Ұялы телефон миды «қайнатады»

«Ұялым менің тіл қатшы…» деп әндетіп жүрсіз бе? Ал ол сіздің миыңызды «қайнатып» жатыр. Иә-иә…

Ұялы телефон, смартфон, планшет – айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын бұл гаджеттер бүгінде кез келген жастың айырылмас серігіне айналды. Олар байланыс құралдары арқылы бір-бірімен хабар алмасып, қоңырау шалып, хабарлама жазысады. Суретке түсіп, интернет пен әлеуметтік желілердегі ақпараттармен сусындайды. Ойындар ойнап, фильм көріп, кітап оқып, сүйікті әуендерін тыңдайды. Алайда, жастар көп функционалды бұл дүниелердің адам денсаулығына зиян келтіретін тұстары бар екенін біле бермейді. Ендеше, ұялы байланыстардың қандай зияны бар? Оларды денсаулыққа зиян келтірмей, қалай қолдануға болатынын біле жүріңіз.

34-013

Гаджеттердің зияны неде?

Ұялы телефоннан шығатын электромагнитті толқындар адам денсаулығына зиян келтіреді. Халықаралық Денсаулық сақтау ұйымы осылай деп отыр. Оған негіз де жоқ емес. Себебі жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде ғалымдар телефонмен көп сөйлесетін жандарда бас ауруы, ұйқышылдық, ашушаңдық белгілері кездесетінін анықтаған. Сондай-ақ, ұялы телефоннан бөлінетін электромагниттік толқындардың есте сақтау қабілетін нашарлататыны, қатерлі ісіктің пайда болуына әкеп соқтыратыны дәлелденген.

Басыңызды абайлаңыз!

Қалталы телефоннан бөлінетін электромагниттік толқындарды көп жылдан бері зерттеп келе жатқан ғалымдар осындай тұжырымға келіп отыр. Олар телефоннан бөлінетін электромагниттік толқынның теледидардың, радиотелефон мен компьютердің толқындарынан он есе күшті екенін анықтаған. Олардың пайымдауынша телефонмен сөйлескен кезде одан бөлінетін электромагниттік толқындар бас пен жүйке ұлпасына тікелей әсер етеді. Салдарынан ми қызып, жүйке жүйесі әлсіреп, адам ағзасындағы жүрек қан тамырларының айналымы нашарлай бастайды.

Иммунитет пен көз жанарына да зияны бар

Ал, ресейлік ғалымдар ұялы телефоннан бөлінетін электромагниттік толқындардың көз жанарына кері әсер ететінін анықтап отыр. Ғалымдардың жүргізген зерттеулер нәтижесінде сынақтан өткен тышқандардың барлығы дерлік көз жанарынан айырылған. Сондай-ақ, зерттеу барысында сынақтан өткен хайуандардың иммундық жүйесі әлсіреп, бұзылғаны анықталды.

Балаларға бермеңіз!

Балаларға гаджеттермен ойнауға тыйым салынуы керек. Себебі, бұл құрылғылар балалардың жүйке жүйесі мен ойлау қабілетін бұзады. Сондай-ақ, мамандар құрылғылардан бөлінетін сәуленің бас ауруына душар етіп, есте сақтау және көру қабілетін нашарлататынын, ұйқысыздыққа шалдықтыратынын дәлелдеген.

Ұйқысыздықтың себебі

Өшірулі тұрған телефон да адам организміне зиян келтіреді. Сондықтан да мамандар байланыс құралын өзіңізден неғұрлым алысырақ ұстау керек екенін айтады. Әсіресе ұялы телефонды бас жаққа қойып ұйықтауға болмайтынын ескертеді. Себебі, телефоннан бөлінетін электромагниттік толқындар ұйықтап жатқан адамның орталық жүйке жүйесіне әсер етіп, ұйықтауға кедергі келтіреді.

34-012

Абайлаңыз: Мобильді найзағай!

Айтпақшы, телефонның магниттік толқындары мен сәулесінен бөлек, денсаулыққа зиян келтіретін басқа да тұстары бар екен. Мамандардың сөзіне сүйенсек, гаджеттерді күн күркіреп, найзағай ойнаған кезде алып жүру өте қауіпті. Өйткені олар электр тоғын өткізгіш қасиетке ие болғандықтан найзағай ұру қауіпін тудыруы әбден мүмкін.

Қалай сақтануға болады?

Гаджеттердің денсаулыққа қауіпті екені белгілі болса да бүгінде олардан бас тартатындар кемде-кем. Керісінше, телефондарға, планшеттерге, смартфондарға деген сұраныс күн санап арта түсуде. Сәйкесінше, ақпараттық технология қарыштап дамыған сайын, аталмыш бұйымдардың қауіптілігі де жоғарылай түседі. Осы ретте мамандар қарапайым қағидаларды ұстана отырып, ұялы телефоннан келетін қауіптен сақтануға болатынын айтады.

1) Көшеде сөйлесу керек.

2) Телефон тұтқасын құлақтан кем дегенде 1 сантиметр алыс ұстаған жөн.

3) Ұялы телефонға құлаққап жалғап, сол арқылы сөйлесу керек;

4) Телефон тұтқасын астыңғы жағынан ұстаған жөн;

5) Телефонды тігінен ұстау керек;

6) МГц диапозонын ауыстыруды ұмытпағайсыз;

7) Телефондағы дыбыстық сигналды тыңдауға болмайды;

8) SAR-ы (Specific Absorption Rate) төмен телефон таңдаған жөн.

Сондай-ақ, телефонды қалтада, белдікте ұстамаңыз. Мүмкіндік болса, қоңырау шалғанның орнына хабарлама жазыңыз. Ал, желі «ұстамаса» қайта-қайта телефон шалуға тырыспаңыз. Мұндай кездері телефон көбірек толқын шығарады.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат» , №34, 20.08.2014