Оңтүстікте – 106 мыңнан астам мүгедек тіркеуде тұр. Олардың 827-і бірінші, 43 806-ы екінші, 40 275-і үшінші топ мүгедектері. Ал, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар саны – 13 892.
Қайғырса да іштен тынатын, құбылысты қабақтан ұғатын мұндай жандардың көкірегінде бұл өмірге деген құлшыныс зор болады. Олар тағдырдың сын-соқпағына мойымай өз құқықтарын қорғап, алдарына қойған мақсаттарына жетуге тырмысады. Төзімді, қанағатшыл келеді. Бергенді алып, бермегенге налып жатпайды. Сондай жандардың бірі – Бәкір Нұрманбетов. Отыз жылдан бері көзі көрмей, мүгедектер қатарына қосылған Бәкір Әбдіұлына қарап мүгедек деп айтуға аузың бармайды. Себебі, өмірінде талай қызықты да, қиындықты да көрген кейіпкеріміз еш мойымаған. Көзі көрмесе де үйленіп, бала сүйді, отбасын асырап, қызын қияға, ұлын ұяға қондырды. Қызмет етті, үй алды. Қазір өзі сияқты зағип жандарға қол ұшын созып, жұмыс тауып беріп отыр.
Жанардан айырылу
Бәкір Әбдіұлы 1960 жылы Түлкібас ауданы, Жаскешу ауылында туған. Отбасындағы тоғыз баланың алтыншысы. Айтуынша, 20 жасқа дейін көру қабілеті ешкімнен кем болмаған. Алайда, 1978 жылдың күзінде әскерге шақырылған бозбала Ауған жеріндегі кескілескен шайқаста жарақат алып, қос жанарынан айырылады.
«Шынымды айтсам, қос жанарымнан қалай айырылғанымды білмеймін. Есімде қалғаны – минаның жарылғаны. Арғысы жадымда жоқ. Есімді әскери госпитальде жиғаныммен, жарық дүниені көре алмадым», – дейді кейіпкеріміз.
Көруден қалған Бәкір ертеңгі күнінен үміт үзбейді. Көріп кетемін деген үмітпен 8 жыл бойына көзін емдетеді. Ленинградтағы әскери академияның дәрігерлеріне, Мәскеу, Одесса қалаларындағы окулистерге қаралады. Өкінішке қарай, үміті ақталмайды.
Елімізде 506,4 мың мүмкіндігі шектеулі адам бар.
Бұл жалпы халықтың 3%-ын құрап отыр.
Олардың 1/3 еңбекке жарамды азаматтар мен азаматшалар болса, 17,5%-ы балалар.
19 мыңға жуығы – есту қабілетінен, 20 мыңнан астамы – жанарынан айырылған.
Балаларының бет-әлпетін де білмейді
«Жазмыштан озмыш жоқ». Уақыт өте келе кейіпкеріміз суқараңғылыққа да үйренеді. Гүлжамал есімді бойжеткенмен отау тігеді.
«Әйелім – Қарағандының тумасы. Онымен әскерге дейін танысқанмын. Әскерден зағип болып оралдым. Маған тұрмысқа шығудан бас тартқан жоқ. Жыласам жұбатты, қиналсам қамқоршым болды».
…Сұлу әйел «жеті қазынаның бірі» дейді қазақ. Көркіне ақылы сай Гүлжамал жеңгеміздің мейірімділігі осылайша 30 жылдан бері Бәкір ағамызға күш-жігер беріп, өмірге деген құлшынысын арттырып келеді.
Бүгінде ақжаулықты Гүлжамал жеңгеміз бен Бәкір ағамыз 2 қыз бен 1 ұлдан өрбіген 9 немеренің қолынан май жалаған бақытты отбасылардың бірі.
Арманы алға жетеледі
Иә, иә, дәл солай. Жастайынан білімге құштар Бәкір екі көзінен айырылса да оқуға тапсырмақ болып, 1988 жылы Шымкент қаласына қоныс аударады. Ол кезде қалада баспана болмағандықтан, пәтер жалдап тұруға мәжбүр болды. Әйтсе де, үлкен арманы оны алға жетеледі. Тіпті, көзі көрмейтіндіктен жалпыға бірдей емтиханға жіберілмесе де еш жасымады, мойымады. Қайта бұл сынақ оны шыңдай түсті. Бір жарым жыл бойы Луи Брайлдың бедерлі нүктелі шрифтін меңгеріп, оқу-жазуды үйренді. Осылайша, 1991 жылы сүйретіліп жүріп оқуға тапсырды. Оқуын тәмамдаған сәтте зағиптарға арналған кәсіпорынға жұмысқа орналасады. Жұмыс істеуге ниетті, ықыласты жігіт аз ғана уақыттың ішінде ұжымға сіңісіп кетеді. Көп кешікпей 4 бөлмелі пәтерге де қол жеткізеді. Алайда аталмыш кәсіпорынның жабылуына байланысты, 2005 жылы «Кадр» оқу-ақпараттық орталығына жұмысқа ауысуға мәжбүр болды. 3 жылдан соң облыстық көзі көрмейтіндерге арналған кітапхана басшысының орынбасары болып жұмысқа қабылданады. Сол кезден бастап тынымсыз еңбек етіп, өзі сияқты көзі көрмейтін зағип жандардың мәдени іс-шараларға қатысып, уақыттарын тиімді өткізуіне барлық жағдай жасауға тырмысып бағуда.
Түйін:
Кейіпкеріммен әңгімелесіп отырып, өмірге құштар жан екеніне көзім жетті. Әйтсе де, өмірдің соқтықпалы-соқпақсыз бұралаң жолында зағип түгілі он екі мүшесі сау кей жандар сәл қиындықты көтере алмай баз кешіп маскүнемдікке, нашақорлыққа салынып жүрсе, енді біреулері «жұмыс жоқ» деп күңіренеді. Ал Бәкір таяққа сүйеніп, отбасы жүгін ғана емес өзі сияқты мыңдаған зағип жандардың жүгін көтеріп жүр.
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ
«Оңтүстік Рабат», №36, 03.09.2014