Тұңғышыңызды ата-әжесіне бересіз бе?

Қазақта баласын атасы мен әжесінің тәрбиесіне беру – ежелден келе жатқан дәстүр. Тұла бойы тұңғыш немересін бауырына басқан ата мен әже бар тәттіні алдына қойып, білгені мен түйгенін, көргенін үйретіп жатады. Атасы мен әжесінің ортасында еркелеп өскен ұрпақтың арасында зеректігімен, білгірлігімен танылған тұлғалар аз емес. Дегенмен, «баланы тым еркелетіп жіберді, шолжаң болып өсті» деп бұл дәстүрді қолдамайтындар да көп. Олар ата-әженің қолында өскен бала әке-шешеге жат боп кетеді деген сияқты түрлі пікірлерді алға тартады. Сіз не дейсіз? Тұңғышыңызды ата мен әже тәрбиесіне берер ме едіңіз?

38-006

Балхия КөмекбаеваБалхия Көмекбаева, ОҚО Тілдерді дамыту басқармасының басшысы:

– Баланы түбегейлі ата-әжесінің тәрбиесіне беруге қарсымын. Өйткені бала толық отбасында өсіп, тәрбиелену керек. Оны бір ғана ата-әженің, жас әке-шешенің немесе тәрбиешінің қамқорлығына беруге болмайды. Сондықтан отбасының барлық мүшелері бірлесе тәрбиелеу қажет. Яғни бала ананың аялы алақанын сезініп, әженің өсиетін тыңдап, әкенің қатал тәрбиесін көріп, атаның ғибратқа толы әңгімелерін бойына сіңіріп өсуі керек. Отбасында атаның да, әженің де, ананың да, әкенің де орнын ешкім толтыра алмайды. Олар жеке-жеке балаға үлгі тұтарлық, орны ерекше жан болуы тиіс. Өйткені сәби болсын, жеткіншек қыз, бала болсын көргенін істейді, естігенін жасағысы келіп тұрады. Кей әкелер өздері темекі шегеді де, балам жат қылықтардан аулақ болсын дейді. Әкесінің темекіні күнде будақтатып шегіп отырғанын көрген бала міндетті түрде темекіні шегіп көргісі келіп тұрады. Міне, тәрбие қайда жатыр. Сондықтан әрбір адам өмірде өз рөлін дұрыс атқаруы керек.

Шынар БастановаШынар Бастанова, 3 баланың анасы, 27 жаста:

– Әдетте қазақта ата-әжелер тұңғыш немересін бауырына басып, тәрбиесіне алып жатады. Менің ойымша, бұл дәстүр жас отбасы болғандықтан, тәрбие беруде кемшіліктер болмасын, отбасылық жағдайда қиналып қалмасын деген ойдан туған. Бұл кез келген жас отбасы үшін пайдасын тигізбесе, зияны жоқ. Өйткені ата-әжелердің көргені мен түйгені көп, қандай жағдай болмасын тәжірибесі мол болады. Жас отбасыларға қарағанда рухани қасиеттер басымырақ болады. Әулеттің үлкен үйі болғандықтан, келім-кетім көп болады. Бала көпшіліктің ортасында өскендіктен өзімшіл болмайды. Әженің тәрбиесін көрген бала кішіпейіл, бау-ырмал болып өседі. Ал үнемі атасының қасында жүргендіктен дәстүрден де алыстамайды. Сонымен қатар ата мен әке, ене мен келін арасындағы, бала мен әке арасындағы туыстық қатынас та тығыз болатынына сенімдімін. Осындай тату отбасын көріп өскен баланың тәрбиесі жаман болмайды. Бірақ баланы түбегейлі немесе шақалақ кезінен ата-әженің тәрбиесіне беруге қарсымын. Балам есін білгенше, оңы мен солын танығанша, ананың ақ сүтін еміп, өзіне-өзі келгенше анасының, әке-шешесінің тәрбиесінде болуы керек. Тек 4-5 жасынан бастап беруге болады.

38-007

Берік УӘЛИ

Берік Құрманғали, ОҚО ішкі саясат басқармасының басшысы:

– Тұңғыш немересін ата-әжесі өз қамқорлығына алу дәстүрі қазақта о бас-тан бар. Біздің әкелеріміз де солай өскен. Бірақ «Елу жылда ел жаңа» дейді. Бізге дейінгі дәстүр мен қазіргі салт-жораны бізден кейінгі ұрпақ ұстана бермесі анық. Ата-әжелердің шешімі, пікіріне құрметпен қарауымыз керек, бірақ әрбір баланы өз әке-шешесі тәрбиелеу керек деп ойлаймын. Яғни әрбір баланың тәрбиесіне негізінен әке-шешесі жау-апты болуы керек. Қазір заман басқа. Күн сайын әйтеуір бір жаңалық еніп жатыр. Балалардың тәрбиесі, сабағы, білімі, қоғамдық ортада өздерін ұстай біліп, қалыптасуы — үлкен жауапкершілік пен жұмысты, көңіл бөлуді талап етеді. Әке-шешем мені бағып-қақты, енді мен де өз балама әке-шешем берген тәрбиені беруге, жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп, азамат етіп өсіруге тырысуым керек. Бір жағынан ата-әжесінің қолында өскен балалардың еркелеу болып, әке-шешесінен жат болып кеткен де жағдайларды көріп жүрміз. Демалыс кезінде, мерекелерде, сабақтан босай қалған сәтте уақытын ата-әжесінің қасында өткізуі керек. Оған еш қарсылығым жоқ.

Ерлан АйтбаевЕрлан Айтбаев, облыстық «Жастар орталығы» мемлекеттік-коммуналдық мекемесінің директоры:

– Бүгінде екі ұл, бір қызым бар. Өзім жұмысбасты болғандықтан, бос кезімде мейлінше балаларыммен бірге өткізуге тырысамын. Бірақ балаларымның тәрбиесі анасы мен әжесінің қолында. Қазақ отбасыларында ата-әжесі немерелерін алақанына салып, аялап өсірген. Сондықтан ата-әжесінің тәрбиесінде болуына еш қарсылығым жоқ. Олардың даналығы мен көрегенділігін бойына сіңіріп өскен бала болашақта жаман болмайды. Сонымен қатар ұлттық тәрбие мен дәстүрге бейім болады. Қазақылықтан алыстамайды. Үлкенге құрмет пен кішіге ізетті де үлкен кісілерден жақсы үйренеді. Өзім отбасымның асыраушысы болсам, ал ата -әжені нағыз тәрбие мектебі деп білемін.

Махаббат Әбдешова

«Оңтүстік Рабат», №38, 17.09.2014