Қыркүйек айының соңы таяса да мектеп мәселесі бітпеді. Шымкент қаласына қарасты Айкөл ауылында мектеп көкейтесті мәселеге айналған. Ауылдың бүлдіршіндері іргетасы 1962 жылы қаланған екі бөлмелі ғимаратта білім алады. Бастауыш сыныптың оқушыларына бір бөлмеде сабақ өтеді.
Айкөл ауылы Шымшаһардан бар болғаны 15 шақырым қашықтықта. Бұған дейін Сайрам ауданының құрамында болып келген елдімекен әлеуметтік-экономикалық дамудан мүлдем кенже қалыпты. Ішуге ауызсу, жүріп тұруға қоғамдық көліктің жоғын айтпағанда, ауыл бүлдіршіндері жастарына қарамай, бір сыныпта бір ұстаздан дәріс алады.
Бүгінгі таңда бір бөлмелі ғимарата оқитын балалардың саны 15-ке әрең жетеді. Ауылдың өзге бүлдіршіндері білім іздеп, ағайындарының баспаналарын сауғалауға мәжбүр. Бірі — Сайрамда, бірі — Төлебиде, енді бір қара домалақ Шымкентегі интерната оқып жүр.
[youtube]http://youtu.be/HDGtGDNxnUc[/youtube]
Ауылдағы ағайынның ендігі арманы — балалары өзге бүлдіршіндер секілді өз құрдастарымен заманауи білім ошақтарында оқыса дейді. Өз ойларын қалалық мәслихаттың депутатарына да жеткізіпті. Ал қалалық білім бөлімі алдағы уақыта ауыл балаларын қалаға тасымалдап оқытуды жоспарлап отыр екен. Әзірге қала басшылығы тозығы жетіп, шұрық тесік болған жолдарды жөндеуге кірісіпті. Ол да болса ауылдағы ағайынның көңіліне үміт ұялатып отыр.