«Ақиқаттың бар екеніне көзім жетті»

Әбілсейіт Рабаев

«131 млн теңге көлеміндегі қазына қаржысын талан-таражға салды» деген айып тағылып еді. Сот оны «кінәсіз» деп шешім шығарды. Осыдан кейін елді оның кейінгі өмірі қызықтыра бастады. Немен айналысады? Мемлекеттік қызметке қайта келе ме? Міне, осы сұрақтар жиі талқыға түсті. Әңгіме ОҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әбілсейіт Рабаев жайында. Қиындыққа қарсы тұра біліп, өзін ақтап алған азамат бұрынғы лауазымдық қызметіне қайта кірісті. Осы ретте Әбілсейіт Байсейітұлымен жолығып, бүкпесіз сырлы сұхбаттасудың сәті түсті.

Әбілсейіт Рабаев
Әбілсейіт Рабаев

– Әбілсейіт Байсейітұлы, сотта ақталып шығып, қызметіңізге қайта келуіңізбен құттықтаймыз. Темір тордың ар жағында өткен бір жыл ішінде не түйдіңіз?

– Рахмет, шынымды айтсам, бұл уақыт мен үшін 10 жылға татиды. Мәселен жақсы ортада 3 сағат бас қосып отырсаң, уақыттың зымырап өткенін байқамай да қаласың. Ал қолыңа ыстық темірді басса, 3 секундтың өзі 3 сағаттай сезіледі. Айтпағым, бұл уақыт оңайға соққан жоқ. «Жеңіл» деп тек сана-сезімі дұрыс емес адам ғана айтатын шығар. Оны еске түсіргеннен гөрі, естен шығару мүмкін емес.

Істі болғанға дейін және ақталып шыққаннан кейінгі өмірім екі бөлек. Темір тор мені есейтті. Көп нәрсені тереңінен ойланатын болдым. Бір жыл бойы уақытымды текке өткізбей, моральдық тұрғыда мықты болуға тырыстым. Болашаққа деген сенімімді жоғалтқан жоқпын.

Бірінші кезекте ата-анам мен бауырларым, жұбайым мен бала-шағам үшін уайымдадым. Соның ішінде біздің қазақта «жұрт не дейді?» деген ұғым қалыптасқан ғой. Әсіресе кемпір-шал үшін жұрттың сөзі ауыр тигені рас. Бастысы, мойынсұнбауға тырыстым. Бар ойым кінәмнің жоқтығын дәлелдеу болды.

– Әсіресе кішкентай періштелеріңізге ауыр тиген болар…

– Қызым Асылай мен ұлым Асанәлі өмірдің оң мен солын әлі ұғына қоймаған. Жастары үш жарым жаста. Бір жыл бойы іс қозғалған сәтте үйдегілер мені оларға жұмыста деп келді. Қазір біздің үйде «жұмыс» деген термин қолданылмайды. Өйткені кішкентай балаларым ол сөзді естісе, мені тағы ұзақ уақытқа көрмей қаламыз деп ойлайды.

– «Басыңа қиындық түскенде кімнің кім екенін білесің» деп жатады. Сіздің де көңіліңізге қаяу түсіргендері болған шығар?!..

– Болмады деп айтсам, өтірік сөйлегенім болар. Себебі бес саусақ бірдей емес. Әркімнің сана-сезімі әртүрлі. Кей адамдардың сенімен араласқандағы көздегені басқа болады. Бірақ, ондай жандарға ешқандай өкпе-ренішім жоқ. Тіпті тізімін тізбектеп, «анау үйтті, мынау бүйтті» деп шағымымды бұрқыратып айтып отырғым да жоқ. Өз басым өзгенің сыртынан сөйлегенді ұнатпаймын. Бір ұққаным, олар өздерінің күш-жігері, ар-намысы жоқ екенін тағы бір дәлелді. Ф.Достоевскийдің сөзімен айтатын болсақ, «Әр адам үлкен мақсатқа жету жолында көңілін аулайтын қандай да бір ит-мысыққа назарын салатын болса, көздеген мақсатқа жете алмайды» дегенді берік ұстанған адаммын.

Басыма іс түскен сәтімде нағыз жанашыр, адал дос екендіктерін дәлелдегендер де болды. Қолдау көрсетіп, «мүмкін емес, ол ондайға бармайды» деп, маған деген сенімі беріктігін байқатқан жандарға алғысым шексіз.

– Сіздің ісіңіз әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсіп, тіпті «шортандардың қармағына түскен жас бала» деп те пікір қалдырғандар болды. Сонымен қатар сіз сот санкциясымен 2013 жылдың 4 мамырында қамауға алынып, тура бір жыл өткен соң, яғни 2014 жылдың 4 мамырында сот залынан ақталып шықтыңыз. Сіздіңше бұл сәйкестік пе? 

