Жылуға аз төлегіңіз келе ме?

Жылу есептегіш құралын орнатқан тұтынушылар жылуға екі есе аз төлейді. Көп пәтерлі үйлерге ортақ жылу қондырғысын орнату мәселесін халыққа түсіндіру мақсатында Шымкентке келген ҚР Өңірлік даму миистрлігінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық департаменті директорының орынбасары Бегман Құлбаев пен «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасы Анатолий Шкарупа осылай деп мәлімдеді.

32-005

Олардың айтуынша, қондырғыларды орнату арқылы тұрғын үйдің пайдаланған жылу энергиясын нақты көлемін анықтауға және тұтынушылардың жылу төлем ақысын төмендетуге болады. Яғни есептегіш құралы бар пәтер иелері енді нақты пайдаланған жылу үшін ғана қаржы төлейді. Ал, тұрғындардың экономикалық қызығушылықтарын жоғарылату мақсатында бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде жылу энергиясы үшін есептегіш құралдары бар тұтынушылар үшін сараланған тарифтер енгізілген.

32-006

 

Айта кетейік, әзірге мұндай қондырғылар Шымкенттегі қайта жаңғыртудан өткен көпқабатты 7 үйге орнатылған. Жылдың соңына дейін тағы 293 үйді осындай жабдықпен қамту жоспарланып отыр. Мамандардың айтуынша, жылу есептегіштер үйлердің жертөлесіне орнатылады. Ал, жертөле болмаған жағдайда олар үйдің сыртына барлық қауіпсіздік шаралары ескертіле қойылатын болады. Жылу есептегіш қондырғының бағасы орта есеппен 500 мың теңгені құрамақ. Тұрғындар есептегіштің құнын 4 жылда коммуналдық төлем қабылдау орындарына тиісті шотқа қаржы аудару арқылы қайтаратын болады.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №32, 06.08.2014