Жаңа оқу жылы басталды дегенше, ата-ананың да уайымы екі есе артады. Себебі, балалар ұрыншақтығы мен өз қауіпсіздіктеріне мән бере бер­мей­тіндігінен мектепте жүрген кезде түрлі дене жарақаттарын алып, ата-ананы әуре сарсаңға салып жатады.

39-010

Жарақат алса…

Статистикаға сүйенсек, еңбекке баулу, химия, физика, денешынықтыру сабақтары ең қауіпті пәндер болып есептеледі. Себебі, бұл сыныптар арнайы құрылғылармен жабдықталған. Ал, не нәрсені де қолымен ұстап, танып-білуге әуес оқушылар бұл кабинеттерде пайдалану ережесін сақтамаған жағдайда жарақат алуы әбден мүмкін.

Жасыратыны жоқ, мектептегі жарақат туралы сөз қозғағанда көпшілігіміздің көз алдымызға үзіліс кезі елестейді. Себебі, мектеп оқушыларының арасында үзіліс кезінде асыр салып ойнап жүріп, абайсызда жарақаттанып, аурухана төсегіне таңылатындар көп. Мамандардың сөзіне сүйенсек, мұндай жағдайда ұстаз немесе кезекші мұғалім бірінші кезекте мектеп медбикесіне, одан соң, болған жағдай жайында мектеп басшылығын ескертуі тиіс. Медбике өз кезегінде оқушыны мұқият қарап шығып, керек болса жедел жәрдем көлігін шақыртады. Ал, мектеп әкімшілігі оқушының ата-анасына хабарласып, орын алған келеңсіз жағдай жайында хабарлауға міндетті.

Көлік қақса…

Мектеп жасындағы балалардың жарақаты туралы сөз еткенде жол-көлік оқиғаларын айтпай кету мүмкін емес. Себебі, мектепке бет алып немесе үйге қайтып бара жатып көлік қаққан оқушылардың саны жыл өткен сайын артып отыр. Осындай жан ауыр­та­тын, кейде өмірлік қасірет шегуге апаратын оқиғаға мектеп ұжымы мен ата-ананы кінәлауға болмайды.

Мейрам Кәрібаева, мектеп фельдшері:

– Мектепте қызмет еткеніме 26 жыл болды. Маған басым, ішім, тісім ауырды деп келіп жататындар көп. Олардың барлығын үйіне жібере алмаймын. Себебі, баланың аты бала ғой. Арасында сабақтан жалтарып қалу үшін түрлі құйтырқылықтарға да баратындары бар. Егер баланың шын мәнінде дене қызуы көтеріліп, денсаулығы нашарлап тұрғанын көрсем, ата-анасына хабарласып, баласын алып кетуін және дәрігерге көрсетуін сұранамын. Ал, жеңіл-желпі аурулары барларға ем-дом жасап, 30 минуттай бақылауға аламын. 

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі жол полициясы комитетінің дерегіне сүйенсек, елімізде соңғы 6 айда жол-көлік апатынан мыңнан астам адам қаза тапқан. Мамандардың айтуынша, жол апатының 91 пайызына көлік жүргізушілер кінәлі болса, қалған 9 пайызы жаяу жүргіншілердің жол жүру ережесін сақтамағаны салдарынан орын алған екен.

Жарақаттың алдын алуға болады ма?

Енді жоғарыда аталған жарақаттардың алдын алу жолдарына тоқталайық. Ол үшін ата-аналар, мұғалімдер мен жол полициясы қызметкерлері бірлесе отырып, үш жақты жұмыс істеуі керек. Яғни, ата-ана баласына кішкентай кезден бастап-ақ, мектепте, жолда өзін қалай ұстау керек екенін ұғындыра білуі қажет. Бірінші жағдай бойынша мектеп басшылығы оқу үдерісінде са­бақ кес­тесін жа­саған кезде оқушылардың каби­нет­тен кабинетке көшуін мейлінше азайтып, кабинеттердің орналасуын жас ерекшеліктеріне байланысты жасаса, жарақат алушылардың саны да азаяр ма еді, кім білсін? Сондай-ақ, мектептегі тәртіп күшейтіліп, мұғалімдер мен дәлізде тұратын кезекшілердің өз міндеттеріне деген жауапкершілігі де қатаң бақылауға алыну керек. «Жол полициясы қызметкерлері жолда жүру ережелерін, тағы да басқа алдын алу шараларын қолға алып, семинарлар, кеңестер өт­кіз­се, түрлі бейнероликтерді мысал етіп көрсетсе, жолда жүру ережелерін кітаптағы суреттер арқылы ғана емес, іс-тәжірибе жүзінде де жүзеге асырса, қайғылы жағдайлардан сақтанып жүрер еді», – дейді облыстық білім басқармасының мамандары. Айтуларынша сонда ғана оң нәтижеге қол жеткізуге болады.

39-011

 

Ал, мектеп басшылары мен жол полициясы мамандары болса, келеңсіз жағдайлардың алдын алып, бала жарақатын болдырмау мақсатында мектептерде ашық сабақтар өткізілетінін, ұстаздар балаларды әңгімеге тартып, сыныпта қауіпсіздік ережелерін сақтау керек екенін, дәлізде, баспалдақта жүгіруге, бірін-бірі итеріп ойнауға болмайтынын түсіндіретінін айтып ақталады. Десек те, мектепте жарақат алатындардың саны азаймай тұрғаны өкінішті-ақ.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №39, 24.09.2014