Алаяқтар ұсталды

265

Шілде айының соңында Шымкенттегі Әл Фараби полиция бөліміне бірнеше адамнан арыз келіп түсті. Зардап шегуші үш әйел мен бір ер азамат өздеріне банктен несие алып береміз деп, екі әйел алдап кеткенін айтады.

credit_11Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында тәртіп сақшылары 1974 және 1984 жылы туылған Шымкент қаласының тұрғындарын күдікті ретінде ұстады. Тергеу барысында сезіктілер жәбірленушілердің сенімін арттыру үшін, кеңсе үлгісіндегі киім киген қызды банк қызметкері ретінде таныстыруға әкеліп жүргені анықталды.

Банктің «жалған қызметкерімен» жұмыс орнында емес, қаладағы адамдар көп жүретін көшелерде танысқан. Зардап шегушілерден алған жалпы сомасы 1 миллион 705 мың теңгені алаяқтар өзара бөліскен.

Қазіргі уақытта күдіктілердің үстінен Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 177- бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Бүгінгі таңда тергеушілер күдіктілердің 7 алаяқтық фактісіне қатысы бар екенін дәлелдеп отыр.

Банкілерге қатысты алаяқтық — қылмыстың жиі кездесетін түрі болып табылады. Алаяқтардың құрбаны болмау үшін мамандар азаматтарға күмән туғызатын адамдарға сене бермеуге кеңес береді. Егер бейтаныс адамдар өздерін қандай да болмасын бір мекемелердің қызметкеріміз деп таныстырса, олардан қызмет куәлігін, мәліметтерін сұраңыз, жұмыс орнына хабарласып, аталған азамат жайлы нақтылап тексеріңіз.

Егер күдік тудырған жағдайда полицияға хабар беріңіз. Сонымен қатар, өзіңіз туралы мәліметтерді, құжаттарыңызды тапсырмауға және делдал етуші азаматтардың көмегіне жүгінбеуге кеңес береміз.