Жанғали Әбішов – Сайрам ауданына қарасты Қызылжар ауылында 1987 жылы туған. Жасынан өнерге ғашық жігіт 2007 жылы республикалық «Қос шағала» ән додасында Гран-Приді иемденген. 2010 жылы облыстық Ш.Қалдақов атындағы байқауда ІІІ-орынды, осы жылы республикалық Дельфийлік ойындардың ән бағыты бойынша І-орынды жеңіп алған. 2011 жылы Астана қаласында өткен вальс падишаһы Ш.Қалдаяқовтың құрметіне арналған халықаралық ән додасында ІІ-орыннан көрінді. 2012 жылы ХV халықаралық романсиадасында жүлделі ІІІ-орынның жеңімпазы болды. Өткен жылы ел аумағында өрбіген «Қазақстан дауысы» ән жобасының финалисті ретінде көпке танылып, сайыста облыстың намысын қолдан берген жоқ. Соңғы кездері редакциямызға «Жанғали қайда жүр?», «Неге ән айтпай кетті?», «Әншіге күміс көмей Майра Мұхамедқызының өзі тәнті болған еді ғой» деген сияқты сауалмен хабарласқан оқырмандарымыз көп болды. Осыған орай өнер иесінің өзімен тілдесуді жөн көрдік.
– Жанғали, «Қазақстан дауысы» жобасында өнеріңмен жарқ етіп көрініп едің… Соңғы кезде көрінбей кеттің, қайда жүрсің?
– Иә, расында да сахнадан қол үзіп қалдым. Көрінбей кеткенімді де мойындаймын. Қазір кішігірім продюсерлік орталықта қызмет етіп жүрмін. Шығармашылықтан көз жазып қалмас үшін барымды салып, жаңа әндер іздеу үстіндемін. Жастарға арналған бірнеше ән жаздырдым. Бірақ, оны айналдыру үшін қаржы қолбайлау болып тұр. Ара-тұра тойға да шығамын. Енді күнкөрістің қамы ғой… Таныс-тамыр, көке-жәке қалтаңда қаржы болмағаннан кейін әзірге жарыққа, халықтың алдына шығудың өзі оңай емес. «Қазақстан дауысы» жобасынан соң, ауылға келіп біраз уақыт үйде жаттым. Қазір шығармашылығымды, өнерімді өлтіріп алмас үшін қайтадан қадамымды бастап жатырмын. Алла қаласа, ел алдына шығатын күн алыс емес деп үміттенемін.
– Қалай ойлайсың, «Қазақстан дауысы» жобасы әділ өтті ме? Сайыста таңдауың неге Медеу Арынбаевқа түсті?
– Әділ өтті деп санаймын. Бірақ, мен ақтық сында ең соңғы үміткер болып сахнаға көтерілдім. Сондықтан көрермендер, менің жерлестерім дауыс беріп үлгермей қалды. Маған дауыс беру жолдары жазылған сандар да соңынан белгілі болды. Соны күтіп қалған тыңдарман кейін маған хабарласып, біздің дауысымызды қабылдамай қойды деп шағымданды. Амал нешік?! Бұйырғаны осы болды, ешқандай реніш-өкпем жоқ. Ел арасында «бұл жобаға қатысу үшін қалтаң қалың болуы керек, бәрін ақша шешеді» деген пікірлер айтылып жүр екен. Оның бәрі жалған. Себебі мен қарапайым отбасынанмын, менің ол жобада танысым да, теңгем де болған жоқ. Бірақ, Алла Тағала қолдап, жеңімпаздар қатарынан көріндім. Ал Медеу ағамызды таңдаған себебім, мен жобаға жолдама алған сәтте-ақ Медеу Арынбаевтың тобын таңдаймын деп мақсат қойған едім. Өнер әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар, қазақтың мақтанышына айналған нағыз әнші ғой. Өзім бала кезден оның талантына бас иемін, үлкен құрметпен қараймын. Ағамыздың тобынан табылып, оның таңдауына ие болғанымды әрдайым мақтан етемін. Осы орайда бір назымды айтқым келіп отыр. Жобада өзге де қатысушыларды өңірдің жастар саясаты басқармалары қолдап, жергілікті басшылық қолдап, оларға жарнама жүргізді. Көптің дауысын осылай жинады. Ал біздің жастар басқармасы мұндай демеуді жасаған жоқ. Менің реттік нөмірім мен суретім бар афишаларды да өзім жасаттым, оны менің ата-анам таратып жүрді. Қалтамдағы соңғы тиындарды да сол кезде осы бағытқа жұмсадым.
– Көбіне сенің жаныңа эстрададан гөрі опера жанры жақын деп жатады…
– Тыңдарман мені өнердің осы бағытынан көп таныды. Себебі «Қазақстан дауысы» жобасында мен көбіне диапазоны кең, орындалуы қиын әндерді емін-еркін айтып шықтым. Бұл Медеу Арынбаевтың қалауы болды. Сол кісінің тікелей тапсырмасы. «Мәдина, Алмас, Нұрландардың тобы эстрада бойынша сахнаға шығады, Жанғали, халық бізден ерекше дүние күтеді, сондықтан сен өзіңді көрсететін кезді тиімді пайдалан» деп Медеу ағамыз демеп отырды, қолдау көрсетті. Мен де сол сәтті қалт жібермеуге тырысып бақтым. Бірақ, тыңдарманның қазіргі пікіріне келіспеймін. Классика мен эстраданы қатар алып жүргенмін қашанда, екі бағыт мен үшін қос қанатымдай. Бірімен шектеліп қалу деген менде болған емес. Эстрада әндерін де шебер орындауға тырысамын. Ән әлемінің мен үшін бөліп-жаруға болмайтын бағыттары бар.
