Оңтүстіктке білім грантының жеңімпаздары және талапкерлердің ақылы оқу бөліміне құжат тапсыруы жалғасып жатыр. Бұл үшін қабылдау комиссиясы таңғы сағат 9:00-ден кешкі сағат 18:00-ге дейін үзіліссіз қызмет етеді.
Ақшолпан Тасболатова білім грантының жеңімпазы атанды. 18 жасар ару мемлекеттік емтиханда 100 балдық көрсеткішке қол жеткіземін деп үміттенген. Алайда ұлттық бірыңғай тестілеуде жетпістен жоғары ұпайды еншіледі. Бірақ бойжеткен сәттілікке сенді. Білім гранты байқауына құжат тапсырды. Ақшолпан алғашында есімін ғаламтордағы жеңімпаздар сапынан көргенде сенген жоқ.
Ақшолпан Тасболатова, талапкер: «Алғаш білім грантының иегері атанғанымда, қуанышым қойныма сыймай, анама қарай жүгірдім. Ата-анам көрші-қолаңды үйге шақырып, айрықша атап өттік. Қазір оқуға құжат тапсырып жатырмын. М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің тоқыма өнеркәсібі бойынша студенті атанып отырмын. Өте қуаныштымын. Алдағы уақытта өз саламды жетік меңгеріп, еліме адал қызмет еткім келеді. Мен Сарыағаш ауданынынан келдім, сондықтан оқу орнының жатақханасына жайғасамын деп жоспарлап отырмын.»
Бұл сәтте көптеген талапкерлер өзге де қалалардағы жоғарғы оқу орындарын грантқа оқуға түсіп, жатақханаларына жайғасуға кіріскен. Алдымен құжаттарын реттеп, алып-ұшып жүрген жастардың қатары қалың. Ұлттық бірыңғай тестілеумен қатар кешенді тестілеудің нәтижесі бойынша білім грантын еншілегендер бар. Олар жыл бойы осы қуанышты сәттерін асыға күткен.
Сәуірбек Көпбосын, талапкер: «Дәл қазір өте толқып, қобалжып жүрмін. Расымен де студент атанғаныма қуанамын. Мен кешенді тестілеуден 40 балл жинадым, ал шығармашалықтан — 33, қоса есептегенде — 73 ұпай. Болашақта атақты дизайнерлердің бірі болып, қазақтың өнерін күллі әлемге паш еткім келеді.»
Айта кетейік, ел аумағында биыл талапкерлер үшін 34 165 мемлекеттік білім гранты бөлінген. Оның ішінде 2000-ға жуық грантты бүгінде біздің жерлестеріміз еншілеп отыр. Ал құжат қабылдау комиссиясының сөзіне сенсек, биылғы талапкерлердің балдық көрсеткіші жоғары. Былтырғымен салыстырғанда 5-6 балға артық.
Дархан Сабырханов, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің проректоры: «Былтырғымен салыстырғанда біздің университет 40-тан астам грантты артық алып отыр. Көбіне ауыл шаруашылығы, тоқыма өнеркәсібі және ақпараттық технологиялар бағыттарына гранттар бөлінген. Әрқайсысына 100-ден астам.»
Қазіргі уақытта қабылдау комиссиялары білім грантының жеңімпаздары үшін таңнан қара кешке дейін үзіліссіз қызмет етіп жатыр. Сондықтан, талапкер, құжат тапсырудан қапы қалма! Ал республика бойынша ақылы бөлімге жастар 25-тамызға дейін оқуға құжаттарын апаруға құқылы.