Өлген адамды жұмысқа алған кім?

Төрехан Дауытов

Жуырда облыстың әлеуметтік сала қызметкерлері жарты жылдық жұмысты қорытындылап, есеп берген болатын. ОҚО бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті медициналық-әлеуметтік сараптаманың әдіснама және бақылау бөлімінің басшысы Төрехан Дауытовтың жасаған баяндамасынан соң «көз жұмған адам мен психикалық жүйке ауруымен ауыратын жанды жұмысқа орналастырған» деген ақпарат тарағанда таңданбаған жан қалмаған. Шынымен де солай ма? Рас болса, «өлген адамды» жұмысқа алып жүрген кім? Мәселенің ақ-қарасын ажыратып беруді Төрехан Дауытовтың өзінен өтіндік.

Төрехан Дауытов
Төрехан Дауытов

– Төрехан Бекболатұлы, әлеуметтік сала, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысқа орналасуы барысында орын алған кемшіліктердің басты себебі неде деп ойлайсыз? 

– Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру бойынша арнайы бағдарлама қабылданған. Бүгінде оның бірінші кезеңі қолға алынды. Бағдарлама жоспарына сәйкес биыл біздің облыста 5269 мүгедек жанды жұмысқа орналасу қажеттігі көрсетілсе, бүгінгі таңда оның тек 1270-і ғана жұмыспен қамтылып отыр. Бұл жоспардың небары 18 пайызы орындалды деген сөз. Жыл соңына дейін меженің орындалатынына күмәнім бар. Себебі бізде мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысқа орналасуына кедергілер көп.

– Бұл мәлімет қайдан алынды?

– Жұмысқа орналасқандар туралы мәліметті облысқа қарасты барлық аудан, қалалардағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміндегілерден алдық. Содан кейін біздің департаментке қарасты жергілікті қызметкерлер берілген мәлімет бойынша түгендеу жұмыстарын жүргізген. Екі тараптың ақпаратын салыстыра отырып, нақты делінгенін жартыжылдық жұмысты қорытындылайтын кезде мәлімдедік.

33-017

 

– Қайтыс болған жандардың жұмысқа орналасқаны туралы ақпарат қайдан шықты?

– Бұқаралық ақпарат құралдары таратқан бұл мәліметті естігенімде мен өзім де таң қалдым. Баяндамамда «қайтыс болған немесе мүгедек статусы жоқтар саны – 9» деп, тіпті бұл мәліметті слайд арқылы кестеде де көрсеткенмін. Оның тек біреуінің қайтыс болғаны рас. Ол – отырарлық ІІ-топтағы мүгедек. Мүмкіндігі шектеулі жан наурызда жұмысқа орналасып, сәуірде көз жұмған. Ал 4-еуінің мүгедектің статусы жоқ, қалған 4-еуі кезінде мүгедектер тізімінде болып, бүгінде толықтай сауығып кеткендер. Бірақ, ол бұрмаланып, «9 мүгедек қайтыс болып кетсе де, жұмыс істейтіндер тізімінде қала берген» деген мәлімет тарады. Бұны таратқан бұқаралық ақпарат құралдарына осы мәселеге қатысты түсінік беруін сұрап, хат дайындап отырмыз. Бір айта кетерлігі, кез келген журналист ақпаратты жан-жақты зерттеп, фактілеріне көзін жеткізіп барып таратуы керек емес пе?! Бұл жалған ақпар республика бойынша резонанс тудырып, тұтастай ұжымның жұмысын жоққа шығарды. Қаржыны жымқырып келді деген ақпарат жемқорлық тұрғысында қылмыстық істің қозғалуына себепші болуы мүмкін. Ал біздің құзырымызға қаржыға қатысты зерттеу жүргізу, тіпті ақпарат алу жұмыстары да енбеген. Атқарылып жатқан жұмыстарды бақылау, талдау жасау біздің міндетімізге кіреді. Әлеуметтік сала бойынша жұмыстарды ұйымдастырушы, орындаушы мекемесіндегілер жалған сынның таратылғанына бізді кінәлап отыр. Осыған орай ондағыларға ақпарат құралдары тарапынан кемшіліктің кеткені, біздің де, басқармадағылардың да міндеті – Елбасы тапсырмасының сапалы әрі уақытында орындалуын қамтамасыз ету қажеттілігі туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Әлеуметтік сала қызметкерлерінің жұмысы мүлдем кемшіліксіз деп айта алмаймын. Статистика жағынан бізге ескі мәліметтер бергені белгілі болды. Тек көрсеткішке жұмыс істейтіндерге шара қолдану туралы аудан, қала, тіпті облыс әкімдеріне хат жаздық. Хатта жұмысты сапалы жүргізу бойынша ұсыныстар да келтірдік.

– Жұмысқа орналасқандар тізіміндегі 62 мүмкіндігі шектеулі жанның тегі қайталанғаны және 195 мүгедектің жұмысқа орналаспағаны да жалған ақпарат па?

– Жоқ, бұл нақты мәлімет. Тек біз басқарманың жұмыс жүйесін білмейміз. Ондағылардың тізімінде екі-үш рет тегі қайталанғандар бір рет жұмысқа орналасып, 2-3 ай жұмыс істеп, кейін тұрақты жұмыспен қамтылғандар екен. 195 мүгедектің жұмысқа орналаспағаны туралы мәлімет рас болып шықты. Ал 155 мүмкіндігі шектеулі жан о баста жұмыспен қамтылған. Бірақ, денсаулықтарына байланысты жұмыстан шыққандар. Себебі оларға ұсынылған жұмыс денсаулық жағдайына сәйкес келмеген. Мүмкіндігі шектеулі жан жұмысқа орналасарда жұмыс беруші дәрігерлік кеңес комиссиясының шешімін талап етуі қажет. Содан кейін барып қорытындыға сәйкес жұмыс ұсынылуы шарт. Бірақ, көп жағдайда бұл ескеріле бермеген.

33-016

 

– Мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысқа орналасуына келтірілетін кедергілер көп деп қалдыңыз. Нақтылап айтып беріңізші…

– Өзіңіз білесіз, Оңтүстікте еңбек ресурстары басымырақ, соның салдарынан жұмыс орны аз. Жұмыс берушілердің көбі мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа қабылдағысы келмейді. Өйткені дені сау жұмысшылар өте көп. Сондай-ақ, біздегі мүмкіндігі шектеулі жандар мемлекеттен берілетін жәрдемақыны қанағат тұтып жүре береді. Олар өздерінің сондай күйде жүргеніне қысылады да көпшіліктің көзіне түсе бергісі келмейді. Қоғамның белсенді мүшесі болуға дайын емес. Ал дайындарына лайықты жұмыс орнын табу оңайға соқпауда. Жұмыс беруші оларға лайықты жағдай жасауы қажет. Сонымен қатар жұмыс физикалық және психикалық тұрғыда денсаулықтарына нұқсан келтірмеуі тиіс. Міне, осы жағдайлар жұмыстың кешеуілдеуіне негізгі себеп болып отыр.

– Әңгімеңізге рахмет.

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №33, 13.08.2014