Оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Ал балаңыз мектепке дайын ба? Ұл-қызын мектепке оқуға әзірлеген ата-аналар қазірден қамдана бастаған. Сонымен, бір баланы бастан бақайшаққа дейін киіндіру қанша тұрады?
Ольга Чурбакова қызының мектепке қажет керек-жарағын дайындап жүр. Олар алған дәптер-қаламсап және өзге де құрал-сайманды 5 мың теңгеге қарыштады. Енді кенже қызына сөмке керек.
Ольга Чурбакова, Шымкент қаласының тұрғыны: «12 мың теңге тұратын сөмкені көріп кеттік. Бізге ұнады. Сатып алатын шығармыз. Ал мектеп киімін өзім тігем. Осылардың барлығын есептегенде бір қызыма 15 мың теңгенің төңірегінде ақша кетеді деп ойлаймын.»
Ал мектеп формасына келсек, қалтаңыз қалың болуы тиіс. Бастауыш сыныптың жейделерін 1,5-2 мың теңгеден саудаласаңыз, сапалы костюмдердің 5 мыңнан төмені жоқ. Белдемшелердің де құны сол. Бағалар былайша төмен көрінгенімен, көпбалалы отбасылар үшін ауырлық етіп жатқаны рас. «Үйдегі болжамды базардағы баға бұздының» кері осы.
Меруерт Керімбаева, көп балалы ана: «Былтыр 4 бала-шағамды 100 мыңдай теңгеге киіндірдік. Ол дәптер-қалам секілді кеңсе тауарларынан бөлек. Биыл енді шығып жатырмыз ғой. Көріп жатырмыз. Қазірдің өзінде екі сөмкені 10 мың теңгеге алдық.»
Сонымен, нарықтағы баға мынау: 12 парақтық дәптердің бағасы 10 теңгенің көлемінде. Ал 48 беттік қалың дәптерлер 30 теңгеден жоғары. Күнделік 80-100 теңгені құраса, сызғыш, қаламсаптарыңыз бен өшіргішіңіздің әрқайсысы 100 теңгенің төңірегінде. Оған әлі мектеп формасы мен аяқ киім және сөмкені қосыңыз. Олардың өзі 1,5 мыңнан бастап 15 мыңға дейін жетеді.
Яғни, бұл оқу жылында бір балаға 15-30 мың теңге шығындалмай, ұл-қызыңызды сабаққа жібере алмайын деп тұрсыз. Ал барынша үнемдесеңіз, тауардың сапасызына тап боласыз. Әрі-беріден соң, бүлінген тауардың орнына басқасын қайта алуға тура келеді.