Биотехнолог болғысы келетіндер көп

Биыл тест сынағын тапсырғандарға берілетін мемлекеттік білім гранттарын бөлу мәселесін қараған республикалық комиссия өз жұмысын қорытындылап, грант иелері анықталды.

2014-2015 оқу жылында 34 165 грант, оның ішінде 2 530 орын ЖОО даярлық бөлімдеріне, 31 635 грант 1 курсқа түсетіндер үшін (күндізгі бөлімге 31 135, сыртқы бөлімге 500 грант). Техникалық ғылымдар мен технологияларға 12 600 мың, педагогикалық мамандықтарға 5 864, ауылшаруашылығы мен ветеринарлық ғылымдарға 2 670 грант бөлінді.

33-024

Колледжді бітіргендерді қолдау мақсатында қысқартылған оқу түріне 2 875 грант қарастырылды.

Білім грантын тағайындау конкурсына 69 624 талапкер қатысты. Конкурсқа қатысушылардың 1 732-сі «Алтын белгі» иегері, 322-сі Назарбаев зияткерлік мектептерінің түлегі, 179-ы жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы, 921-і жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық және республикалық ғылыми жарыстардың жеңімпазы, 891-і республикалық және халықаралық спорттық жарыстардың жеңімпазы. Оларға білім грантын тағайындау кезінде басым құқықтар берілді.

Мәселен, «биотехнология» мамандығына бөлінген 1 грантқа 6 адамнан, «геодезия», «картографияға»  4 адамнан таласқа түскен. Медициналық мамандыққа деген талас әсте бәсеңдеген емес. Бір грантқа шамамен 9 адамнан келген. «Мұражай ісі», «Ескерткіштерді қорғау», «Мәдениеттану», «Ағаш жону технологиялары», «Физика», «Астрономия», «Кітапхана ісі», «Мал дәрігерлігі» мамандықтарына деген сұраныс төмен болған.

Жәнібек НҰРЫШ

«Оңтүстік Рабат», №33, 13.08.2014