«Ағайынның аты озғанша, көршінің тайы озсын» дегенді айтқан кезде бабаларымыз «ағайынмен алакөз бол» демегені анық. Көршіге көрсетілер құрмет пен ықыластың ерекше екендігін білдіргісі келген. Алланың соңғы елшісі Мұхаммед (с.ғ.с): «Көршісі аш болып, өзінің қарынын тойдырған (көршісінің басындағы қиыншылығын сезбеген) адам мұсылман емес» – деген екен.
«Көршіңізбен қалай тұрасыз?» деген сауалды қоймас бұрын, «көршіңізді танисыз ба?» деген ләзім болар. Себебі, жұмысбастылықты сылтау еткен көбіміз расында да кіммен қойымыз қоралас, ауылымыз аралас болып отырғанымызды аңғарудан қалғандаймыз. Есік пе – есік отырып, бір-біріне бас сұқпайтын көпқабатты тұрғын үйлердегілер түгілі ауласы биік қоршаумен қорғалған ауылдағылар да ауылдаспен ақылдасуды ар санайтын кезең қазір. Ақылдаспай-ақ қойыңыз, сыйласып, тату-тәтті өмір сүруге болады ғой.
Облыстың прокуроры Ибрагим Имановтың жеке мәселемен азаматтарды қабылдауында болғанымдағы мына бір көрініс маған үлкен ой салды. Қабылдау айлардың сұлтаны Рамазан айында өткен еді. Жасы елуден асыңқыраған ел ағасы кірген бойда «Мен сендерге қапамын!» деді. Мәселенің мәнісіне барсақ, көршісі (ауылдас қана емес ағайын да екен) итін атып тастапты. «Сол үшін оны қамауларың керек!» дейді жер тепкілеп.
– Итті себепсізден себепсіз келді де ата салды ма? И.Иманов мәселенің байбын анықтауға көшті.
– Жоқ, шешесі үйге келген сайын абылдап алдынан шығады. Анау таяғымен ұрады. Неге ұрасыз дедім…
– Ол итті байлап қоюға болмай ма?
– Өз итім, өзім білемін…не бопты жүрсе, есігімнің алдында жүрді ғой.
– Үлкен кісі қауып алады деп қауіптенген соң ұрған шығар итті…
– Ұрмасын! Неге ұрады?!
– Содан…
– Баласы ашуланып келді де итімді атып тастады. Ол мені де атпақшы еді. Әкесі араша түсіп ұстап қалды.
– Оның әкесі сіздің ағаңыз екен ғой?
– Иә, ағам! Ағам болмағанда анау атып тастар еді мені де…
– Яғни ағаңыздың сізге жаны ашыпты. Сіздің неге ағаңызға жаныңыз ашымайды?
– Не үшін ашуы керек?!
– Өзіңіз айтып отырсыз ғой, баласының мінезі шәлкестеу екенін. Олай болса ағаңыз сол баладан талай нәрсені көріп, қынжылып жүрген сияқты. Ал сіз итті атты деп баласын соттатып жіберсеңіз ағаңыздың көңіліне қаяу түспей ме? «Бауырым, қорғаным болады» деген сіз баласын соттату арқылы ағаңызға қайғы сыйлаймын деп ойламайсыз ба?
– Ой, құрысын. Ауылдың билері де осыны айтып, өздерінше ақыл айтады…
– Аға, қазір Оразаның кезі. Кешірім айы. Мүмкін жас баланың шәлкес бір мінезі үшін кешірім жасарсыз…көрші тұрасыздар, ертең-ақ татуласып кетесіздер…
Облыстың прокуроры барлық дәйекті алға тартты. Әлемде түрмеге қамалғандар саны жағынан Қазақстанның алдыңғы орында да тұрғанын да айтты. Түрмеге қамату арқылы қылмыскерлерді тәрбиелей алмайтынымызды да, ағайынгершілік, көрші ақысы дегеннің барын да жеткізді.
– Сен прокурорсың ғой, заң жүзінде шешуің керек. Оны қоқан-лоққы көрсетті, мені атуға оқталды дегізіп қаматуың керек! Көршісінің баласын (туған ағасының баласы екенін айтқысы келмейді) соттатпаққа ұмтылған кісі қайтар емес.
Екі жақ екі тілде сөйлесіп отыр. Прокурордың уәжін құлаққа ілмеуде. Облыстың прокуроры иманды екен. Қайран қалдым. Қаланың қатыгездеу халқы ғой дейін десем, жігіт ағасы ауылдан, Төлеби ауданынан келіп отыр. Ессіз де емес. Естияр жастағы азамат.
Екінші бір жағдай:
Шымкенттегі Ғ.Іляев көшесі бойындағы көпқабатты тұрғын үйдің белсенді тұрғыны көпке ортақ үйдің қас бетін әрлеп, сырлауға жең түре кіріседі. «Үйіміз таза әрі әдемі болып тұрсыншы» деген ниетте. Алдын-ала есептеп, өлшеп, алған сыр-бояудың құнын дәлелдейтін есеп-шот, чектерді де түгелдеп әкеп көршілерінің алдында есеп береді. Алайда, ауылдастарының біріне қас беттің сұр түсі ұнамайды. «Қызыл күлгін ету керек еді» деп тұрып алған. Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ болған осы бір қас бетті сырлау ісі ақыры ауылдастарды сотқа сүйреп тынады. Үйдің сыртқы бояуына бола сөзге келіп, бірінің абыройын бірі төккен ауылдастардың ерсі қылығы көпке ой салса екен.
Әрине, прокурорға «итімді атты» деп келген азаматтың да, үйдің сыртын сұр етіп сырлағанға қарсы шығып, өз пәтері орналасқан қабатты қызылкүлгін етіп бояп алған көршілердің де болмашы нәрсеге бола соттасып, дауласып жүрмегені анық. Жылдар бойына көршісіне деген алакөздік пен көреалмаушылық, жақтырмаушылық қордалана келіп, осылайша «жарылып» отыруы мүмкін. Бірақ, солай екен деп адамгершіліктен аттау, ауылдас-пен айтысу қаншалықты дұрыс? Сіз көршіңізбен татусыз ба? Көрші ақысын білесіз бе?
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде: «Аллаға және ақырет күніне сенсе, көршісіне қорлық көрсетпесін» дегенін ұмытпағайсыз.
Жәмила МАМЫРӘЛІ
«Оңтүстік Рабат», №36, 3.09.2014