Бағдаршамның туған күні бар

33-004

Тамыздың 5-і халықаралық бағдаршамдар күні. Иә-иә, олардың да туған күні бар. Бұл дата 1914 жылдан бастап атап өтіледі. Ал біз күн сайын көріп жүрген сол бағдаршамдар туралы не білеміз? Ең алғашқы бағдаршам 1868 жылы Лондонда пайда болған. Ал автоматты реттеуіші бар мұндай құрылғы 1914 жылы АҚШ-тың Кливлен штатында орнатылды. Оның тек екі түсі ғана болатын. Ал сары түсі бар жол қозғалысын реттеуге арналған құрылғылар 1918 жылдан бас-тап шығарылды. Шымкент қаласындағы ең бірінші бағдаршам 60-шы жылдары пайдалануға берілді.

Наурыз СҮГІРӘЛИЕВ, Шымкент қалалық көлік және коммуникация секторының меңгерушісі:

– Біз тек қаржы бөліп, тапсырыс беруші ғанамыз. Оны орнату мен техникалық қызметі «СМЭУ Астана» ЖШС-іне жүктелген. Ал бақылауы мен түсінің алма-кезек ауыстыру уақыты облыстық ІІД жедел басқару орталығының бақылауында. 

Қаладағы бағдаршамдардың 26-сы ескі. Бюджетті ескере отырып оларды жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Биыл 16 бағдаршам нысанын жаңарту жұмыстары қолға алынды. Келер жылы тағы 10 құрылғыны ауыстыру жоспарлануда. Одан бөлек Ә. Диваев – Мәделі қожа және Қ.Рысқұлбеков – Ғ.Іляев көшелерінің қиылыстарында бұған дейін мұндай нысан болмаған еді. Биыл қос қиылысқа жол қозғалысын реттейтін құрылғылар орнатылды. 

Шымкенттің көшелерін-де бар-жоғы 146 бағдаршам бар. Біз ойлағандай бағдаршамдарда орнатылған уақыт жиілігі бәрінде бірдей емес. Жаяу жүргіншілер берілген уақыт ішінде жолдың арғы бетіне өте алмай қиналатынын жиі айтуда. Мұндай кезде «Уақыты неге тым қысқа?» деген сауалдың туындары заңдылық. Бұл сұраққа жауап алу үшін жауапты мекемедегілерге хабарластық. Белгілі болғандай, қаладағы автоматты реттеуіші бар бағдаршамдар қызметі облыстық ІІД әкімшілік полициясы басқармасының бақылауында. Ал егер белгілі себептерге байланысты, мәселен шаһарға маңызды қонақ келгенде жол нұсқаушы қажет болған жағдайда құрылғылар жедел басқару орталығының бақылауына өтеді. Мұндағы мақсат – кептелістің алдын алу.

33-005

Облыс орталығында жол қозғалысын реттеуші ерекше 67 құрылғы бар. Оның ерекшелігі түнгі сағат 23:00 мен таңғы сағат 06:00-ге дейін автоматты түрде жанып-өшіп тұрады. Бұл уақытта қозғалыс бәсеңдейді. Нәтижесінде жүргізуші уақытын жоғалтпайды. Айта кетейік, мұндай жағдайда қосалқы көшеде келе жатқан жүргізуші негізгі көшедегі көлікке жол береді. Айтпақшы, ірі қалаларда «жасыл толқын» деген жүйе іске қосылған. Ол арқылы көлік жүргізушілеріне уақытты үнемдеу мүмкіндігі берілген.

Данабек МЫРЗАБЕКОВ, ОҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасы жол және техникалық инспекция бөлімінің аға инспекторы:

– Бағдаршамның уақыт жиілігін біз бекітеміз. Уақыт жиілігі 20-60 секунд аралығында. Ол қозғалыс ауқымына қарай қойылады. Мәселен, үлкен көшелерде уақыт ұзағырақ болады. Ал Ж.Тәшенов, Ғ.Іляев көшелеріндегі құрылғыларға 19-22 секунд жеткілікті. Жасыратыны жоқ, кейде үлкен көшелерден жолдың қарсы бетіне өтіп үлгере алмай қалатын жаяу жүргіншілерді де көріп жүрміз. Бұл мәселені шешу үшін жергілікті билікке жер асты өткелін салу бойынша ұсыныстар берілді. Бүгінгі таңда қалада осындай екі нысанның құрылысы жүріп жатыр. Уақыт өте бұл мәселе толықтай өз шешімін табады деп ойлаймын. Оған дейін жаяу жүргіншілер берілген уақытта қарсы бетке өтіп үлгеруге тырысуы керек немесе жасыл түстің қайта жануын күткені абзал. Себебі біз ондағы уақытты созатын болсақ, басқа қиылыстарда кептеліс орнауы мүмкін. 

Мәселен, сіз көлігіңізбен Тәуке хан мен А.Байтұрсынов қиылысына тоқтадыңыз. Бағдаршам түсі жасылды көрсетті. Әлбетте, жүресіз. Б.Момышұлы көшесі қиылысына келгеніңізде бағдаршам тағы да жасыл түсті көрсетеді. Демек, әр қиылыстағы бағдаршамдардың жасыл түсі кезекпен жанады. «Жасыл толқын» жүйесіне Тәуке хан даңғылы және Т.Рысқұлов көшесі бойындағы құрылғылар қосылған. Осы ретте айта кетейік, бізде аккумулятормен жұмыс істейтін бағдаршамдарды орнату бойынша пилоттық жоба қолға алыныпты. Мамандардың айтуынша, жоба сәтті шықса, шаһарда орнатылған мұндай құрылғылар жарық өшкен соң 6 сағат бойы қызмет көрсете береді екен.

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №33, 13.08.2014