Былтыр желтоқсан айының ортасында Шардара қаласын шулатқан қылмыс көзі қарақты оқырман мен көрерменнің есінде болар. Халық банкінің Шардарадағы филиалында 63 млн теңге қолды болып, күдікті ретінде 7 бірдей адам, арасында банк қызметкерлері де тұтқындалып, қылмыстық іс қозғалған еді. Енді тергеуде жатқан күдіктілердің туыстары «оларды күштеп мойындатқызып жатыр. Негізінде туыстарымыз түрмеде жазықсыз жатыр» деп шу көтеруде.
Бұл қылмысқа қатысты әртүрлі әңгімелер өрбіді, долбарлар жасалды. Мәселен, ОҚО ІІД тергеу басқармасының бастығы Нүриддин Дауыл-баев: «Біздің пайымдауымызша, банкіде біраз ақшаның жетіспеушілігі болуы мүмкін. Сондықтан сол ақшаны ұрлап, орнына қою үшін жасалуы да ықтимал. Олар бұл қылмысқа өте жақсы дайындалған. Себебі бейнекамералардың қай жерден қосылатыны, қай жерден өшіруге болатынын, қай терезеден кірсе бейнекамераға түспейтінін қылмыскерлер анық білген», – деген болатын.
Тергеу амалдарынан білгеніміздей күдіктілердің дайындығы күшті болғаны соншалық, оларға ақшаны тонау үшін бар болғаны 14 минут қана жеткілікті болса керек. Терезенің темір торын бұзып ішке кіргендер төрт дорбаға қомақты қаржыны салып, лезде із жасырған.
Алғашқы шу
Сәуір айында Шардарадағы банкті тонау қылмысына қатысты шу шықты. Ақшаны тонады деген күдікпен қамауға алынған банк қызметкерлерінің туысқандары облыстық ішкі істер департаментінің алдына жиналып, наразылық акциясын өткізеді. Ашынған жұрт қамаудағы туыстарын күш қолданып, мәжбүрлеп мойындатқан деген уәждерін алға тартқан-ды. Айтуларынша, жаза күтіп отырғандардың денесінде сау тамтық жоқ. Құдайдан жатса да тұрса да тілейтініміз әділдік деп шарқ ұрды.
Абақтыда тергеліп жатқан бір күдіктінің анасы Гүлнар Естаева: «Ұрған, соққан, көк тамырына укол салған. Баламның бет-аузының барлығы ісіп кеткен. Қолдарындағы дақ әлі кетпеген. Мен оны терезенің арғы жағынан көріп тұрмын, әлі бетпе-бет көргенім жоқ. Мына қолдары көгеріп, қап қара болып кеткен», – деп шарқ ұрып еді. Алайда, ішкі істер департаментінің мамандары тұтқындағылардың туыстары келтірген мәліметтер бойынша арнайы тексеру жүргізілетінін айтып шығарып салған.
Көктемнің сол күні зарын айтып, департаментке келгендердің қатарында күдікті ретінде ұсталған, банкке сол күні күзетке түскен Асан Жарабаевтың ағасы да бар еді. Сондай-ақ, сол банкте штаттан тыс жүргізуші болып жүрген Мұстафа Әлімжановтың анасы мен Ержан Минайдаровтың анасы да сол наразылыққа қатысып, полицейлердің күш қолданып, ұрып-соғып, мәжбүрлеп, жасамағанды жасады деп мойындатып жатқанын айтып еді. Осылайша атышулы іске қатысты наразылық орын алғанын көзіміз көрді. Сөйтсек, бұл соңғысы емес екен.
Көпірді жапты
Шындық іздеп, бармаған жері, баспаған тауы қалмаған күдіктілердің ата-аналары мен туған-туыстары өткен айда Шардараның кіреберісіндегі үлкен көпірді жауып тастады. Тәртіп сақшылары озбырлық көрсетіп отыр деген олар полиция өкілдері мен прокуратураға деген наразылықтарын осындай шара арқылы байқатуды жөн санапты. Бұл жолы да барлықтарының сөзі бір жерден шықты. Яғни, тергеуде жатқан туыс-тары миллиондаған қаржы ұрлады деген жалған жала бойынша қамалған. Күдікті ретінде ұсталғандардың кінәсін дәлелдейтін айғақ жоқ болса да, қамау мерзімі күннен күнге ұзарып барады деді олар.
Ақ матаға талаптарын жазып, ауданға кіреберіс көпірдегі қозғалысты тоқтатқандардың жанайқайы алыстан естілді. Алты айдан бері қамауда жатқан балаларын, бауырларын көре алмаған алпысқа жуық ақ жаулықты аналар мен ақсақалдар жақындарының тергеу біткенше босатылуын сұрап, көздерінен моншақтап жас ақты.
Жарты жыл өтсе де, тергеу жүріп жатыр деген желеумен жақындарымызды әдейі ұстап отыр дейді туыстары. Оның үстіне, құзырлы орган өкілдері қылмысты нақ осылар жасағанын дәлелдейтін бір де бір дәлелді көрсетпеген. Бұл аздай, жоғарыда айтылғандай ұсталған күдіктілерді қылмысты мойындату үшін азаптап, ұрып-соққан. Әділдік іздеп шаршағандардың кенеттен қан қысымдары көтеріліп, денсаулықтары күрт төмендеді. Естерінен танып, жағдайлары қиындаған соң, аналар аудандық ауруханаға жеткізілді.
