Өлім туралы ойлаудың өзі адамның жанын түршіктіреді. Елімізде алдағы уақытта адамның мүрдесін жағып жіберетін крематорий салынбақ. Тіпті, мәйіттерді өртейтін кешеннің жобасы жобаланып, құрылыс шығындары да есептеліп қойылған. Яғни, заман талабына сай жарақтандырылатын жобаның жалпы құны – 5 млн АҚШ доллары болмақ. Ел арасында бұл бастамаға қатысты пікірлер әртүрлі. Біреулер мұсылмандар өмір сүретін елімізге мұндай орын қажет емес десе, базбіреулер бұл бастаманы қолдап отыр.
Мұндай күрмеуі қиын шаруаны қоғамның талқысына салу қажет дейтіндер де табылады. Жалпы, Қазақстанға крематорий керек пе? Сіз не дейсіз?
Мұхамеджан Естеміров, ҚМДБ ОҚО бойынша өкіл имамның орынбасары:
–Біздің дініміз бен кремация ұғымдары бір-бірімен мүлде қабыспайды. Кремация – мұсылман үшін үлкен күнә. Адамның денесі жер қойнына берілуі тиіс. Алла тағала қасиетті Құран Кәрімде «Таһа» сүресінің 55-аятында: «Сендерді де содан (топырақтан) жаратқанбыз, кейін оған (топыраққа) қайтарамыз және содан екінші рет қайта (тірілтіп) шығарамыз» дей келе, адамзат баласының топырақтан жаралып, көз жұмғаннан соң, сол топыраққа қайта қойылуымыздың міндетті екені жазылған. Ал, бұл – таза коммерциялық жоба. Жер көлемі жағынан әлемде 9-шы орында тұрып жер жетпейді дегендері қай сасқандары? Жер жетеді бәріне, өліге де, тіріге де.
Құдайберген ЕРЖАН, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы:
– Крематорий салуды қолға алған екен, қоғамға қажет болғаны да… Жалпы, тұрғылықты халықтың басым бөлігі ислам дінін ұстанғандар екендігін ескерсек, крематорий біз үшін ерсі дүние. Өйткені адамды өртеу біздің дінімізге, ата-баба дәстүріне сай келмейді. Атадан қалған құнды дәстүрімізге берік қауым үшін бұл әруақты қорлау болып саналады. Бірақ, Қазақстанда діндерінде мәйітті өртеу дәстүрі бар конфессия өкілдерінің де тұратынын ескерген жөн.
Бақытбек Смағұл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Адамның мәйітін өртеуге үзілді-кесілді қарсымын. Бұл – біздің салт-дәстүрімізге, мұсылмандығымызға, болмысымызға жат. Одан да балабақшалар, спорттық кешендер салынсын. Қазақстанның жері жетеді, ал асыл дінімізді қастерлеу – біздің құндылығымыз. Мұны христиан діні де қолдамайды. Кім туғанының сүйегін өртеуге берер екен? Бабадан қалыптасқан дәстүріміз бар емес пе, өртейтін болсақ әруақтарды қорлау болып есептелмейді ме?! Ендеше, дәстүрімізге қатысты бой түзегеніміз дұрыс.
Дінмұхамед Қылышбаев, ОҚО «Тәуелсіз заңгерлер» ҚБ төрағасы:
– Жалпы, ислам дінінде мәйітті өртемейді. Алайда, елі-мізде крематорий зауытын салудың тиімді тұстары да бар. Крематорий биоқалдықтарды және өлген үй жануарларын, аң-құстарды өртеп жіберу үшін қажет. Әйтпесе қалдықтар қоршаған ортаны ластаса, өлген жануарлардың мәйіттері мен шашылған сүйектері қоршаған ортаға, адам денсаулығына қауіп төндіреді.
Елімізде крематорий пеші салынса, оның заңдық нормаларын бекітіп алған дұрыс. Яғни, мәйітті өртеуге міндеттеуге заңмен тыйым салу керек. Егер қайтыс болар алдында адам өзінің денесін өртеуге рұқсат берсе немесе оның туысқандары мәйітті өртеуді тиімді деп санаса ғана кремацияға жол берілу керек.
Өмір Шыныбекұлы, тарихшы:
– Қазақстан көп ұлтты және көп конфессия-лы мемлекет. Сондықтан да елімізде тұратын өзге ұлттар діни наным-сеніміне құрметпен қарауымыз керек. Ал егер, олардың ұстанған діндерінің шарттарына мәйітті өртеу қайшы келмесе, оларға крематорий пеші керек болса, онда не себепті қарсылық танытуымыз керек? Бірақ, крематорий құрылысы үшін мемлекеттік бюджет қаражаты жұмсалмауы тиіс.
Ата Заңымызда «Қазақстан Республикасы зайырлы мемлекет» деп танылғанымен, қазақ халқы үшін мәйітті өртеу – ұстанатын қасиетті дініміз Исламға қарсы шығу деген сөз. Бұл онсыз да қоғамымызда асқынып тұрған діни ахуалды өршітері сөзсіз.
Ислам атын жамылған әсіредіншілдер осы жағдайды пайдаланып, жастарымызды қазақ халқы мың жылдан аса ұстанып келе жатқан дәстүрлі исламнан бездіріп жіберуі мүмкін.
Сәндібек Сүлейменов, қала тұрғыны:
– Өз басым өлікті өртеу дегенге түбегейлі қарсымын. Ықылым заманнан қазақта мұндай жоралғы болмаған. Теледидардан көріп, естіп жатамыз, кейде тіптен қорқамыз. Қазір заң деген күнде өзгереді де жатады. Аяқ астынан бір депутат көтеріп, ойда-жоқта қабылданса не болмақпыз? Өлгеннен кейін денемізді өртеп жібереді ме сонда? О заман да, бұл заман, естімеген елде көп демекші, адамның күлін суға ағызғанды немесе құтыға салып сақтағанды қай қазақтан көрдіңіз? Үйренген деген осы екен деп, шетелдегі не болса соны бізге іле берудің қажеті қанша? Менің ойымша, қазақ «қазақ» болып тұрғанда мұндайға рұқсат берілмеу керек. Өлікті өртеу деген тірі адамды азаптағанмен пара-пар.
Түйін:
Осы орайда Абай атамыздың «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең..» деген өлең жолдары ойға оралады. Яғни, қазақ халқы қай заманда да өлген адамның денесін жерге табыстаған. Ал, Жапония мен Үндістан елдерінде мәйітті өртеу дәстүрі бар. Қытай, Швеция елдері мәйітті өртеп жіберуге мәжбүр. Ресейде алғашқы крематорий 1918 жылы салынып, бүгінде оның саны 17-ге жетсе, Жапонияда – 11 мың, Чехияда – 80, Венгрияда – 60 крематорий жұмыс істейтін көрінеді. Кезінде Мәскеуден Дінмұхамед Қонаевқа Алматыда крематорий салуға нұсқау берілген. Алайда бірінші хатшы дінімізге жат дәстүрді қолдамаған. Осылайша ол «Өлікті өртеу қажет» деген орталықтың шешіміне қарсы тұрған. Бұл мәселе, 2004 жылдары да көтерілген болатын. Ол кезде де жүзеге аспады. Міне, енді араға тағы да 10 жыл салып бұл мәселе талқыға түсуде. Десек те, «Әр елдің салты басқа…» демекші, пұтқа табынушылардан қалған бұл дәстүрдің – әруақты қорлаған болып саналатынын ұмытпайық.
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ
«Оңтүстік Рабат», №33, 13.08.2014