Үйлеріңізді өрттен сақтаңыздар! Шымкент қаласының төтенше жағдайлар басқармасы тілсіз жауға қарсы түсіндіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Өртке қарсы қызметтің мамандары бұл жолы Қайнарбұлақ саяжайына барып, халықпен кездесу өткізді.
Тілсіз жаудан жапа шеккендердің бірі — Тәліпбаевтар отбасы. Жаздың соңында түнгі сағат екілер шамасында үйлерінен өрт шығып, әрең ауыздықтапты. Электр желісінен ұшқын пайда болып, үш бөлмелі үйі өртке оранған. Абырой болғанда адамдар аман. Алайда, қызыл жалын үй иесін 500 мың теңге шығынға ұшыратып кетіпті.
[youtube]http://youtu.be/VCrtbFCWDn8[/youtube]
Қалалық төтенше жағдайлар басқармасы мамандарының сөзіне сүйенсек, Қайнарбұлақ саяжайында өрт жиі орын алады екен. Осыны ескерген төтеншеліктер арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мұнда қыста пешке от жағатындар көп. Ал ол қауіпті. Сондықтан мамандар халыққа сақтық шараларын үйретті, арнайы парақша таратты.
Нұрғали Жүнісов, мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы: «Қайнарбұлақ ауылында биылдың 8 айында 10 өрт оқиғасы орын алып, 3 адам қаза тапқан. Сол себептен түсіндіру жұмыстарын осы жақтан бастадық.»
[youtube]http://youtu.be/itR6ThmJLTU[/youtube]
Дерек бойынша, жыл басынан бері облыс аумағында 497 өрт оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе аз көрсеткіш. Осындай түсіндіру жұмыстарынан кейін тілсіз жаудың қатары 20-30 пайызға сирепті.