– Мұны маған жала жабу мақсатында ұйымдастырылған іс деп айта алмаймын. Себебі өзім көрмей, қолмен ұстап алмаған соң көлденеңнен ондай шешім шығару дұрыс емес. Ал екі дата адамның қолымен жасалынған сәйкестік дегенге сенбеймін. Мен үшін бұл естен кетпес күндердің бірі болып қала береді.

– Демек, айналаңыздағылардан күмәнданбайсыз?

– Сіздің айтпақ ойыңызды түсініп отырмын. Жоқ, әлдекімдер мені бір жыл қамауда ұстап, кейін шығарып жібере салған жоқ. Кінәсіз екенімді дәлелдеу үшін аз уақыт жұмсалмады. Заңдарға сай бүкіл құжат көтеріліп, 70-тен аса куәгерден жауаптар алынды. Сот процесіндегі жеңіс алдымен Алланың арқасында, екінші маңдай термен келді.

– Өзгелердің қателігі үшін бір жыл уақытыңыз сарп етілді. Өтемақы талап еттіңіз бе?

– Жоқ, «Алла сүйген құлын сынайды» деген бар. Мен мұны сынақ деп қабылдадым. Аллаға шүкір, екі қолым, екі аяғым сау. Әке-шешем, бауырларым, жұбайым, бала-шағам аман. Барлығы қазір ойнап-күліп қасымда жүр. Болған жайтқа философиялық тұрғыдан қараймын. Ел алдында ақталып, бұрынғы қызметіме қайта тағайындалуым шығынымның өтелгенімен тең. Тек кей азаматтар өздерінің қателіктерін түсінсе, жауапкершіліктерін сезінсе деймін.

– Сот шешімі шықпай тұрып сіздің орныңызға басшы тағайындалып еді. Бұл заңға қайшы емес пе?

– Билік өздері жіберген қателіктерін түсініп, тиісті бұйрықтар шығарып, қызметіме қайта тағайындады. Осыдан кейін-ақ ненің заңды немесе заңсыз екені түсінікті. Егер ондай болмаған жағдайда шағым айтуым мүмкін еді.

– Соттың «…тағылған айып бойынша ақталсын» деп шешім шығарған сәтінде бойыңызды қандай сезім биледі?

– Адам өмірінде қандай да бір үлкен қуанышты жағдай орын алса, алдымен оған күмәнмен қарайды екен. Психологиялық тұрғыда дайын емес болуы мүмкін. Соттың «кінәсіз» деген сөзін естігенім мен үшін құдды бір түс сияқты көрінді. Тіпті үйге келіп, 2-3 күн өткенге дейін сене алмай жүрдім. Біздің қоғамда ақиқаттың, әділеттің бар екеніне көзім жетті.

– Ақталып шықтыңыз. Белгілі бір жоспарыңыз болған шығар? 

– Екі ойда болдым. Оның бірі барлық қабілеттігімді кәсіпкерлікке бағыттау болды. Себебі қазір біздің елде бұл салаға аса мән беріліп жатыр. Қолдау, қорғау көрсетілуде. Көбіне мемлекеттік қызметте жүргендердің «бұл саладан кетемін, шаршадым» деген пікірлерін жиі естуші едім. Бірақ, бәрі бірдей ондай қадам жасай бермейді. Өйткені мемлекеттік қызметкердің белгілі бір мөлшердегі жалақысы оның өмір сүруінің кепілдігі болып табылады. Ал бизнесте жағдай мүлдем ондай емес. Қолыңда дипломың бар ма, жоқ па, оның да маңыздылығы жоқ. Жұмыс жасасаң, табысың көп болады. Бастысы, бойыңда имандылық пен сенімділік болуы қажет. Кім біледі, бәлкім алдағы уақытта бизнеске кетіп қалатын да шығармын.

– Айтпақшы, сіздің ата-анаңыз қаладағы «Қайтпас» шағынауданында тұрады екен. Кей тұрғындардан «Рабаевтың ата-анасы тұратын көшеге асфальт салынған да, басқа көшелердің жолы ұмыт қалған. Ұлының ықпалы тиген болар» деген пікір естіп едік. Бұған не дейсіз?

– Бұл шындыққа мүлдем жанаспайды. Себебі «Қайтпас» шағынауданындағы жолдарды жөндеу қаланың құзырына жатады. Оның жөнделу, жөнделмеуіне қатысты шешімді қала әкімдігі қабылдайды. Қаржыны да бөлетін Шымкент қаласының әкімдігі. Бәрі де жоспарға сай орындалып келе жатыр. Сол себептен бұл бос әңгіме дер едім. Жол жөндеу жұмыстарына тікелей қатысым болған күннің өзінде ондай қадамға бармас едім.

– Жеке өміріңізге қатысты бір сауал туындап отыр. Сіздің өгей әкенің тәрбиесін алғаныңызды білеміз. Туған әкеңізбен араласып тұрасыз ба? 

– Мен бұл туралы айтқым келмейді.

– Сұхбатыңызға рахмет. 

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №34, 20.08.2014