Құдыққа телмірген қайран ауыл…

Қазығұрт ауданына қарасты Аманкелді ауылының тұрғындары ауызсуға аса мұқтаж. Олар осы уақытқа дейін күнделікті тіршілік нәрін ауыл іргесіндегі жалғыз құдықтан тасып ішуде. Бұдан бес жыл бұрын елді мекенге аудан әкімдігі су жеткізіп берген. Алайда тіршілік нәрі ішуге жарамсыз болып шығыпты.

39-018

Енді амалы таусылған жұрт сол жарамсыз суды тұтынуға мәжбүр. Ауыл маңындағы жалғыз құдықтан су алуға келген жұрт кезекке таласып, төбелесіп қала жаздайды екен. Салдарынан әлсізі әліптің артын бағуға тура келеді. Көбіне Гүлнәр Тұржанова секілді әйел адамдар ерлердің артында қалып қояды. Сөйтіп, жер асты суының шамалы болса да жиналғанын күтетін көрінеді. Құдықтың басында екі сағат күтіп, тіршілік нәрін шелектеп жинайды. Оны есекке артылған көліктің резеңке камерасына құяды. Үйге апарып тұндырып, ас-ауқатқа пайдаланады екен. Гүлнәр апай құдық басында кезекке тұру әсіресе жазды күндері қиындау екенін айтады. Өйткені, 40-50 градус ыстықта бас-тан күн өтіп, қан қысымдары түсіп кетеді. Соған қарамастан бір құлап, бір тұрып кете беретін көрінеді.

Бүгінде Аманкелді ауылында 100-ге жуық тұрғын үй бар. Елді мекен халқы қазірде тіршілік нәріне телміріп отыр. Себебі, олар ес білгелі суды осы жалғыз құдықтан тасып ішуге мәжбүр. Әзірге жергілікті халық құдық суын үйді-үйге тасымалдауға кәдімгі есекті пайдаланады. Оның өзі таптырмас жануар.

Аманкелдіге таза су жеткізу мақсатында 2009 жылы бұрынғы су жүйесіне ағымдағы жөндеу жүргізілген. Ол құбырға тіршілік нәрі осы маңдағы «Мырзакелді» жер асты бұлағынан келіп құяды. Бірақ, сол судың өзі жарамсыз. Оны растайтын құжат та бар.

39-017

Ауыл ақсақалы Махамбет Бейсебаев: «Су мәселесімен аудан әкіміне 5 рет бардық. Одан оң нәтиже болмаған соң облыс әкіміне де барғанбыз. Өңір басшысы бұл мәселеге қанық. Әзірге аудан мен облыс басшылығынан еш қайыр болмай тұр», – дейді.

Бүгінде елді мекен тұрғындары жарамсыз суды ішуге емес, тек тұрмыстық су ретінде пайдаланады. Бұл мәселеге қатысты Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Бахтияр Мамаев: «Судың ащы екенін білеміз. Ол жерге былтыр «мембрана» су тазартқыш қондырғысын орнатуды жоспарлап, биылға қаржысы қаралып, жеңімпаз анықталған соң, екі аптаның көлемінде оны қойып, орнатып береміз. Сол қондырғы орнағанша, аманкелділіктер ауылдың жанындағы құдықтан су іше тұруға тура келеді», – дейтін мәлімдеме жасады.

«Оңтүстік Рабат», №39, 24.09.2014