15 орынды қонақүй үш бөлімнен тұрады. Ол мысықтарға, ұсақ тұқымды және ірі төбеттерге арналған бөлімдер болып бөлінген. Әр бөлмеде үйшік, жатын орын, ыдыс-аяқ, тіпті қажеттіліктер сөресі де жеке-жеке қарастырылған. Одан өзге әр бөлмеде желдеткіш орнатылған. Алдағы уақытта қонақүй егесі теледидар да орнатпақ екен.
Бүгінде кей жандарды, әсіресе демалысқа баратын кезде, іссапарға барарда ит пен мысығын қалдыратын жердің жоқтығы мазалауда. Себебі бүгінгі заманда үй жануары былай тұрсын, тіпті көршінің баласына мейіріммен қарайтындар саны өте аз. Осы мақсатпен Шымкентте алғаш рет ит пен мысықтарға арналған қонақүй ашылды. Әрине, таңсық жағдай. Алғашында біз де «мұнысы несі?» деп таңырқаған болатынбыз. «Не де болса көзбен көрелік» деп, қонақүйге арнайы барып, небір қызыққа куә болдық.
Қонақүй қызметкерлерінің айтуынша, бұл – қонақтардың ұсынысы болыпты. Екі қабатты нысанда тек қонақүй емес, ветеринария, күндізгі стационар, зоодүкен, тіпті әсемдік салоны (груминг) да бар. Зоологиялық қызмет көрсету орталығының иесі – Владислав Клицкий. Ол 20 жыл бойы осы салада еңбек етіп келеді. Тек қонақүй иесі емес, сонымен қатар «зоответсервис» емханасының білікті дәрігері. Ветеринар алғашында «халық қалай қабылдар екен?» деген сұрақтың мазалағанын да жасырмайды. Бірақ, не де болса тәуекел деп іске кірісіпті. Қызметтің бұл түрін тұрғындар жақсы қабылдапты. Қонақүйге келушілер саны күн санап артуда екен. Айтпақшы, мұндай қонақүйлер республика бойынша тек Алматы мен Астанада бар.
Қонақүй иесінің айтуынша, үй жануарларының кейбірі алғашында мекеменің ішкі кухнясына алаңдаушылық танытып, кейін тыныс-тіршілікті өз көзімен көрген соң сеніп тапсырып жататынға ұқсайды. Солардың бірі – шымкенттік Светлана Толстова. «Шымкентте осындай орынның ашылғанына өте қуаныштымын. Бұл да қажеттілік қой. Өзім үш жылдан бері ит асыраймын. Алдағы уақытта мысық асырағым келеді. Қонақүй жобасы заманауи талапқа сай. Үй жануарын еш күмәнсіз қалдыруға болады. Мұндағы емханаға да жиі келіп тұрамыз. Әсемдік салоны да бар. Бағасы қызмет түріне сай», – дейді қонақүйге келуші. Әсемдік салоны демекші, шаштаразшы маманның қызмет барысымен танысу барысында біраз қызыққа тап болдық. Мұнда ит-мысықтарды шомылдырып қана қоймай, шаш кептіргішпен жүні кептіріліп, арнайы үлгі бойынша қырқылады екен. Тіпті тырнақтарына да ерекше күтім жасалады. Бастысы, ақшасын төлесеңіз болды…
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=6yWFYl5TVHk[/youtube]
Артық болмас білгенің…
* Иттердің есту, көру, иіс сезу мүшелері өте жақсы жетілген;
* Қолға үйретілген иттерде болатын әртүрлі жұқпалы
аурулар (құтыру, саркоптоза, трихофития) адамдарға да жұғады;
* Бүгінде дүниежүзі бойынша иттердің 400 тұқымы бар;
* Мысықтар адамдардың назарын өзіне аударту үшін ғана мияулайды екен;
* 1963 жылы Францияда ғарышқа алғаш рет мысық ұшырылған;
*** Мысықтардың көру мүшесі адамдардың көру мүшесіне қарағанда жақсы жұмыс істейді.
Осы ретте қонақүй қызметінің құны бізді де қызықтырды. Бұл сауалға жауап алмақ болып, қонақ үй иесін әңгіме тарттық.
