«Баспана әперемін» деп алдаған тағы бір алаяқ ұсталды

730

Шымкент қаласының полиция қызметкерлері 43 жастағы алаяқты құрықтады. Тергеуге түрткі болған — Шымкент қаласының бірнеше тұрғыны жазған арыз. Жәбірленушілерге аса таныс емес бір әйел «Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясындаа үй алып берем деп, алдап кеткен.

001

Шымкент қаласындағы Әл-Фараби полиция бөліміне 1973 жылы туылған жергілікті тұрғын арызданған. Ол өзінің арызында 40-45 жастағы бір әйел сеніміне кіріп, «Қолжетімді баспана — 2020″ бағдарламасы бойынша оған әкімшіліктегі өзінің таныстары арқылы пәтер алып берем деп, 4 мың АҚШ долларын алып, қашып кеткенін көрсеткен.

Жедел іздестіру іс-шарасы кезінде тәртіп сақшылары қаладағы жалдамалы пәтерлердің бірінен 1971 жылы туылған азаматшаны ұстады. Бұған дейін алаяқтығы үшін сотты болған әйел жұмыс істемейді.

Қазіргі таңда тергеушілер күдікті азаматшаның бірнеше жыл ішінде осындай жолмен жасаған 6 алаяқтық қылмысқа қатысы бар екенін анықтап отыр. Ол баспана мәселесін шешіп берумен қатар жұмысқа тұрғызамын деп, қала тұрғындарына өз көмегін ұсынған. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығынның көлемі 3 миллион тенгеден асады.

Осы оқиғаға байланысты Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 177-бабы, «Алаяқтық» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынған. Тергеу амалдары жүргізілуде.