– «Қазақстан дауысы» жобасында танымал әншілермен ән айтып, сахнаны әнмен тербедің. Үлкен сахнаны сағынатын шығарсың?
– Жеті ай бойы «Қазақстан дауысы» жобасында шыңдалдым. Аз-кем уақыт болса да өнердегі үлкен кісілермен жұмыс жасап, үлкен сахнаның дәмін таттым. Сондықтан болар, сағыныш сезімдері болады. Несін жасырайын?! Сахна – өнердің жұмағы дер едім. Тіпті, халықтың көз алмай, өнеріңе тәнті болып отырғанын көрудің өзі – үлкен қуаныш, бақыт. Еліміздің мақтанышы, әлемдік деңгейдегі өнер иесі Майра Мұхамедқызымен бірге ән айттым, ол кісінің аузынан тек мақтаулар естідім. Разымын. Тек тілейтінім – енді сахнаға деген сағынышым сағымға айналмай, елдің қолдауына бөлену.
– Осы жеңістен кейін саған беделді продюсерлерден ұсыныстар түсті ме? Жоба саған не берді деп ойлайсың?
– Айтпағыңызды түсіндім. Әуелі мен де сіз секілді ойладым, үміттендім. Үлкен ұсыныстар түседі деп ұзақ уақыт күттім де. Жобадан кейін ауылға келіп жаттым. Шыны керек, сайыста жүгіріп, тынымсыз дайындық деп жүріп, шаршап қалыппын. Бүгінге дейін телефонымды сөндірмеуге тырысып, хабар, ұсыныс күттім. Жасырмаймын, ешкімнен ешқандай ұсыныс болмады. Оны күтіп жүргенде талай уақыт та өтіп кетіпті. Енді ғана өзімді қолға алып жатырмын. Медеу аға ғана байқаудан соң, мені үйіне шақырып, кеңесін айтты. Жуырда бір жас таланттарды даярлайтын орталық ашуды жос-парлап жүр. Сәтін салса, сол жаққа мені ұстаздыққа шақырамын деп уәде еткен. Ал жоба маған танымалдылық сыйлады. Көпшілік көбіне той-жиындарда, көшелерде танып жатады. Және кәсіби шыңдалуыма жол ашты. Бәрінен бұрын өзімнің расында да өнер жолын таңдағанымды осы жобада сезінген шығармын.
– Өнер жолы деп қалдың, неге осы саланы таңдадың? Шоу-бизнес әлемінің талабы қандай екен?
– Жасымнан өнерге ғашықпын. Бір жағынан менің туған ағам ән айтады, өнерге бір табан жақын кісі. Мені кішкентайымнан сүйреді. Қай жерде қандай байқау болса да мені қалдырмауға тырысты. Бірге ән салып, бірге жаттығатынбыз. Мен ол кездерді ешқашан ұмытпаймын. Ағамның бағыт-бағдарының, үлкен сенімінің арқасында өнер жолын таңдадым. Ал шоу-бизнес жайында пәлен деп айту әзірге мен үшін қиын. Мен мұны онша түсінбеймін де. Және ұзақ уақыт бойы оқуда жүрдім. Шоу-бизнеске бұрылуға уақыт болмады. Сондықтан оның талабы, қыры мен сыры жайында әзірге білетінім аз. Бірақ, бір білетінім өнер жолы – оңай емес, әсіресе мен сияқты сенгіш адамдар үшін. Көбіне айтқан сөздерге сеніп, соңынан опық жеп жататын кездерді бастан өткергенмін.
– Көп уақытты оқуға жұмсадым дейсің… Музыкалық білімің бар ма?
– Әрине, 2005-2009 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан саз колледжінде, 2009-2013 жылдар аралығында Қазақ Ұлттық өнер университетінде ән саласын меңгердім. Менің бала күнімдегі арманым – тірі, жанды дауыста ән айтқанда халықтың алдында ұялмау. Себебі менің ойымша, кез келген әнші үшін музыкалық білімді арттыру артықтық етпейді. Қайта сауатын ашып, оның шебері болуына септігін тигізеді.
– Әншіге танымал болу үшін не қажет деп ойлайсың?
– Қазіргі қоғамда ең алдымен ақша қажет. «Ақшаң болса қалтаңда, микрофонды ал да ән айт» деген «мақалдың» дәурені жүріп тұр. Қалтасы қалың, көке-жәкесі барлар өздерін теледидар арқылы жарнамалай береді, бейнебаянын айналдырып әп-сәтте әнші болып шыға келеді. Қынжылтатыны – бүгінгі заманда жанды дауыста ән айту деген қалып барады.
– Отбасың туралы айтып берсең?
– Мен қарапайым отбасынанмын. Әкем Қалдарбек – жүргізуші, анам Айткүл 30 жыл құс фабрикасында қызмет еткен жан. Қазір зейнеткер. Қарлығаш есімді әпкем бар. Мейірғали, Ерғали, Нұрғали атты ағаларым менің асқарларым. Әрине, отбасын құру ойда бар. Бірақ, әзірге шығармашылығымды басты орынға қойып отырмын.
– Алға қандай жоспар қойып отырсың?
– Арманым, жоспарымның барлығы да шығармашылығыммен байланыс-ты. Алдағы күндері халықтың жанына жылу сыйлайтын жаңа әндер жазып, оған бейнебаян түсірсем деген ниеттемін. Танылсам деймін. Болашағымды Алматы қаласынан көремін. Себебі шоу-бизнесте өз орныңды тауып, көпке көріну үшін Алматыға кетуге тура келетін сияқты. Халықаралық сайыстарға қатысып, жаңа жобалардың жеңімпазы болуды қалаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Мөлдір Бекеева
«Оңтүстік Рабат», №35, 27.08.2014