– Шымкентте бұрын-соңды болмаған мұндай қызмет көрсету орнымен танысып шықтық. Бағасы қандай?
– Иттер үшін тәулігіне 1,5 мың теңге, ал мысықтарға 1 мың теңге алынады. Бірақ, үй жануарының иесі қажетті тағамды өздері алып келуі керек. Жануарларды қабылдау мерзімі шектеусіз. Жеңілдіктер де бар.
– Қонақүй салу туралы идея қайдан келді?
– Өзім ветеринар болғандықтан жан-жануарларға өте қатты қызығамын. Үй жағдайында ит ұстаймын. Осыдан бірнеше жыл бұрын кезекті демалысымды өзге қалада өткізетін болдым. Бірақ, итімді өзіммен бірге алып кете алмаймын. Қайда, кімге тастарымды білмей дал болдым. Осыдан кейін «неге ит пен мысықтарға арналған қонақүй ашпасқа?» деген ой келді. Бірден іске кірістім. Міне, бүгінде сол идеям жүзеге асып отыр. Өзге жақтағы әріптестеріммен тәжірибе алмасу барысында қонақүйге деген сұраныс әсіресе жаз мезгілінде көп болатынын білдім. Жылдың осы мезгілінде көбі демалысқа шығып, өзге қалаларға, тіпті шет елге де кетеді. Бізге тәулігіне екі қонақ келеді.
– Қабылдау қалай жүргізіледі? Қандай да бір талаптары бар ма? Қызмет түрлері ше?
– Әрине, біз бірінші кезекте тазалыққа мән береміз. Сонымен қатар, ит-мысықтар біздегі емхана дәрігерлерінің тексерілуінен өтуі қажет. Егер денсаулығында қандай да бір кінәрат байқалса, мәселен, жұқпалы ауруға шалдыққан жануарлар болса, ондай жағдайда ит пен мысық қонақүйге қабылданбайды. Келушілерді қабылдау таңғы сағат 10.00-ден кешкі сағат 18.00-ге дейін демалыссыз жүргізіледі. Тәулігіне екі рет тамақтандырылады. Әр күн сайын бөлме тазаланады. Иттер аулада серуендеуге шығарылады. Ал мысықтарды сыртқа шығара алмаймыз, себебі олар талдардың төбесіне шығып, сыртқа кетіп қалуы мүмкін. Айтпақшы, біздің зооқонақүй қалада жалғыз болғандықтан мұнда өзге де жануарларды, мәселен, қоян, үй құсы және тағы да басқаларын қабылдай береміз. Бірақ, олар екінші қабатта орналастырылады. Ал ит пен мысыққа арналған бөлмелер бірінші қабатта.
– Владислав Григорьевич, кешен жанында әсемдік салоны (груминг) да жұмыс істейді екен. Осы туралы айтып беріңізші…
– Салон ашу идеясы да қажеттіліктен туындады. Өйткені қалада небір адамдар бар, тіпті олардың арасында асырап отырған үй жануарына өзінің туғанындай қарап, күтіп баптайтындары да жоқ емес. Мұның бәрі жан-жануарларға деген ерекше ілтипаттан туындайды. Осы мақсатпен әсемдік салоны қызмет көрсетуге кірісті. Мұндағы маманымыз Мәскеу қаласындағы «Милорд» әсемдік орталығында тәжірибеден өткен. Арнайы дипломы бар.
Түйін:
Иә, естімеген елде көп. Уақыт өте мұндай да қажеттілік қолданысқа енеді деп кім ойлапты?! Бірақ, «клиент» келмесе, бұл кешен жұмысын тоқтатары белгілі. Демек, жануарларға деген қызығушылық бізде де бар. Әрине, ондайларға «қой» демейміз. Себебі әркімнің өз хоббиі бар. Бас-тысы, бір-бірімізге деген мейіріміміз жоғалмасын.
Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген – Әйгерім Бегімбет
«Оңтүстік Рабат», №35, 27.08.2014