Полицейлер анасын іздеп жүрген баланы тауып алды

388

Таяуда Шымкенттегі бір отбасында келеңсіз жағдай орын алды. Сегіз жасар бала анасын іздеп, үйінен жалғыз өзі шығып кеткен. Үйіне қайтарда адасып қалады.

001

Сегіз жасар Мәди (бала өзін осылай деп таныстырды) өзінен екі жас үлкен ағасы және анасымен Шымкентте баспана жалдап тұрады. Анасы Ордабасы алаңы жақта балмұздақ сатып, нәпақасын табады екен. Күнде таңертең кетіп, кеш қараңғысында үйіне келіп жүреді. Сол күні Мәди анасын күтіп, шыдай алмаған соң автобусқа жалғыз өзі мініп, Ордабасы алаңына бет алады.

Келсе, анасы дүңгіршекті жауып, үйіне қайтып кеткен екен. Енді Мәди кері қайтайын десе, автобус тоқтап қалған. Сөйтіп, келген жолып шамамен еске алып, жаяу қайтады. «Имран» дүкенінің қасынан жан-жағына алаңдап, жалғыз өзі кетіп бара жатқан жас баланы сол маңдағы бекетте кезекшілікте отырған тәртіп сақшылары көріп қояды.

Қасына келіп, сұрастырғанда адасып жүргенін біледі. Сөйтіп, басшыларынан кезекші топ сұратқан. Оқиға орнына келген жол-патрульдік полициясы экипажының мүшелері бүлдіршіннен қайда тұратынын сұрай бастады. Абырой болғанда жас бала үйін біледі екен.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=_e0JiT2LodA[/youtube]

Мәдидің айтуынша, үйлері Тұрар Рысқұлов көшесінің бойында, Самал-1 шағынауданында екен. Мұны естіген тәртіп сақшылары өзара ақылдасып, баланы полиция бөліміне емес, үйіне апаруға шешім қабылдайды. Біздің түсіру тобы да полиция экипажының соңынан жүріп отырды.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=E4ExaB_elHg[/youtube]

Арада 10 минут өтер-өтпесте Мәдидің үйіне жеттік. Ағасы анасының Мәдиді іздеп кеткенін айтты. Содан әлі үйіне келмепті. Өкінішке орай, жас келіншек осыдан бір күні бұрын ұялы телефонын жоғалтып алған екен. Хабарласу мүмкін болмады. Біздің түсіру тобымыз келесі шақырту бойынша кеткен кезде полиция қызметкерлері Мәдидің анасын күтіп, сол жерде қалды.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=FfrDe8s4Mr0[/youtube]