Мектептегі ең маңызды мәселе — оқулық. Жыл сайын кезігетін бұл келеңсіздіктің Оңтүстікте әлі де оңды шешімін табар түрі байқалмайды. Оқу басталғалы 16 күн өтсе де оқулық тапшлығы шешілер емес. Ал жауаптылар қолдарындағы құжатқа сүйеніп, оқушыларды 100 пайыз оқулықпен қамтып отырғандарын алға тартады. Екі ортада кітап іздеп сабылған ата-ана мен оқулықсыз жүрген бала қалды.
Оқу жылы басталғалы оқулық іздеген ата-аналар кітап дүкендерін аралап сабылып жүр. Таңертеңнен кешке дейін кезекте тұрып, соңында іздегенін таппай кетіп жатқандары да жетерлік.
Жыл сайын үкіметтен оқулық дайындауға қомақты қаржы бөлінеді. Бірақ оқушылар өзіне керекті оқулықты саудагерлерден сатып алып оқиды. Ел қазынасынан осы салаға биылғы бөлінген ақша көлемі ғаламат.
Аслан Сәрінжіпов, ҚР білім және ғылым министрі: «Мектептерді оқулықпен қамтамасыз етуге бюджеттен 8,3 миллиад теңге бөлінген. Осылайша бүкіл өңірде оқулықпен қамту мәселесі 100 пайыз шешілген.»
Алайда министр айтқан 100 пайыздық қамтылу былай тұрсын, оқушылар сатып алатын оқулықтың өзіне қол жеткізе алмауда. Облыс орталығы Шымкенттегі барлық кітап дүкендерінде күн ұзаққа созылған кезек, кітапқа талас. Оқушылар мен ата-аналар тізімдегі оқулықтарды түгендеп әлек.
Ата-аналар балаларына жетпеген оқулықты іздеп, дүкен шарлап сабылып жүргенде облыстық білім басқармасының бөлім басшысы «Оңтүстікте оқулық тапшылығы жоқ» деп жариялады.
Дегенмен, Шымкентте бірінші сынып оқушыларына кітап жетіспейді. Мұны мектеп кітапханашылары да растаған. Осындай мәселелерді ескермеген білім басқармасының өкілі қолда бар мәліметіне сүйеніп, оқулық тапшылығының орын алып отырғанына таңырқаған кейіп танытты.
Сүндет Санаев, ОҚО білім басқармасының бөлім басшысы: «Біз ең алдымен аудандық білім беру бөлімдері берген мәліметтерге сүйенеміз. Онда Шымкент оқулықпен 100 пайыз қамтылдық деп берілген.»
Маманның айтуынша, 2012 жылы 4, 6 және 11-сыныптар, 2013 жылы 1, 7 және 8-сынып оқушылары оқулықпен толық қамтылған екен. Ал биыл 2, 3 және 10-сыныптар шет тілі пәнінің оқулықтарымен 98 пайызға қамтылғанын алға тартты. Басқарманың берген мәліметі бойынша, Сарыағаш және Мақтаарал аудандарының білім бөлімдері ғана оқушыларды оқулықпен қамти алмаған. Ал Шымкент қаласының мектептері оқулықпен 100 пайыз қамтылыпты. Ал қарапайым халықтың пікірі мүлдем басқа.
Шымкент қалалық білім бөлімінің маманы бұл проблема 20-қыркүйекке дейін шешіледі дейді. Осы аралықта қанша оқушыға қандай оқулықтың жетпегені туралы мәліметтері толықтырылып, оны қамту жолы қаралмақ екен.
Қадырхан Арысбеков, қалалық білім бөлімінің бас маманы: «Бұл мәселе шешіледі. Ертең, 20-қыркүйекке дейін қанша оқушыға қандай кітаптың жетпей қалғаны туралы сараланады. Шешіп береміз.»
Білім мекемелерінің сұранысы негізінде 2013-2014 оқу жылына 1-сыныптың 14 389 оқушысына ағылшын тілі, 2-сыныптың 12 636 оқушысына және 9-сыныптың 8 630 оқушысына оқулықтар алынған. Ал биылғы оқу жылында 3-сыныптың 14 мыңға жуық және 10-сыныптың 10 мың оқушысына оқулық алынған.
Екінші сыныптың 15 700 оқушысы ағылшын тілі оқулығымен, 6-сыныптың 11 мыңға жуық оқушысы информатика оқулығымен қамтылған. Сондай-ақ, бесінші сыныптың аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасынан шыққан оқушылары 100 пайыз оқулықпен қамтылыпты.
Алайда, бүгінде қала тұрғындарының артуына байланысты оқушы саны да өскен дейді мамандар. Бір ғана бірінші сыныпқа 19 957 бала келген. Ол жоспардан 7 431 оқушыға артық, тиісінше, оқулық жетіспейді. Сонымен қатар 5-сынып оқушыларының 20 пайызында оқулық жоқ. Бірақ бұл — кітаптарды оқушыларды ата-аналары сатып алуы тиіс деген мағынаны білдірмейді.
Қадырхан Арысбеков, қалалық білім бөлімінің бас маманы: «Оқулықтарды ата-аналар сатып алмайды, біз қамтимыз. Жетпеген кітаптарды өзге аудандардан алдыртамыз деген ой бар. Болмаса, мектептер бір-бірімен ауысады. Мысалы үшін, бір мектепке география пәнінің оқулығы жетпей жатса, ендігісінде артығымен бар. Міне, осындай сараптама жұмыстарын жүргіземіз. Сәл шыдамдылық танытса болғаны»
Ал оқулық мәселесін Астанадағы кабинетінен шықпай шешетін білім және ғылым министрлігінің мамандары оқулықтарды планшетпен алмастыруды ұсынып отыр. Олар оқулық тапшылығы проблемасын жою үшін толығымен электрондық оқулық форматына көшкен дұрыс деді. Ал әзірше қарапайым оқулықтың өзін жеткізу Оңтүстікке қиынға соғып тұр.