Балабақшаны қалай ашамыз?

31-004

«2015 жылға дейін мектепке дейінгі жастағы балалардың 76%, 2020 жылға дейін 3 пен 6 жас аралығындағы балалардың – 100% мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз етілсін». Елбасы Н.Назарбаев өзінің халыққа арнаған кезекті жолдауында осылай мәлімдеген еді. Бұл бағытта бірнеше бағдарлама қолға алынған болатын. Нәтижесінде еліміздің түкпір-түкпірінен жаңа балабақшалар ашылып жатыр. Өзге өңірлерге қарағанда Шымкентте бұл бағытта тындырымды тірліктер көп. Атап айтар болсақ, биылғы жыл басынан бері қалада оншақты жекеменшік балабақша пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін шаһар тағы да бірнеше бөбекжаймен толықпақ. Осы ретте жергілікті биліктегілер жеке тұлғаларды балабақша ашуға шақырып отыр.

Десек те, халық арасында балабақша ашу бизнестің бір түрі. Оны қалтасы қалың дөкейлер ғана ашады деген ой қалыптасқаны жасырын емес. Ал шын мәнінде солай ма? Балабақшаларды кім, қалай ашып жатыр? Балабақша ашу үшін мемлекет тарапынан қандай жеңілдіктер қарастырылған?

31-002

Неден бастау керек?

Балабақшалар білім беру мекемесіне жататындықтан бірінші кезекте Шымкент қалалық білім бөліміне хабарласып, балабақшаны кімдер аша алады деп сұрадық. Олар:

– Кез келген тұлға мектепке дейінгі мекемелерді аша алады. Бірақ, бірінші кезекте балабақша салатын заңдастырылған жеріңіз немесе үйіңіз болуы керек. Одан соң заңды тұлға ретінде тіркелу керексіз. Содан кейін, бизнес сәйкестендіру нөмірі тағайындалған заңды тұлғаның мемлекеттік тіркеу туралы анықтамасын, жарғысын, жеке кәсіпкердің мемлекеттік тіркеу туралы куәлігін, банкке және салық органдарына берешегі жоқ туралы анықтамаларды, медициналық кабинетке берілген лицензияны немесе емханамен жасасқан келісімшарттың көшірмелерін жинастырып, Шымкент қалалық білім бөліміне тапсырасыз. Айтпақшы, білім беру объектісінің санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігін және ғимараттың білім беру қызметін жүзеге асыруға жарамды екенін растайтын өрт сөндірушілердің анықтамаларын да өзіңізбен бірге ала келуді ұмытпағайсыз, – деп жауап берді.

Азиза Жанзахова, жеке кәсіпкер:

– Балабақша ашуды көптен бері ойластырып жүр едім. Алайда, барлығы да қаржыға келіп тіреледі емес пе? Оның үстіне қалай болады екен, қолымнан келеді ме деп ойланып жүрдім. Азын-аулақ қаржы жинаған соң, өз арманымды жүзеге асыруға кірістім. Басында үйді жалға алдым, бертін келе үйді жекешелендіру ойымда бар. Әрине, қиындықсыз болмайды, басында қатты қиналдым. Құжат рәсімдеу, балабақшаны керек-жарақпен қамтамасыз ету дегендей. Қазір шүкір, жаман емес. Мемлекеттік тапсырыс бойынша топ аштым. Балалардың да саны артты. Енді балабақшаны кеңейтуді ойластырып отырмын. Айтарым, «көз қорқақ, қол батыр» екен. Ең бастысы өзіңе сену керек. 

Қандай талаптар бар?

Балабақша ғимараты қандай болуы керек? Оған мамандардың қоятын талаптары қандай? Оны қалай жабдықтаған жөн? Бұл сұрақтарға Шымкент қалалық білім бөлімің сектор меңгерушісі Күлзина Уәлихановаға жауап берді.

– Балабақша 3 қабаттан аспауы керек. Онда шешінетін жер (қабылдау), ойнайтын бөлме, ас бөлмесі, ұйықтайтын бөлмесі, дәретхана болады. Бөлмелерде балалар үшін шағын балалар жиһазы – үстелдер, орындықтар, кереуеттер, шкафтар, балалар ойыншықтары, балалар алаңдары, спорттық жабдықтар, кеңсе заттары, үлкен теледидар және т.б заттармен жабдықталуы керек. Балабақшада педагогтар (тәрбиешілер), медицина қызметкерлері, қызмет көрсету жұмысшылары (мәселен ас үй), көмекші қызметкерлер (күтуші, жинаушы және т.б.), күзетші болуы керек. Сондай-ақ, балалар алаңы үшін жанама территориясы болуы да міндетті.

31-003

Ақшасы жоқтар қайтеді? 

Заңды тұлға ретінде тіркеуге тұрдық делік. Алайда, балабақшаға ыңғайлы не жері, не үйі жоқтар қайтеді? Оған қоса балабақша ашу көп қаржыны керек етеді. Оны қайдан аламыз деп абдырап қалдық. Күлзина Уәлиханқызының айтуынша, жерді не үйді жалға алуға да болады. Ал, өз кәсібін бастауға ниет еткендерге кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы көмектесетін көрінеді.

Алдымен Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының құжаттарды рәсімдеу бөліміне бару керек. Бұл бөлімдегілер жоғарыда аталған құжаттардың барлығын ең қысқа мерзімде жинастырып береді. Ең бастысы, осындағы маманның атына сенімхат берсең болғаны. Келесі кезекте мемлекеттік бағдарламаларды қолдау бөліміне бас сұғасыз. Мұндағы мамандар бизнес жоспар құруды үйретіп қана қоймай, ең төменгі пайызбен несиеге қол жеткізуге де көмектеседі. Сондай-ақ, мұнда жас кәсіпкерлерге арналған мектеп те бар. Мұнда өз бизнесіңді құруды үйретіп, жеке кәсіпті ұршықтай үйірудің жолдарын көрсетеді екен.

Несиені алып, балабақшаға ыңғайлы үйді дайындап, құжаттарды жинастырдыңыз делік. Мұнан соң Шымкент қалалық білім бөліміне қайта барасыз. Мұндағылар құжаттарыңызды мұқият қарап шығып, ашылған жаңа балабақшаны тіркеуге алады.

31-001

Айтпақшы…

Бүгінгі күні барлық жерде «Балапан» бағдарламасы жүзеге асуда, ол мемлекеттік-жекеменшік әріптестігін ұсынады. Әріптестік бойынша жекеменшік балабақшадан мемлекеттік тапсырыс бойынша топтар ашылып, тізімде тұрған балалар балабақшаға жолданады. Алайда, бұл бағыт бойынша жұмыс істеу үшін білім беру бөлімі жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру бойынша БАҚ беттерінде конкурс жариялауы керек. Конкурстан өткен балабақшаға баланың ай сайынғы табысынан бөлек әр балаға мемлекет тарапынан қосымша ақша төленіп отырады. Осылайша, мемлекет жеке кәсіпкерлерге көмек қолын созып отыр. Сондықтан, нар тәуекелге бел бусаңыз, ұтылмайсыз. Өйткені, балаларды балабақшамен қамту мәселесі күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