Шымкенттің бір топ тұрғыны балалар алаңшасының орнына сырахана салмақ болған кәсіпкердің әрекетіне наразы. Олар құрылысты тоқтатуды талап етеді. Еңбекші ауданына қарасты Алдияров көшесіндегі бірнеше көпқабатты үйдің балалары ойнайтын алаңша осыдан 4 жыл бұрын жеке кәсіпкерге сатылып кеткен.
Иесі жерді өз мақсатына пайдалану үшін нысан құрылысын жақында бастауды көздеп отыр. Ол үшін, тіпті, ойын алаңшасындағы құралдарды алып тастаған. Ал тұрғындардың айқайын құлағына да ілмегені былай тұрсын, оларға дөрекілік те танытыпты. Халықытң атуынша, жерді сатып алғандықтан, не істесем де өзі білем деп жауап берген.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=KP0Bloj9Ob4[/youtube]
Тұрғындар онсыз да соңғы кездері қаңғыбас пен маскүнемдердің мекеніне айналып бара жатқан алаңша, егер сырахана салынса, мүлдем жынойнақтың ордасы болады деп отыр. Ал осы мәселе бойынша қалалық жер қатынастары бөлімінің мамандары бұл күні төбе көрсеткенімен, жауаптан жалтарып кетіп қалды. Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары жағдайға қатысты жауапты 15 күннің ішінде айтамыз деді.
Мәлік Әбдінұров, Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары: «Тұрғындар осы құрылысқа қарсы болып жатыр. Тұрғындардан арыз алынды, сол арыз бойынша жер қатынастарына, ГАСК-ке, өзге де орындарға хат жазылып, жауабын тұрғындарға айтатын боламыз.»
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=uoO94YZriyI[/youtube]