Жастар қалалық қазынаға 100 мың теңге көлемінде шығын келтірді. Орталық саябақта өткен флеш-мобтан кейінгі шығынның көлемін есептеген саябақ әкімшілігі осылай деп отыр. Олардың айтуынша, су шашып ойнаған жастар елуге жуық субұрқақтың тақташалары мен суару құралдарын сындырған. Сонымен қатар, саябақтағы көгалды, бұрқақтағы суды ластаған. Ал флешмобтан кейін тау болып үйіліп қалған пластик бөтелкелерді саябақ әкімшілігі бір күн бойы жинастырыпты.
Айтпақшы, саябақ әкімшілігінің айтуынша, су шашып ойнау барысында бірнеше жастың сөмкесі қолды болып, ұялы телефондары мен бағалы заттары ұрланған. Сонымен қатар 10 адам дене жарақатын алып, жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілген деген мәлімет бар.