10-сыныпқа электронды оқулықтар беріледі

Кезекті оқу жылының басталуына айдан аз уақыт қалды. Халық саны 2 млн 700 адамнан асып жығылатын Оңтүстік өңірдің биылғы оқу жылына әзірлігі қалай? ОҚО білім басқармасының басшысы Альбина Елшиева берген мәліметке сүйенсек, облысымыздағы жалпы білім беретін 1022 мектепте 543 520 оқушы бар. Солтүстік Қазақстан аймағындағы облыстардың халық санына шамалас жарты миллион оқушының 66258-і биыл 1-сыныпқа барады.

ааа

Биыл әліппені алғаш ұстайтындардың саны өткен жылға көрсеткішпен салыстырғанда 34 балаға артық болып отыр. Яғни, жылдан жылға мектеп табалдырығын аттаушылардың қатары артуда. Бұл өз кезегінде салаға қаралатын қаржының көлемін арттыруды, білім ошақтарының санын ұлғайтуды қажетсінетіні анық.

Білім саласына мемлекет қазынасынан қаралған қаржының үлесі өткен жылмен салыстырғанда 19,5 %-ға артқан. Осы жылы 185,7 млрд теңге қаражат білімге берілген.

Жылдан-жылға оқушы санымен қатар білім нысандарының да қатары көбейіп жатыр. 1 тамызға дейін 11 нысан пайдалануға берілсе, тағы 17 мектеп пен 2 балабақша 1 қыркүйекке әзір болады.

135 нысанның күрделі жөндеу жұмыстарына 9,1 млрд теңге қаралған. Бұл нысандардың жөндеу жұмыстары бүгінде аяқталуға жақын.

«Үш тұғырлы тіл» саясатын берік ұстанған елдің мектептері үшін ағылшын тілі оқулықтары қат еді. Бұл олқылықтың орны осы жылы толатынға ұқсайды.

Мектеп тәмамдағалы отырған баласы бар отбасыны жыл бойына әбігерге салатын ҰБТ-ның әр жылғы қорытындысы тек білім саласының жұртшылығын ғана емес, облыс жетекшілігін әбігерге салып қоятыны бар.

Жылқы жылында облыстағы 32860 мектеп бітірушінің 18809-ы ҰБТ сынағына қатысты. Қалғаны дәстүрлі емтихан тапсырды.

2014 жылы облыстың орта көрсеткіші 74,5 балл болды. Бұл «әттеген-айы» мен «масқарасы» мол болған 2012 жылдың ҰБТ көрсеткішімен салыстырғанда 7,6 балға көп. Өткен жылғыдан 2,0 балға артық.

Альбина Елшиева, ОҚО білім басқармасының басшысы: 

– Жаңа оқу жылында 3, 10 және 2 сынып оқушылары шет тілі пәнінің оқулықтарымен 100% қамтамасыз етілетін болады. Сонымен қатар, 6-сыныптар үшін информатика пәнінің оқулықтарына және 10-сыныптар үшін электронды оқулықтарға тапсырыс беріліп, осы оқулықтармен қамтамасыз етілді.

Көптің қалауына айналған «Алтын белгіні» биыл 436 түлек иемденіпті. Бұл санды тағы да сол 2012 жылдың «шындығымен» салыстыратын болсақ, 198 «Алтын белгіге» артқан.

Мәртебелі 125 балды 2013 жылы 1 оқушы жинаған болатын. Биыл білдей екі түлек алдына келген 125 сұрақтың бірде-бірінен мүлт кетпей, өзінің де, мектебінің де даңқын асырды. Республика көлемінде ең жоғары 125 балды бас-аяғы 4 оқушы жинаған болса, соның 2-еуі біздің облысқа тиесілі. Қалған екеуі Алматыдан шықты.

Айтпақшы, биыл республика бойынша ҰБТ тапсырушылардың саны 6 мың адамға кем болды. Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтың сөзінше, бұған демографиялық жағдай әсер еткен. Статистика агенттігінің дерегінше, бұл кему алдағы 3-5 жыл көлемінде сақталады. Өсім 2019-2020 жылдарға тура келеді. Сол уақытта 2000 жылдары туған балалар бітіруші сыныпқа барады. Мінекей, 90-жылдардың жаңғырығы деген осы.

Оңтүстік облыстың биылғы мақтанышы – «Ең үздік олимпиадалық команда-2014» атанып, I-орынды жеңіп алуы болды. Республикалық пән олимпиадасы біздің облыс-та өтті. 2012, 2013 жылдары қатарынан III-орыннан аспаған-ды. Осы жетістіктердің соңы республикалық пән олимпиадасын біздің облыста өткізуге алып келді. Бұдан бөлек, халықаралық олимпиада және ғылыми жоба жарыстарының жеңімпаздары, жалпы саны 68 оқушы ҰБТ тапсырудан босатылды.

Жәнібек НҰРЫШ

«Оңтүстік Рабат», №33, 13.08.2014