Өз-өзіне-қол салу әлемді қатты алаңдатып отырған үлкен мәселе. Себебі, адам өлімінің 10 пайызы өзіне қол жұмсаудан болады екен. Әлемде жыл сайын 1 миллион адам өзін-өзі өлімге қиса, 100 мың адамның әр бір жиырмасыншысы өзін өлтіруге әрекет жасайтын көрінеді. Еліміздегі жағдай да көңіл көншітпейді. Себебі, 100 мың адамға шаққанда жыл сайын 26,9 суицид тіркелген. Оның 7 пайызы 16 жасқа толмаған жасөспірімдердің үлесінде.
Бүгінгі күні балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу мақсатында – бала өмірінің қауіпсіздігін қадағалау, оқушылар, ата-аналар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу, мектеп ұжымдарының жауапкершілігін арттыру сияқты бірқатар шаралар қолға алынған. Алайда, өз-өзіне қол жұмсайтын жасөспірімдердің қатары азаяр емес.
Жастар өзін неге өлімге қияды? Оларды мұндай әрекетке итермелейтін қандай жағдайлар? Жасөспірімдерді мезгілсіз «жағадан» алып, талай ананы зар жылатып, бауыр еті баласынан айырып жатқан суицид деген ауру ма? Сан мыңдаған ата-ананы толғандырып та, ойландырып та жүрген мазасыз сауалдарға жауап іздеп көрген едік.
Суицидке не себептен барады?
«Суицид» – латын тілінен аударғанда «өзін-өзі өлтіру, өзіне қол салу» деген мағынаны білдіреді. Психологтар бұл жағдай ызақорлық, агрессиядан болатынын айтса, дәрігерлер оны аурудың бір түрі деседі. Айтуларынша, суицид санадан тыс жасалатын өзара байланысты 3 себептен пайда болады. Олар:
1. Өш алу немесе жек көрушілік;
2. Депрессия;
3. Өзін-өзі кінәлау.
Жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде өз-өзін құрбандыққа шалғандардың 41 пайызы – үмiтсiздiктен, 19 пайызы – қорқыныштан, 18 пайызы – рухани күйзелiстен, 18 пайызы – отбасылық кикiлжiңнен, 6 пайызы – кәрiлiктен, 3 пайызы – ақша жоғалтудан, 1,4 пайызы – өмiрден түңiлуден, 1,2 пайызы дене бiтiмiнiң кемiстiгiнен осындай әрекетке барған.
Қазыбек Сарыбаев, Ә.Қаттани мешітінің наиб имамы:
– Өз-өзіне қол жұмсау Алла Тағалаға деген сенімнің болмағандығы мен иманның әлсіздігі. Шариғатта тағдырға иман келтіру, жақсылыққа ұмтылу деген бар. Құранда: «Қиыншылықтан кейін бір жеңілдік болады» делінген. Пайғамбарымыз бір сөзінде: «Ең үлкен күнә – Алла Тағалаға серік қосу, екінші – ата-анаға қарсы шығу, үшіншісі – өзіне қол жұмсау», – дейді. Жалпы ислам дінінде өзіне қол жұмсаған адамның жаназасы шығарылмаған, дұға оқып жерленбеген. Осыдан-ақ, өзіне қол жұмсаудың ең үлкен күнә екенін аңғаруға болады. Әрбір қиыншылықтан кейін жақсылықтың бар екенін естен шығармауымыз керек.
Түрлері қандай?
Осы ретте психологтар өз-өзіне қол салушылар 3 топқа бөлінетінін айтады. Олар: суицидке ашық, жасырын және жариялы түрде баратындар.
Шынайы суицидке өмірден түңілген, үнемі көңілсіз жүретіндер бой алдырады. Олар өмір сүрудің мән-маңызын жоғалтып, ақыры өзіне қол жұмсауға бел байлайды. Өлместен бұрын өлгісі келетіндігіне өзгелердің назарын барынша аударуға бейім тұратындарды мамандар жария-лы суицидке баратындардың қатарына қосады. Мәселен, біреумен ренжіссе болғаны қолына суық қару немесе арқан-жіп ала жүгіріп, «өлем» деп өзгелерді үрейлендіргісі келетіндер осы топқа жатады. Ал жасырын, яғни құпия суицидке өзіне қол жұмсаудың жақсы еместігін, абырой әпермейтінін жақсы түсінетін, алайда тұрмыста кездескен қиындықтан шығатын жол жоқ болып көрінетіндер барады.
