Шардаралықтар түрмедегі туыстарына араша сұрайды

357

«Банктен қолды болған қаржыға қатысты іс бұрмаланып жатыр». Шымкентке бір топ шардаралық азаматтар келіп, осылай деп жар салды. Туыстарының кінәсіз екенін дәлелдеу үшін әділдік іздеп келген олар баспасөз мәслихатын өткізіп, араша сұрады.

Қоғамдық ұйымдардан қолдау тапқан бұл азаматтардың діттегені — әділдік. Шулы іске қатысы бар деген күдікпен қамауда отырған туыстарын арашалап алмақ. Айтуларынша, тергеу амалдары да біржақты жүріп жатыр екен. Құқыққорғаушылар жақындарымыздың адами құқығын таптады деп, арнайы баспасөз мәслихатын өткізді.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=qFQeuEDqHE0[/youtube]

Айта өтейік, былтыр желтоқсан айында бір ірі банктің Шардарадағы бөлімшесінен 63 миллион теңге ұрланған болатын. Көп ұзамай ұрлыққа қатысы болуы мүмкін деген күдікпен осы банк филиалының 7 қызметкері қамауға алынған.

Гүлназ Ахметова, қоғамдық қорғаушы: «Тергеушілерге талап-тілек беріп жатырмыз. Бірақ қанағаттандырылмайды. Жеті айдан бері тергеушіні көрмедік. Қарапайым тергеу жұмыстары неге заңсыз жүргізіледі?»

Күдіктілердің туыстары мен қорғаушылары қылмыстық іске қатысты тергеу жұмыстарының бұрмаланып жатқанын алға тартты. Құқықтары тапталып, заңсыз әрекеттер орын алып отырғанын айтып, араша сұрады.

Қамауда отырғандардың туыстары олардың кінәсі дәлелденбегенін айтып жолды да жапқан болатын. 60 адам Шардара қаласына кіреберістегі көпір үстін жауып, көлік қозғалысы екі сағаттай тоқтап қалған болатын. Полицейлер оларға жала жапты деп, қолды болған ақшаның табылмағаны бұған дәлел екенін алға тартқан еді сол кезде.

Плакат алып шыққандар, тіпті, көпір үстінен өзенге секіріп өлеміз деп те қорқытты. Оқиға орнына ондаған тәртіп сақшысы мен аудандық әкімге дейін келіп, әкімнің «Мәселені қайта қарауға көмектесеміз» деген сөзінен кейін ғана жиналғандар тараған болатын.

Алдымен журналистермен жүздескендер түстен кейін облыс әкімдігіне барды. Мұнда да оларды ешкім құшақ жая қарсы алмады. Өңір басшысы орнында болмады. Ал әділдік іздеген аналар оның орынбасарымен кездескісі келмеді. Енді Елордаға барып, Елбасының өзінен араша сұрамақ. Туыстары толық босамайынша, әділдік іздеуді жалғастыра береміз деп отыр.