«Арыс жағасында» ретро фестивалі дүркіреп өтті

619
Жас әншілер "Жұлдызым" әнін шырқады

Оңтүстікте «Арыс жағасында » ретро фестивалі биыл бесінші рет дүркіреп өтті. Шәмші Қалдаяқовтың 85 жылдық мерейтойы аясында өрбіген кешке келіп, тамашалаушы ағайынның да қарасы қалың болды.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=oKhcVurg1k4[/youtube]

Биылғы фестиваль 300–ден астам әннің авторы, күллі қазаққа аты кеңінен танымал Мыңжасар Маңғытаев, дарынды сазгер — Сейдалы Тұрғымбаев, шетелдік өнерпаздар да сүйсіне орындайтын белгілі сазгер — Мұхамеджан Рүстемов және жазушы, ақын, сазгер Жанғали Меймандосовтың шығармашылығының құрметіне арналып отыр.

Ретро фестиваль жүргізушілері
Ретро фестиваль жүргізушілері
Кеште сазгерлердің 30-ға тарта әні шырқалды
Кеште сазгерлердің 30-ға тарта әні шырқалды

Тамылжыған тамыз. Шәмші әлемі гүлзары. Сағынышқа айнаған әндер. Мұның барлығы да «Арыс жағасында » ретро фестивалінде көрініс тапты. Осынау кешке келушілердің де қарасы қалың болды. Жүздері бал-бұл жайнап, саңлақ сазгерлердің әндеріне сусындап отыр.

Әлиакбар Қасымбеков, көрермен: «Көз алдыма менің сол Алматы жүргенде кездестірген алғашқы махаббатым елестеді. Шәмшінің әндері мені еріксіз ойға бөлейді. Бұл әнді естігенде мен ерекше сезімге бөленемін. Бүгінгі ретро әндер менің жастық шағымды ойыма қайта әкелді.»

Медет Әлпенов, көрермен: «Бұл әндерді алғаш рет естіп тұрмын, бірақ мағынасы терең екен. Жақсы жазылған. Менің анам қосыла шырқап отыр. Мен де орындаушыларға тәнті болып отырмын.»

Жас әншілер "Жұлдызым" әнін шырқады
Жас әншілер «Жұлдызым» әнін шырқады
Көрермендердің қарасы қалың болды
Көрермендердің қарасы қалың болды

Жанғали Меймандосовтың «Жұлдызым»туындысы Шәмші әлемі гүлзарын әнмен әлдиледі. Ел аузында жүріп, бүгінде ұмытылар шегіне жеткен шығарма осылай қайта жаңғырды. Бірақ ретро кеште мұны орындау жас әншілерге оңайға түскен жоқ.

Айгерім Тәжі, әнші: «Қазіргі көңіл-күй өте жақсы. Біз 80-90-жылдағы әндерді орындап шықтық, үлкен қобалжуды сезідік».

Назерке Тұрымбет, әнші: «Бұл әннің айтылмағанына көп болған, біз оны жаңартып, әуен ырғағын басынан жаздырдық. Әрине, әнді орындау кезінде қиындықтар болды, бірақ дайындалдық, енді үлкен концерт болғаннан кейін барымызды салдық. Көрермен жақсы қабылдады.»

Талай естеліктің сыры да осы әндердің бойында. Өмірдің мәнін де осы шумақтардан кездестіреміз. Көпшілік ретро әндерден сезімнің сұлулығын да таба алды. Ал фестивальді қолға алған облыстық мәдениет басқармасының басшылығы жалпы дайындыққа 7 ай уақыт жұмсаған.

Фестивальге 300-ге тарта өнерпаз қатысты
Фестивальге 300-ге тарта өнерпаз қатысты

Күлия Айдарбекова, облыстық мәдениет басқармасының басшысы: «Әндердің нотасын түсіру үшін сол сазгерлердің отбасыларымен хабарласып, олардан ноталарын алып, қайтадан оны електен өткізіп, өңдедік. Қазір біздің қоржынымызда тағы да бір ретро фестиваль өткізетіндей дүниелер тұр. Осы авторларға тағы да бір концерттік бағдарлама өткізетіндей мұра жинап алдық.»

Айта кетейік, түрлі қойылымдар арқылы көпке ұсынылған кешке аудан-қалалардағы мәдениет үйлері және қаламыздағы «Оңтүстік-цирктің» шоу балеті, эстрадалық джаз-ансамблі, танымал би топтары қатысты.