Баспананың қадірін пәтерден пәтерге көшіп, бір ай бойы тірнектеп жиған қаржысын пәтерақыға төлегендерден артық білетін жан болмас, сірә. Осы орайда «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы үйлі болудың жаңа әрі оңтайлы жолдарын ұсынып отыр. Айта кетейік, халықты бас-панамен қамтамасыз етуде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» 2 бағыт бойынша жұмыс істеуде. Оның біріншісіне – азаматтардың барлығы қатыса алады. Ал, екіншісі – тек жас отбасыларға арналған. Бұл жұмыстардың Шымқала аумағында қалай жүргізіліп жатқаны, болашақта 2020 жылға дейін жоспарланған бағдарлама аясында қанша үй салынатыны туралы және басқа да баспанаға қатысты мәселелер жайында мәлімет алу үшін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акцио-нерлік қоғамының ОҚО бойынша директоры Қасымбек Мәліков (суретте) мырзаға жолыққан едік.
– Қасымбек Бақытұлы, әңгімемізді «Қолжетімді баспана-2020» дегеніміз қандай бағдарлама? Бұған дейін жүзеге асырылған бағдарламалардан айырмашылығы жайында бастасақ…
– Тұрғын үй құрылысының 2005-2007, 2008-2010 жылдарға арналған бағдарламалары қарапайым халық үшін аса тиімді бола қойған жоқ. Материалдық жағынан алып қарасақ, тұрмысы орташа деуге келетін тұрғындардың негізгі бөлігі үшін тұрғын үйді толық қолжетімді ету мүмкін болмады. Жас отбасыларды, белгілі бір категорияға жататын азаматтарды баспанамен қамтуға келгенде бұл бағдарламалар уақыт талабына жауап бере алмады. Осы орайда құрылыс саласында қолданылып жүрген бағдарламаларға тексеру және талдау жүргізуді, олардың негізінде жыл сайын жалға берілетін тұрғын үйдің көлемін 1 млн шаршы метрге жеткізуді және сатып алу құқығымен жалдау тетігін, сондай-ақ құрылыс индустриясын дамыту жөніндегі кешенді шараларды көздейтін бірыңғай «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы құрылды. Бағдарлама шеңберінде жергілікті атқарушы органдар аймақтарды жаңа үйлердің құрылыс алаңына айналдырмақ.
– Аталмыш бағдарлама «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы қалай жүзеге асырылып жатыр? Бұл бағдарламаға кімдер қатыса алады? Оларға қандай басымдылықтар беріліп отыр?
– «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ «Қолжетімді баспана — 2020» бағдарламасы бойынша тұтынушыларға үйлі болудың жаңа әрі оңтайлы 2 бағытын ұсынады. Оның алғашқысына жас ерекшелігіне қарамастан, табыс көзі бар, жұмыс істейтін азаматтардың барлығы қатыса алады. Яғни, олар еліміздің кез келген аумағынан үй сатып алуға құқылы. Ол үшін банк салымшыларына ұсынылатын тарифтер бойынша ұзақ мерзімге жалға алып, кейін төлеп құтылу, банктегі шотына қаражат жинақтау, баспана құнының 50 пайызын шотқа салып, қалған 50 пайызын несиеге алу немесе ешқандай жинағы жоқтар ең төменгі пайызбен несие алу сияқты жеңілдіктерді қолдана алады. Ал, екінші бағыт – тек жас отбасыларға арналған. Яғни, 29 жасқа дейінгі, некеде тұрғанына 2 жыл болған, баспанасы жоқ және тұрақты тіркеуі бар отбасылар пәтерге кезек бойынша қол жеткізе алады. Отбасының құрамына ерлі-зайыптылардың өздері, сондай-ақ олардың кәмелетке толмаған балалары, ерлі-зайыптылардың жұмысқа жарамсыз ата-аналары да кіреді. Отбасы мүшелерінің саны болашақ пәтердің шаршы метрін анықтағанда ескерілетін болады. Яғни, әр отбасына 15 ш/м-ден кем емес 18 ш/м бөлінуі керек. Егер отбасында 3 адам тұрса, онда пәтердің ауданы 45 ш/м кем болмауы тиіс. Белгіленген тәртіпке сәйкес құжаттарын тапсырған жас отбасы пайыздық үстемесі жеңілдетілген несие-ге қол жеткізе алады. Сөйтіп, алғашқы 8 жылда пәтердің жалға алу құнын, жинақтау бойынша міндетті ай сайынғы төлем мен коммуналдық шығындарды төлеп отырады. 8 жыл өткеннен кейін немесе пәтер құнының 50 пайызын жинақтағаннан кейін бас-пана жас отбасының меншігіне өтеді. Ескеретін жайт, тек «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшысы ғана бағдарлама қатысушысы бола алады.
– Бағдарлама бойынша салынып жатқан үйлердің сапасы туралы не айтасыз?
– «Қолжетімді баспана-2020» жобалары құрылыс пен класына сай белгілі бір техникалық өлшемдер бойынша салынады. Сондықтан құрылыс-монтаж жұмыстары мен қолданылатын құрылыс материалдарының сапасы жобада бекітілген талаптар бойынша бақыланады. Оған қоса, заңда жобалық-сметалық құжаттар бекітілер алдында және жобаны жүзеге асырмас бұрын міндетті түрде мемлекеттік сараптамадан өткізіледі. Құрылыстың сапасын жергілікті билік бақылап отырады. Ал, банк өз тарапынан салынып жатқан үйлердің сапасын тексеріп, өз клиенттері үшін объектінің ағымдағы жағдайы туралы ақпараттарды банктің сайтына орналастырып отырады.
– Қасымбек аға, бағдарлама бойынша тұрғын үйді сатып алуға немесе жалға алуға ай сайынғы төлемдер қаншалықты қолжетімді?
– Мәселен, ауданы 60 ш/м болатын 2 бөлмелі пәтердің құнын есептеп көрелік. Шымкентте таза әрленген пәтердің 1 шаршы метрі 90 000 тг деп есептегенде, ауданы 60 ш/м 2 бөлмелі пәтердің құны – 5,4 млн теңге. Қоныстанар алдында отбасы міндетті кепілдік жарнасын төлеу керек. Ол 171 720 теңгеге тең. Ал, қаражат жинау бойынша ай сайынғы жарна – 28 620 теңгені құрайды. Жалдау төлемі – 6 000 теңге. Оған жалдамалы тұрғын үйді сатып алуға тұрғын үй заемын өтеу бойынша төлемді қосыңыз (тұрғын үй заемы 15 жылға дейінгі мерзімге, теңгемен жылдық 4% мөлшерлеме бойынша беріледі). Ай сайынғы төленетін барлық сома: 28 620 + 6000 = 34 620 теңге+коммуналдық шығындар. Соғұрлым бұл соманы жалдамалы пәтерге төлейтіндер де бар. Ал, біздің жағдайда, жалдамалы пәтердің ақысын төлеп қана қоймай, уақыты келгенде оны жеке меншікке өткізе алады. Яғни, 8 жылда пәтердің 50 пайызын жинақтаған соң банк арқылы тұрғын үй заемын алып, оны өтеу үшін 15 жыл бойы ай сайын 18 900 теңге төлеу керек. Енді пәтер отбасының жеке меншігі болып табылатындықтан, бұл кезде жалдау төлемі төленбейді. Осыған қарап отырып-ақ, бұл бағдарламаның қаншалықты тиімді екенін көруге болады.
Айжан Ермекқызы
«Оңтүстік Рабат», №33, 13.08.2014