Садақа қабылдайтын терминал пайда болды

583
Арыстан бап жатқан жерде терминал бар

Арыстан баб кесенесіне зиярат етіп келушілер көп. Әулиеге құранын бағыштап, Жаратушыдан тілегендер 70 түрлі бәленің алдын алып, ризылығының артуына садақа тастайды. Осы кесене басында жаңалық пайда болды. Ол — терминал.

Яғни, осы терминал арқылы сіз еліміздегі 37 қорға садақаңызды жолдай аласыз. Киви компаниясы бұл қызметі үшін садақаңыздың 5 пайызын алып отырады екен. Ал имамдар бұл шариғатқа қайшы дейді. Өйткені, оң қолмен берілген садақаны сол қол көрмеу керек. Ал мұнда терминалдың өзінде және екі жағында бейнебақылау камерасы орнатылған. Халық бұрынғысынша, үйренген дағдысымен садақасын жәшікке салып отыр. Олардың бірі жаңалықты қолдап, садақа қолды болмайды десе, енді бірі бұл дұрыс емес дейді.

Арыстан бап жатқан жерде терминал бар
Мүрде басындағы терминал

Нұржан Мұхтарұлы: «Терминал қойған дұрыс деп ойлаймын. Ешкімнің қолына кетіп қалмайды. Пітір-садақалар үкіметке тікедей жетеді деп ойлаймын.»

Мәрия Бақтыбаева: «Шын ниетттеніп салғанан кейін, жолданған жеріне жетеді деп ойлаймын. Бұл дұрыс деп ойлаймын.»

Ғалым Айтмаханов: «Ақша баратын жеріне бармай, басында отырғандардың қалтасына кетіп жатқан сияқты да ол. Ұят қой. Бір жағынан ыңғайсыз. Шырақшыларға сенімсіздік туып жатқан сияқты.»

Арыстан баб кесенесінің шырақшысы Нұржан Дарабаев былтыр қарашада садақа салу үшін қойылған терминалды зияратшылар көп қолдана бермейтінін айтады. Жасалатын садақаның жария болуын екінің бірі қалай бермейді екен.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=WaaGfViLAos[/youtube]

Нұржан Дарабаев, Арыстан баб кесенесінің шырақшысы: «Берген садақаң, мейлі ол 5 теңге немесе 10 теңге болсын, шын жүрекпен берген соң, ешкім көрмегенін қалайды. Негізінен, садақа жария болмауы тиіс. Бұл жерде камерадан көріп тұр. Кейде 5000 теңгелікті қабылдамайды. Түсінбейсің. Сосын салып жатқан адам менің салып жатқан садақамды қабылдамай қойды ма деп ренжіп жатады. Ондай да жағдай болып жатады.»

Ал о баста садақаның тіке жолдануы мен жемқорлықтың алдын алу үшін қойылған терминал дәл қазіргі уақытта шырақшының айтуы бойынша ұялы байланыс және несиелер төлемі бойынша қызмет жасап тұр екен. Тіпті, оның қызметін пайдалану үшін әулие басына арнайы аудан орталығынан келетіндер бар екен.