Таяуда көлік жүргізушісінің полиция қызметкерлерінің нұсқауына бағынбау әрекеті орын алды. Мас азамат тәртіп сақшыларына қарсылық көрсеткен.
Оқиға түнгі сағат 11-ден асқанда орын алды. Тәртіп сақшыларының айтуынша, жол-патрульдік полициясының экипажы кезекшілікте жүргенде көшеден өтіп бара жатқан такси жүргізушісінің қауіпсіздік белбеуін тақпағанын көреді. Дереу көлікті тоқтатады. Жүргізушінің қасына келген полиция қызметкерлері оның мас екенін байқап, тексеруге баруды ескертеді. Дегенмен, жүргізуші мұны құлағына қыстармай, қарсылық көрсетеді.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=B3tFWpOcdFE[/youtube]
Жүргізуші спирттік ішімдік ішкен-ішпегенін анықтау үшін медициналық орталыққа тексеруге баруға келісім бермейді. Ол тәртіп сақшыларымен жағаласып жатқанда бір адам таксиді айдап кетіпті. Соны біліп алған жүргізуші өзін ақтап шыға келді.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=NJWr4DsO7JY[/youtube]
Арада жарты сағат уақыт өткен соң оқиға орнына қосымша күш келді. Полиция қызметкерлері жүргізушіні арнайы автобусқа мінгізіп, тексеру орнына алып келді. Сол жердегі мамандар бұлқан-талқан ашуланған азаматтың мас екенін анықтады. Қазіргі таңда жүргізушінің үстінен іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүруде.