«Жолымызды жауып тастады». Шымкенттегі «Ынтымақ-2» шағынауданының тұрғындары осылай деп ашынып, тілшілерге хабар берді.
Айтуларынша, бұрын көше ретінде қызмет атқарған жолға біреу үй соғып, жолды жауып тастаған. «Ынтымақтағы» екі мыңдай түтіннің тұрғындары енді барар бағытына айналма жол арқылы шығып, онсыз да шаңы бұрқырап жатқан көшемен жүруге мәжбүр.
Жәмила Төреқұлова, елдімекен тұрғыны: «Жаңбырда, қарда жедел жәрдем көлігінің келуі тіпті қиын. Біз бірталай жер жаяу жүріп, алыс жақтан күтіп аламыз. Мысалы, ана жақта бір кісі өлді. Жедел жәрдем жетем дегенше қайтыс болып кеткен ол кісі. Жедел жәрдем басқа көшемен айналып жүргенде. Ертең балаларымыз сабаққа қалай барады? Батпақты күндері қалай жүреді? Оңай емес қой!?»
Мәселенің ақ-қарасын айыруға тұрғындар жеке азаматпен соттасып та көріпті. Дегенмен, үш отырыс та халықтың пайдасына шешілмеген. Өйткені, жер қожайнында жер учаскесінің заңды құжаты бар. Заңдастыру кезінде бәрін «тас қылып» бітіріп алған дейді.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=_9LLVeGY-DA[/youtube]
Бір қызығы, жолды жапқан баспананың үстінен жоғары кернеулі әлектр қуатының сымдары өткен. Бірақ оны әділ соттың өзі ескермеген.
Нұрлан Тілеш, Абай ауданы әкімінің орынбасары: «Бұл мәселені біз тағы да қарастырып жатырмыз. Мүмкін, халық өтетін жерге қаржы төлеп, сатып алатын шығармыз. Облыстық мәслихаттың депутаттары ұсыныс та жасап жатыр. Оған да қазір келіспей жатыр. Бұл жұмыстар әрі қарай жалғасады. Келешекте оның шешімін табуға жұмыс жасаймыз.»
Мәселе шешімін тапқанша жаңа шағынауданның тұрғындары шаңды жолмен айналып жүруге мәжбүр. Ал бұрқыраған шаңды басу үшін Абай аудандық әкімдігінің мамандары осы аптада орталық көшеге тас төсейміз дейді.