған болатын. Осылайша мемлекет қаржысын талан-таражға салды деген айыппен ол қамауға алынған-ды. Алайда Рабаевқа тағылған айып дәлелденбей, өзі осы жылдың мамыр айында сот залынан босап шықты.