18 тамыз — шекарашылар күні. Кеңес кезінде 29-мамыр күні тойланатын мереке 2012 жылдан бастап бүгінгі күнге ауысқан. Отанды қорғап, күні-түні көз ілмейтін шекара қызметінің қиындықтарын кез келген жанның біле бермесі анық. Мерекеге орай арнамыздың түсіру тобы «Тамды» шекара заставасындағы жауынгерлердің бір күндік қатерлі де қызықты өмірімен танысып қайтты.
Шекара қызметі жылдамдықты талап етеді. Мұнда әрбір сәт санаулы. Темірдей әскери тәртіпке нағыз ер азамат қана шыдай алады. Мұнда «істей алмаймын», «қаламаймын» деген сөздің өзі жоқ. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» демекші, мұндағы әрбір бұйрық талқыланбайды, мүлтіксіз орындалады.
Бұл қызметте алыстағы ата-ананы сағыну мен зерігуге мұнда уақыт жоқ. Қару-жарақ, нұсқама, бұйрық және қайта жасаққа бару. Шекараға жау шапты дегеннен мұндағы жауынгерлер жатпайды. Күні-түні ел бекінісін қызғыштай қорғайды. Сержан Әбуғалиев бала күнінен ақ, шекара қызметінде жұмыс істеуді мақсат етті. Бала арман бүгін шындыққа айналған. Енді ол аға лейтенант. «Тамды» застамавасын басқарады.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=mT_VXS7CVRk[/youtube]
Күннің батуы шекарада жұмыс күнінің бітуін білдірмейді. Керісінше, шекараны қырағы көзден сақтау жүйесі күшейе түседі. Кез келген уақытта дабыл қағылуы мүмкін. Сондықтан бес аспаптың сай болуы шекарашылар үшін маңызды.
Елді қорғау қызметі мемлекетіміздің қауіпсіздік саласында қатерлі де қауіпті қызмет болып табылады. Өйткені, жау — жар астында. Шекарадан қауіп көп. Отанды қорғау мәртебесі әрбір жауынгерге бұйырмаған. Бұл міндетті атқаруға көзінің оты бөлек ерекше азаматтардың тартылуы сондықтан.