Шымкенттегі төртінші аудан Қаратау деп аталды

Жақында ғана Шымкентте төртінші аудан құрылатыны жарияланған болатын. Оның ең басты себептерінің бірі — қала аумағы былтырдан бастап ұлғайды. Тиісінше, халық саны мен жер көлемі артты.

00121

Осыған орай облыс әкімдігі мен өзге де тиісті қызметкерлер бүгін Шымкентте жаңа ауданның атауын таңдауды ұйымдастырған болатын. Қаладағы балалар мен жасөспірімдер сарайында қоғамдық тыңдау өтті. Оған әкімдер, бөлім басшылары мен мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар және барша қала тұрғындары қатысты.

Төртінші аудан - Қаратау

Мархабат Байғұт
Мархабат Байғұт

Төртінші ауданға ат қою жиынында, ә дегеннен, белгілі қаламгер Мархабат Байғұттың ұсынысы елді елең еткізді. Жаңа ауданға «Күншуақ» деп ат берейік деген жазушы ағамыз, кейіннен «Төртінші ауданның аты — Қаратау болсын» деді.

Мархабат Байғұт, облыстың құрметті азаматы, қаламгер: «Қаратау деген — ол барлық атаулардан биік, барлық атаулардан көне, барлық атаулардан тарихи атау. Қаратау дейтін атау — ол қазақтың тағдыры, ұлттың тағдыры. Қаратау — ол біздің тарихымыз. Қаратау — қара шаңырағымыз біздің. Қаратау деген атау, шынын айтқанда, біздің үлкен облысымыз Оңтүстік Қазақстанда жоқ екен.»

Тыңдауға келген көпшіліктің тең жартысы жаңа ауданды «Астана» деп атауды ұсынды. Мұны олар Елорданың күнгейдегі «Астанамен» жалғайтын көпірі іспеттес болсын дегенімен түсіндірді. Дегенмен, бұл ұсынысты облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов құптамады. Ол кісі «Астана» атының жалғыз да қадірлі болуы қажеттігін түсіндірді.

Төрағаның сөзін қала әкімінің орынбасары Баһадүр Нарымбетов те қолдады. Ол болашақта болуы мүмкін кейбір түйткілдерден тосылды ма екен, кім білсін, «Астананы қоқыс қаптап жатыр», «Астана өйтіпті, бүйтіпті» деген атаулардан сақтану үшін Елорданың атауын «кірлеткісі» келмейтінін астарлап жеткізді.

Төртінші аудан - Қаратау

Төртінші аудан - Қаратау

Төртінші ауданды Мәртөбе немесе Алаш, я болмаса, Бөкейханов, Болашақ деп атайық деп ұсынғандар да болды. Мүмкіндікті пайдаланып, осы қаланың тұрғыны ретінде жеке ұсынысымды мен де жеткіздім. Күлтөбе деп аталсын дедім. Өйткені, кезінде «Күлтөбенің басында күнде кеңес» өткізген бабаларымыз нақ сол жерде бүкіл Қазақтың тағдырын шешті емес пе? Бұл бір жағынан жаңа аудандағы облыстық әкімшілік-іскерлік орталықты да меңзейтіндей. Дегенмен, көптің қалауы Қаратауға түсіп, бірауыздан қаулы қабылданды.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=_2WUMFv__a0[/youtube]

Сонымен, су жаңа ауданның атауы бар. Енді оның қарамағына қай шағынаудандар кіретініне көңіл бөлейік. Жаңа ауданның аумағы 33 300 гектарды құрайды. Құрамына 28 елдімекен кірмек. Қаратаудың шамамен 210 мыңға жуық тұрғыны болады.

Бұл ауданға 2 жоғарғы оқу орны, үш колледж, 32 мектеп пен 23 денсаулық сақтау нысаны кіреді. 5 мәдениет нысаны мен 7 спорт нысаны салынады. Жалпы, шаһардың солтүстік-шығысында орналасқан жаңа аудан кейінгі жылдары бой көтерген шағынаудандар мен Сайрам ауданынан қосылған елдімекендерді қамтып отыр.

Төртінші аудан - Қаратау

Төртінші аудан - Қаратау

Төртінші аудан - Қаратау

Жаңа атауды бекіту үшін ұсыныс республикалық ономастикалық комиссия назарына жолданды. Комиссия құптаған соң Қаратау атауы ресми түрде бекітіледі. Алла бұйыртса, Қаратау атауы жыл соңына дейін нақтылануы тиіс.