Мал баққан ел жылыжай сала бастады

Бәйдібек ауданының тұрғындары негізінен мал бағып күнелтетін ел. Енді міне, құрылысы мен жұмысы қиын көрінетін жылыжай ісімен айналысып, кәсіп етуге де диқаншыларымыз машықтанып келеді.

Тынбай ізденіп, білмегенін үйреніп, білікті мамандармен тәжірибе алмасып еңбек ететіндер әрқашан қиындықты еңсеріп, үлкен жетістікке жетеді. Істің көзін таба білгендердің алды – береке. Ал, еңбекқор жандардың арасында ер азаматтармен қалыспай тірлік етіп келе жатқан нәзік жандылар санының артуы қуанышты жағдай. Осындай нәзік жанды кәсіпкер, Алғабас ауыл округі, Таңатар ауылының тұрғыны, «Мұрагер» ЖК-нің төрайымы Айнұр Мықтыбекованың ісі өзгелерге үлгі.

33-020

Айнұр Сәменбекқызы тұрғын үйінің алдындағы бос жатқан үйіргелік жерін кәдеге жаратуды біраздан бері ойлап жүреді. Алдында мал азығы ретінде жоңышқа еккенімен оған су тапшы болады, әрі гектарлап екпегеннен соң жарытып пайда да бола қоймайды. Агроном мамандармен ақылдаса келе, ең тиімдісі жылыжай салу керектігіне тоқталады. Осылайша Сарыағаш ауданынан екі маманды шақырып, 3,5 млн теңгеге үйінің алдындағы алақандай аумақтан 12 соттық жылыжай салып алады. Биыл сынақ ретінде 60 мың теңгеге қиярдың түркиялық «Орзу» деген түрінің 5 мың дана көшетін егеді. Бұл сорттың ерекшелігі – қиярдың сырты жылтыр болады және жақсылап баптасаң бір түбінің өзі 6 келіге дейін өнім береді. Осылайша мамыр айының 4-іне егілген көшет, маусымның 15-іне жемісін бере бастайды. Бір түйір тыңайтқыш берілмегеннің өзінде, жылыжайдан күнәра 200-250 келі қияр жиналып, осы уақытқа дейін 5 тоннадан астам өнім алыныпты. Әлі жылыжайдан тамыздың орта тұсына дейін 3-4 тонна қияр жиналады деп күтілуде. Алынған өнімді ауыл тұрғындарынан бөлек, Шымкент қаласындағы көкөніс сататын ірі сауда орындарына келісін 85-90 теңгеден өткізуде.

Енді кәсіпкер тамыздың 15-іне қиярдың «Дария» деген сортын егіп, қарашаның аяғына дейін өнім алмақшы. Ал келесі жылы осы орынға қызанақ егу ойында бар. Сондай-ақ, үй ауласынан тағы 2 соттық жерге жылыжай тұрғызып, оған құлпынай егуді де жоспарлап отыр. Мақсатына жетуге талпынған жан мұнымен де шектеліп қалмақ емес. Енді үй ауласынан бөлек, ауыл маңындағы 15 соттық жерге тағы жылыжай салып, өнімділікті арттырып, ауыл тұрғындарын жұмысқа тарту ойында бар.

33-019

Дегенмен жылыжайдың да жұмысы оңай емес. Мұндағы көкөністі суғаруға күнәра 10 тонна су жұмсалуда. Осы уақытқа дейін өсімдіктің түбі 2 рет қопсытылып, 3 рет шөбі жұлыныпты. Ал, суғарумен қатар арасын сирету, балалап кеткен артық гүлдерін жұлу, күн ысыған кезде кленканы ашып, желдету секілді жұмыстар былайша-ақ атқарылатын іс. Шегіртке, өрмекші мен көбелектер қиярдың негізгі жауы екен. Оларға қарсы дәрі шашып, үздіксіз күресіп отырмаса еткен еңбегіннің зая кеткені. Сондай-ақ, көкөністі үсітіп алмай, қажетті өнімді алу үшін қыстыгүні 60 тоннаға жуық қатты отын керек екен. Бұл жылыжайда қазір сарыағаштық білікті диқаншылар, осы салада 10 жылдық тәжірибесі бар Е.Сарыпбеков пен Қ.Байтөреева жұмыс істеп, істің қыр-сырын жергілікті кәсіпкерге үйретуде.

– Негізі қиярды күтіп-баптай білсең, 4-5 айға дейін өнім алуға болады. Жылыжайға тек қызанақ пен қиярды ғана емес, сонымен қатар құлпынай, сарымсақ, қырыққабат, бұрыш, баялды, аскөк, қозықұйрық секілді көптеген көкөністерді егуге болады, – дейді диқаншы Е.Сарыпбеков.

Диқаншы Ержан Мұсаұлы үйренемін деген адамға өз көмегін аянып қалмақ емес. Сондықтан ынтасы бар тұрғындар осында келіп, болып жатқан істі көзбен көріп, көңілге түйіп, ауласындағы бос жатқан жерді игілігіне жаратып жатса, құба-құп болар еді.

Бағлан БАЛТАЕВ

«Оңтүстік Рабат», №33, 13.08.2014