Қауіпті ойыншықтарды сатуға тыйым салынды. Еліміздің бас санитар-дәрігері осындай арнайы құжатқа қол қойды. Енді шілденің 10-нан бастап сапасы қауіп тудыратын өнімдерді шетелден тасымалдауға шектеу қойылып отыр.
Базар сөрелерінде тұрған өнімдерді аралап, сапалы ойыншықтарды іздеуге көштік. Сатушылардың айтуынша, ойыншықтарды Қытай мен Ресейден келісім-шарт арқылы жеткізеді. Және оның сапасы үшін арнайы құжат та бар.
Бауыржан Жұматаев, базар сатушысы: «Бұл ойыншықтардың сертификаты бар. Мұны біз қор бөлмеміз жақтан аламыз. Жылына бір рет беріледі. Ал өзге елдерден әкеліп тастайтындар да құжаттарымен келеді. Бізді санитарлық-эпидемиологиялық сараптау орталығының мамандары келіп, тексеріп тұрады. Бірақ тұтынушылардың ешқайсысы менен бүгінге дейін тауардың сертификатын сұараған емес».
Ал құжатқа аса назар аудармайтын ағайын ойыншықтарды қалай таңдайды? Балаларының саулығы үшін оны қайдан сатып алып жүр?
Гүлнәр Жақыпова, қала тұрғыны: «Ойыншықтарды дүкеннен, базардан аламын. Иісі бар қытайлық ойыншықтарға жоламауға тырысамын. Себебі балаларымның денсаулығы мен үшін қымбат.»
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=fgUBq299CcM[/youtube]
Көптің күдігін сейілту үшін біз санитарлық-эпидемиологиялық сараптау орталығы мамандарының көмегіне жүгіндік. Олар базар және сауда орындарынан алынған ойыншықтарды сол мезетте қарап шығып, өнімнің сапасын күдікке алды.
Қарлығаш Бекенова, облыстық СЭСО РМҚК дәрігер-зертханашысы: «Сатылымдағы ойыншықтардың сыртында қорабы болуы керек, бұл ойыншықтарда қорап жоқ. Одан кейін ойыншықты қолданудың нұсқауы болуы керек. Және бөгде иісі бар, бұл шетелдік өндірушілер ойыншықты жасар кезде түрлы қоспаларды қосуы мүмкін.»
Мүмкін. Сондықтан сараптау орталығының басшылығы көпшілік үшін акция қолға алған. Енді жерлестеріміз күдіктенген ойыншықтарды апарып, сапасын тегін тексерте алады.
Раушан Қасымқұлова, облыстық тұтыуншылардың құқықтарын қорғау департаментінің бөлім басшысы: «Сертификаты бар ойыншықтардың бәрі қауіпсіз деп айту да мүмкін емес. Себебі олар жаңағы әр түрлі өндірістік заттар немесе химиялық заттармен бірге тасымалданып, бір жерде сақталуы мүмкін. Және зиянды ойыншықтардан балалар көрмей қалуы немесе құлағының мүкісі болатын ауруға душар болуы ғажап емес. Себебі дыбысы қатты ойыншықтар зиян. Және аллергиялық аурулар да туындайды.»
Айта кетейік, соңғы 2 жылдың ішінде облысымызда екі жүзден астам ойыншық түрі зертханалық тексеруге берілген. Оның жүзден астамы талапқа сай емес деп танылыпты.