Фестивальге 75 ардагер қатысты

«Қайран ерлер – қаһарман ардагерлер». Шымкентте осындай тақырыпта ардагерлер арасында байқау өтті. Тыл және еңбек ардагерлері ән, күй, қолөнер сынды өнердің 7 түрі бойынша сынға түсті. Осылайша өнер бәсекесіне зейнет жасындағы 3 ауданның қариялары қатысып, соғыс жылдарын еске салар әндерді орындауды парыз санады. Олардың өнерін 5 адамнан құралған қазылар алқасы таразылап отырды.

Аманкүл Аманова
Аманкүл Аманова

Аманкүл Аманова, тыл ардагері: «Сахна төрінде ән орындап шықтым. Өте қуаныштымын. Мен бүгінде «Ынтымақ» ансамблінде ән айтамын. Жеңістен үлкен үмітім бар. Жылдар бойы мектепте осы ән-күй пәнінен сабақ бердім, менің өмірім осы саз саласымен байланысты. Қазіргі уақытта 7 бала, 20 немере, 1 шөберенің әжесімін, Аллаға шүкір. Жасым 73-ке келді. Бірақ мен заман көшінен қалмай, осындай қоғамдық шараларға белсене қатысамын». 


Әлібек Өмірәлиев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы: «Ардагерлер, зейнеткерлер – бұл кісілердің жағдайлары шектеулі, ол кісілерге мынадай киім киіп келесің деп шарт қоя алмаймыз. Бірақ, әжелердің жасы 60-тан асқан, ал аталардың жасы 63-тен асуы тиіс. Байқаудың талабы – осы. Және  жұмыс істейтін қарттарымыз қатыстырылған жоқ.»

Ерлікті еске салар фестивальге қаламыздағы үш бірдей ауданның 75 қариясы қатысты. Олар ортаға шығып, Ұлы жеңістің құрметін тағы да мойындатты. Айта кетейік, бір ғана Шымкент қаласында 60 мыңға тарта Ұлы Отан және тыл ардагері бар.

Фестивальге 75 ардагер қатысты
Фестивальге 75 ардагер қатысты
Ардагерлер ерлік әндерін шарықтата шырқады
Ардагерлер ерлік әндерін шарықтата шырқады

Биыл алғаш рет қолға алынған «Қайран ерлер – қаһарман ардагерлер» байқауының бірінші орны еңбек ардагері Асанхан Есқалиевке берілді. Жеңімпазға 50 мың теңге қаржылай сыйақы тағайындалған.