Ал әділдік іздеп ереуілге шыққандарды тыныштандырмақ болған ауданның бас прокуроры «Тергеу амалдары жүріп жатыр» деген сөзді он рет қайталағаннан басқа түк айта алмады. Жолды ашпақ болған тәртіп сақшыларына қарсы тұрған халық тек аудан әкімі келгенде ғана сабырға түсті. Шенеунік жиналғандардан талаптарын облыс әкіміне жазып беруді өтініп, айтқандарын жеке жеткіземін деп уәде берді. Тергеуді созған құзырлы орган қызметкерлерінің ісін шешіп, жағдайды бақылауға аламын деген әкім сөзінен кейін ғана жиналған халық тарқаған болатын. Бұдан кейін екі сағат бойы рұқсат етілмеген ереуіл өткізгендердің он бір белсендісі әкімшілік жазаға тартылғанын да айта кетейік.
Соңғы үміт
Ішкі істер департаментінің алдына жиы-лып, одан түк шықпай Шардараның көпірін жауып, бұдан да қайыр болмаған соң 10 айдан бері дәлелін таппаған қылмыс үшін қамауда отырғандардың ет жақындары өткен сәрсенбіде редакциямызға келіп, баспасөз мәслихатын өткізді. Балаларымыз 10 айдан бері жазықсыз қамауда отыр деп тағы да көз жастарын көл етті. Бұл жолы тек өздері ғана келмей, адам құқықтарын қорғау ұйымдарының өкілдерін, қамаудағы туыстарының адвокаттарын да ала келіпті. Журналистердің сұрақтарына тұщымды жауап беріп, баспасөз құралдарының осы мәселелерді жан-жақты көтеріп, қоғамдық пікір туғызуды өтінді.
Бұлай жасайтындай да себеп бар. Міне, осымен 10 айдан бері тергеушілердің күдіктілерге қарсы іліп аларлық бір де бір дәлелдері жоқ көрінеді. Осыдан соң күш қолдану арқылы жауап алған. Қинап мойындатыпты. Бірақ, нақты дәлелдердің болмауынан іс әлі күнге сотқа өтпеген.
Жиналған топ түрмеде отырған туыс-тары мүгедек болып қалмаса екен деп тілейді. Басты уайымдары осы. Халық банкінің Шардара филиалының басшысы болған күдіктінің жары Гүлназ есімді келіншек: «Бұлар әлі жоғалған ақшаны да тапқан жоқ. Басты айғақ ұрланған ақша емес пе? Айғақ зат болмаса, кінәлары дәлелденбесе неге осынша уақыт түрмеде ұстап отырады? Біз ең болмаса заңда көрсетілген тәртіппен ақшалай кепілдік беру арқылы босатуды өтіндік. Өтінішіміз әркез қанағаттандырылмай қалды. Тергеу қашанғы жалғасады? Біз әділдік іздеп Елбасыға да барамыз. Мұңымызды бір тыңдаса сол кісі тыңдар», – дейді.
Осы күдіктінің адвокаты болса тергеу амалдары өте баяу және қалай болса солай жүріп жатқанын айтты. «Банк ғимаратындағы бейнекамераларды көруімізге рұқсат бермей отыр. Және оны дәлел ретінде өздері де пайдаланар емес. 10 айдан бері сабылып жүрміз. Мына жерге келген туыстарының қолында полицейлердің күдіктілерді ұрып-соғып, күш көрсеткенін дәлелдейтін медициналық анықтамалар бар. Барлығы да сол қамауға алынған соң түскен жарақаттар. Кейбіреулерінің жағдайы тіпті мүшкіл. Біз осыны алға тартып, бармаған жеріміз қалмады. Ешқайсысы бізді тыңдағылары да келмейді. Өтінішіміз қанағаттандырусыз қалуда», – дейді қорғаушы.
Түрмеде жатқандардың туған-туыстарына түсіністікпен қарадық. Бауырларының, балаларының темір тордың ішінде қиналып жатқанын көру кімге оңай тисін. Оның үстіне заңсыздықтар жасалып, полицейлер ұрып-соғып, қоқан-лоққы көрсетіп жатса қалай ғана әділетсіздікке төзіп отырмақ? Заң органдарына да айтылар сын көп. Күш қолдану арқылы өздеріне ұнайтын жауап алу қай кезден де бар нәрсе. Бұл әсіресе тоқсаныншы жылдардағы жабайы әдіс болатын. Өкініштісі сол, әлі де соңымыздан қалмапты. Күдіктілерге қарсы нақты дәлелді таба алмау мен күш қолданудың орын алуы полицейлердің өз ісін жөнді орындай алмайтынын байқатып тұрғандай. Әйтпесе осы уақытқа дейін ең болмаса бір көзге көрінерлік дәлел ұсынылар ма еді дейміз. Өз ісінің шебері, кәнігі ізкесуші, тергеуші күш қолдануға бармас еді. Бірақ барлығы керісінше болғанын күдіктілердің медициналық тексерістен өткеннен кейінгі анықтамалардан көріп көзіміз анық жетті.
P.S. Ашынған ата-аналардың соңғы үміті – Елбасы. Ешқандай нәтиже шықпай, сең қозғалмай тұра берсе Назарбаевтың алдына барғаннан басқа үміттері қалмаған. Талаптары – қылмысты екенін бұлтартпастай дәлелдеп берсін болмаса бостандыққа шығарсын, балаларын ұрып-соққандар жазаға тартылсын. Талаптары орынды-ақ.
Дәурен ӘБДІРАМАНОВ
«Оңтүстік Рабат», №37, 10.09.2014