Шымкенттегі «Көрме» орталығында кәсіпкерлікті қолдау мақсатында өңірлік форум өтті. Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шарада облысымыздағы отандық өндірушілер мен екінші деңгейлі банктер көрме ұйымдастырып, кәсіпкерлерге өз қызметінің тиімділігін түсіндірді.
Көрмеге ұлттық компаниялар мен даму институттары сондай-ақ, екінші деңгейлі банктер қатысты. Мақсат біреу — кәсіпкерге мемлекет тарапынан жасалатын барлық қолдауларды жіті түсіндіру. Шетелдік инвесторларды тарту да бағдарлама шеңберінде қаралған. Сондықтан болса керек, Оңтүстікке келіп іс бастауға көп шетелдік құмбыл болып отыр.
Сами Ослы, Түркиялық кәсіпкер: «Түркияда тоқыма өндірісі өте жақсы дамыған. Енді осы тәжірибемізді Оңтүстік Қазақстан облысына да үйретсек дейміз. Мұнда бір аптадан бері жүрміз. Бізге ұнады. Оңтүстік — мақтаның отаны саналады екен. Әрі қажет инфрақұрылымдар мәселесі де жолға қойылып келеді. Енді қолда барды дұрыс ұқсатып, осы жерден жоғары сапада мата, жіп өндіріп шығарсақ дейміз. Осы жұмысты бастау үшін Түркиялық инвесторларды шақырмақпын. Сонда сіздер Ресей, Еуропаға тауар экспорттай алатын боласыздар».
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=11gHsuda6zo[/youtube]
Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында екінші деңгейлі банктер де көмек қолын созуға даяр. Қаржы институттары бүгінде мемлекеттен бөлінген 3 миллиард теңгені кәсіпкерлікті дамыту үшін беруді бастады. Бір ғана «Даму» қоры сол қаржының 100 миллионын 6 пайыз үстеме ақымен несиеге бере алады.
Жиын соңы үлкен форумға ұласты. Нақ осында кәсіпкерліктің көсегесін көгертпей жатқан мәселелер мен шешу жолдары айқындалды. Кәсіпкерлерді бірігіп жұмыс істеуге шақыратын бұл шара енді шалғай ауыл-аймақта жалғасатын болады.