Облыста «Денсаулық жолы — 2014» акциясы басталды. Тамыз айының 4-6-шы жұлдызы аралығында өтетін шара барысында дәрігерлер Сайрам, Төлеби, Түлкібас, аудандыры мен Кентау қаласына қарасты 10 ауылдың халқына тегін медициналық көмек көрсететін болады.
«Доңғалақты емхананың» дәрігерлері ауыл тұрғындары асыға күтуде. Себебі, халық жедел жәрдем көлігімен облыс орталығынан келетін дәрігерлердің көмегіне зәру.
Бұл топтың құрамында терапевт, кардиолог, эндокринолог, онколог, фтизиатр, педиатр сияқты жоғары санатты мамандар бар.
Бірінші бағытта жолға шыққан көлік 4 мыңға жуық тұрғыны бар Түлкібасқа қарасты Жабағылы ауылына келді. Тоқтағаны сол еді, дәрігерлердің бөлмесіне бас сұғып, тегін тексеруден өтуге ниеттенгендер ұзын-сонар кезекке тұра бастады.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=iJVfnqJJ6f8[/youtube]
Кезекке тұрғандардың басым көпшілігі педиатр дәрігерге келіпті. Дәрігер балаларды мұқият қарап шығып, ем-домын беріп жатты. Ал жас аналар көкейінде жүрген сауалдарды маманға қойып, жауап алды.
Фтизитр маманның басты жұмысы — өкпе тыныс жолдарын тексеру. Алайда Жабағылы ауылының тұрғындары таудың бөктерінде тұрғандықтан болар, мұнда өкпесі ауыратын науқастар жоқтың қасы.
Акцияның алғашқы күнінде жылжымалы емхана Түлкібас ауданына қарасты Жабағылы, Сайрам ауданындағы Қаратөбе, Төлебидегі Бірінші мамыр, Кентаудағы Қарнақ ауылдарында болды. Осы аралықта дәрігерлер мейлінше көп халықты тексеруден өткізуге күш салды.
Бұдан кейін акция Түлкібас ауданындағы Жыланды, Сайрамдағы Көлкент пен Қайнарбұлақ, Төлебидегі Кемеқалған, Адай, Қасқасу, Кентау қаласына қарасты Қантағы ауылдарында өз жалғасын таппақ.