Алдын алуға болады…
Қай уақытта да әрбір қатерлі жағдайдың алдын алу керек деп жатамыз. Алайда, «пәле аяқ астында» деген. Ойламаған жерден сол пәлеге тап болып, соңында бармақ тістеп жататынымыз тағы бар. Мәселен, жүргізілген зерттеулерге қарасақ, өзіне қол жұмсаған балалардың 90 пайызы тірі кезінде «Өмір сүргім келмейді» деп әйтеуір бір адамға өзінің жағдайын айтқан екен. Өкінішке қарай, олардың бұл жанайқайына құлақ асқан бір де бір адам табылмаған.
Естеріңізде болсын!
– «Мен өзіме қол жұмсаймын»;
– «Мен әрі қарай өмір сүре алмаймын»;
– «Мен ешкімге масыл болмаймын»;
– «Енді сен мен туралы уайымдамайсың» деп өз жан-дүниесі туралы жиі айтатын азаматтар жан күйзелісіне ұшырап, өзіне қол жұмсауға ниеттеніп жүргенін білдіреді.
Дегенмен суицидті зерттеп жүрген кейбір ғалымдар жасөспірімдердің мұндай қадамға баруын ауа-райымен, табиғаттың қолайсыздығымен байланыстырып жатады. «Бұл қате тұжырым. Себебі, мұның астары өте тереңде жатыр» – дейді психолог Зәурет Қабылбекова. Маманның айтуынша, басты мәселе – отбасындағы тәрбиеге байланысты.
Зәурет Қабылбекова, психолог:
– Барлық баланың қиналған сәтте ұл болса әкесімен, қыз болса шешесімен ашық әңгімелесіп, сырласа білуі өзара сенімділікке әкелетіні сөзсіз. Балаларға жай ғана киімін, тамағын тауып беру аз, олар үнемі ата-ананың жылуын сезініп, жақсы көретінін біліп өсуі тиіс. Сондықтан да ата-ана күйбелең тіршіліктен бір сәтке болса да қол үзіп, баласына уақыт бөлуі ләзім. Әке-шешесі көңіл бөлмейтін бала өзінің ешкімге керексіздігін түсініп, психологиялық күйзеліске тап болуы мүмкін.
Сондай-ақ, маман қайғылы жағдайды алдын алуға мектеп психологтарының да рөлі зор екенін айтады. Себебі, күйзеліске ұшыраған, жүйкесі ауырған баланы алдымен күнделікті сабаққа келетін ұстаздар байқайды екен. Сөйтіп, психолог баланың мінез-құлқындағы кез келген өзгеріске зер сала қарап, ата-анасының көмегімен ашық әңгімеге шақырып, себептерін анықтау сияқты шаруалардың басы-қасында жүруі тиіс. Облыстық білім басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, облыс мектептерінің барлығында психолог мамандар балалар мен олардың ата-аналарымен бірлесе жұмыс жасап, тренинг сабақтарын өткізеді. Ай сайын балалардан тест алып, ашық әңгіме жүргізеді. Дін өкілдерімен бірлесе жұмыс жасап, имамдар оқушыларға өзіне қол жұмсаудың үлкен күнә екенін түсіндіреді екен.
– Діни тұрғыдан қарағанда өз-өзіне қол жұмсау үлкен күнә болып саналады. Яғни, Алланың берген сыйы – қымбат өмірін қыршынынан өз еркімен қию харам. Сондықтан да әрбір ата-ана баласына кішкентай кезінен бастап ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүріміз, діни ұстанымдарымыз арқылы санасына өз-өзіне қол жұмсаудың қылмыс екенін, өз ғұмырын ғана қиып қоймай, ата-анасын орны толмас өкінішке қалдыратынын айтып түсіндіруі қажет. Сонымен бірге, бүкіл әулетіне қара дақ келтіретінін жеткізуі керек, – дейді Ә.Қаттани мешітінің наиб имамы Қазыбек Сарыбаев.
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ
«Оңтүстік Рабат», №37, 10.09.2014