Ағасының сүйегін тапты

Бірақ, оны елге әкелуге көмек қажет

Созақ ауданынан 1942 жылы соғысқа аттанып, содан хабар-ошарсыз кеткен жауынгер Сейдуәлі Сәрсенұлы Әбдішүкіровтың сүйегі табылды. Ол осы аудандағы Қаратау ауылында 1923 жылы дүниеге келген. Батыр бабамыз Ресейдің Ленинград облысы Киров ауданы Невский пятачок деп аталатын майдан алаңында неміс басқыншыларына қарсы кескілескен ұрыста ерлікпен қаза тапқан.

35-011

Сейдуәлі Әбдішүкіров 1942 жылдың жазында әскерге әкесі – Сәрсен Әбдішүкірұлы және әкесінің інісі Жұмабекпен бірге аттанған. Ағайынды Әбдішүкіровтердің үшеуі де соғыстан оралмаған. Хабар-ошарсыз кеткендердің сапында болған. Тек 1997 жылы Жұмабек Әбдішүкірұлының Польша жерінде қайтыс болып, сондағы «Бауырластар» зиратына жерленгені белгілі болады.

Ал биыл, шілде айында Ленинградтан Созаққа хат келді. Онда Ленинград маңында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде жауынгердің сүйегі және медальон (гильза ішіне оралған хат) табылғандығы, медальон иесі Сейдуәлі Сәрсенұлы Әбдішүкіров екендігі айтылады. Жауынгер медальонға өзінің атын және анасы Жібектің де есімін жазыпты.

Созақ ауданындағы Қаратау ауылдық округіне қарасты Ақсүмбе елді мекенінде тұратын, жасы сексеннен асқан, тыл және Еңбек ардагері, 12 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген алтын құрсақты ана Сәрсен Әдбішүкірұлының қызы, Сейдуәлінің туған қарындасы. Біз Қанымкүл әжейді іздеп барып, ағасының сүйегін қалай тапқанын сұраған едік.

35-012

– 1942 жылдың көктемінде біздің үйдегі еркек кіндіктінің бәрін әскерге әкетті. Әкем Сәрсен, ағам Сейдуәлі және әкеммен бірге туған інісі Жұмабек үшеуі бір күнде шақыртылды. Ол заманда бүгінгідей техника қайда, ауданға атпен, түйемен барады. Әскерге кетіп бара жатқан әкелеріміз бен ағаларымызды енді қайтып тірі көреміз бе, көрмейміз бе деп әскерге аттанған күні біз де ілесіп шықтық.

Жол бойында неше түрлі жоқтау өлеңдер мен қисса-дастандар айтылады, сай-сүйегіңді сырқырататын зарлы жылаған дауыстар, – дейді сол күндерді қинала еске алған Қанымкүл әжей. – Сол жылы мен 9-ға толып, 10-ға аяқ басқан жас қыз едім. Жас болсам да сондағы көріністер кеше болған оқиғадай әлі күнге көз алдымда. Бір жерлерге келгенде: «Ал, енді жолайырыққа келдік, осы жерден қоштасайық!» деген дауыстар шығады. Аттар байланып, түйелер шөгеріліп, құран оқылып, бабаларға сыйынып бата жасалады. Көрісіп, құшақтасып қоштасамыз. Олар жүре бергенде біз де ілесе қозғаламыз.Әкелеріміздің үзеңгісін етігімен қоса құшақтап атпен қатарласа жүріп отырамыз. Тағы біраз жүрген соң тағы тоқтайды. Біз оларды, олар бізді қимай тоқтайды. Үлкендер басу айтып, енді осы жерден қайтыңдар десе де ұзақ ердік.

35-013

Әкем Сәрсен ескіше сауат ашқан, момын адам еді. Ағам Сейдуәлі жаңаша сауаты бар, көзі ашық, орақ тілді, тік мінезді жан болатын. Арттарынан ерген елдің біраз әурелеп қалмайтынына көзі жетті білем, көпшілікке қарап сөз сөйледі.

«Айналайын, бауырлар! Біз елімізді, жерімізді қорғауға аттанып барамыз. Біздің жеріміз – Қаратау бауыры, мына өздеріңіз тұрған. Біздің еліміз – мына тұрған өздеріңіз! – деді. Ер болып елді қорғау біздің парызымыз еді. Ел болып, елдің бірлігін ойлау – Сіздердің парыздарыңыз еді. Біз өзіміздің парызымызды орындауға аттандық. Енді сіздер де өз парыздарыңызды орындаңыздар! Сіз бен біздің арамызды соғыс деген үлкен дария бөліп тұр. Сол дариядан аман-есен өткен келеді, дәм тұзы таусылғандар кетеді», – деді де атын бұрған күйі шаба жөнелді. Осы сөздерден кейін олардың соңынан ешқайсымыз да бір қадам жүрмедік. Кейін қайттық.

Елде қалған аналарымыз ақтық демі қалған Сейдуәлі айтып кеткен елдік парызға адал болды. Соғыспен қатар келген ашаршылықтан аман өтіп, осы күнге жетуіміз солардың арқасы еді.

Сол кеткеннен әкем мен ағам мол кетті. Артында әкеміздің шешесі Оңал, анамыз Жібек, мен және сіңлім Ибакүл, немере інім Сәбет қалдық. Менің әкем Сәрсеннен ұл қалмады, ал Сейдуәлі үйленбеген күйі кетті.

Жақында «Ленинградтан ағаңыздың сүйегі табылды» деген хабарды естігенде «Сүйінші, ағаң соғыстан аман оралды» дегеннен кем қуанбадым. Өйткені мен әкем мен ағамның хабарын өмір бойына күтіп келе жатқан жан едім.

Сүйегін алып кетулеріңізге болады дегенді естіген соң, соны елге жеткізіп, Жиембет бабасының қасына қойып, басына ескерткіш орнатып, құран арнасақ өшкеніміздің жанып, өлгеніміздің тірілгені болар еді деп ойлаймын. Әйткенмен, бауырымның сүйегін елге жеткізу бір адамның қолынан келер іс емес екен, – дейді әжей қамығып.

Біз «Алтын алқа» иегері, тыл ардагері Қанымкүл Сәрсенқызына жергілікті билік қолдау көрсетеді деген үміттеміз.

Бет қатталып жатқанда:

Қанымкүл әжейдің әңгімесі нөмірге дайындалып жатқанда Теріскейден жақсы жаңалық жетті. Әжені Созақ ауданының әкімі Аманғали Аймұрзаев қабылдап, батыр бабамыздың сүйегін елге жеткізуге жәрдем беретінін жеткізіпті. Айта кетейік, Қанымкүл Сәрсенқызы Ленинград облысы басшылығы тарапынан шақырту алған болатын. Ондағы мақсат – соғыста қаза тапқан Сейдуәлі Әбдішүкіровтың сүйегін туған қарындасы Қанымкүл әжейге табыс етпек.

«Оңтүстік Рабат», №35, 27.08.2014