Тамыз кеңесі: «Биыл оқулық барлығына жетеді»

473
кеңес барысы

Биылғы оқу жылында оқулықтан тапшылық болмайды. Оқушылардың барлығы оқулықпен толық қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, тәжік тілінде оқитын оқушылар да алғаш рет оқулықпен қамтасыз етіліп отыр. Бұл туралы облыстың бас мұғалімі тамыз кеңесінде жария етті.

кеңес барысы

Білім беру қызметкерлерінің облыстық педагогикалық тамыз кеңесі өңіріміздің бас мұғалімі Альбина Елшиеваның баяндамасымен басталды. Өткен жылды қорытқан басқарма басшысы жетістіктерін жіпке тізіп шықты. Атқарылған жұмыстарға талдау жасап, жаңа оқу жылында алға қойған міндеттерді таныстырды. Нақты айтқанда биыл облысымызда оқушылары үш ауысымда оқитын мектептердің саны азайыпты. Былтыр 32 білім мекемесі үш ауысымда сабақ берсе, биыл олардың қатары 20 мектепке дейін азайып отыр. Сондай-ақ, лай кірпіштен салынған білім ордаларының да қатары азайған.

Мектеп табалдырығын биыл 66 384 оқушы аттайды. Бір қуантарлығы, оқушылар оқулықтан тапшылық көрмейді. Облыстық білім басқармасының басшысы Альбина Балғабайқызының айтуынша, биыл оқулықтармен қамтамасыз ету бойынша ешқандай проблема болмайды.

Альбине Елшиева: «Бүгінгі таңда 100 пайыз деп айтуға болады. Тек бір ауданымыз — Сарыағаш ауданы жұмыстың орындалу барысын кешіктіріп жатыр. Бірақ, ол кісілер 1-қыркүйекке дейін толық қамтамасыз етеміз деген міндеттемеге қол қойып отыр.»

Бірінші қыркүйекте 22 жаңа мектеп ашылып, оқушыларды қуантпақ. Жаз бойына 11 білім нысаны қолданысқа берілген. Сондай-ақ, облыс бойынша 112 мектеп салынып жатыр. Мектептердегі ағымдық жөндеу жұмыстары аяқталғанымен, кейбір мектептердің күрделі жөндеу жұмыстары кешеуілдеп жатқан көрінеді. Басым бөлігі 28-тамызда жұмыстарын аяқтауға тырысып бақса, енді бірі мүлдем дайын емес. Солардың бірі — Шымкенттегі №46 мектеп. Мұны Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы Ынтымақ Мадиев былайша түсіндірді.

Ынтымақ Мадиев
Ынтымақ Мадиев

Ынтымақ Мадиев, Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы: «№ 46 мектептегі жұмыс соттың процесімен тоқтап тұр. Бұл бойынша облыстық білім басқармасына біздің тарапымыздан қайтадан мердігерді анықтау жөнінде тапсырыс берілді. Мердігер компания анықталғанан кейін қайтадан өз жұмысын жалғастырады. Ал ол мектептің оқушыларын жақын мектептерге орналастыру жөнінде жұмыс істеліп жатыр. Сондай-ақ, биыл құрылыс жұмыстары жүргізілген қырық мектептің үш мектебінде жөндеу жұмыстары аяқталмады. Олар: № 3, 15 және 40 мектеп. Олар 28-тамызға дейін барлық жұмыстарын аяқтауға уәде берді.»

Сондай-ақ, Құрсайдағы жаңа мектепте де алғашқы қоңырау соғылмайды. Жергілікті биліктегілер қанша тырысқанымен, берілген уәде орындалмақ емес. Тек қазан айында ғана құрылысы аяқталады дейді мамандар. Ал өзге аудан-қалалар жаңа оқу жылына сақадай сай.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=Hl8hypIAv-w[/youtube]

Кеңеске қатысқан Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігінің өкілі Забира Оразалиева сөз алып, ұстаздарды жаңа оқу жылымен құттықтады. Өңірдің бас мұғалімінің есебін тыңдаған ол, ҰБТ қорытындысына тоқталып, бірқатар кемшіліктерді жоюға  шақырды. ҰБТ-ның қорытындысы бойынша күнгейдің түлектері Қазақстан тарихы пәнінен төмен көрсеткіш көрсеткенін алға тартты. Талдау жұмыстарының нәтижесін арқалай келген Забира Оразалиева қазақ мектептерін бітірген түлектер орыс тілі пәнінен де төмен көрсеткіш көрсеткенін алға тартты. Әсіресе, қаймағы бұзылмаған Оңтүстіктің түлектері тарихты білмесе, елдігімізге сын деді.

Тамыз кеңесіне облыстың барлық мектеп директорлары қатысты
Тамыз кеңесіне облыстағы барлық мектеп директорлары қатысты

Кеңес соңында жемісті еңбек еткен ұстаздар марапатталды. Бірі «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» атанса, енді бірі «Ы.Алтынсарин» төс белгісін тақты. Облыс әкімінің «Құрмет грамотасы» және алғыс хаты да тапсырылды.