Түрмедегі адам героин сатқан

513

Түрмедегі жазасын өтеуші есірткі сатқан. Бұл фактіні Оңтүстік Қазақстан облыстық қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлері мен полицейлер анықтап отыр.

000

Ішкі істер департаментінің  мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының мәліметінше, полиция қызметкерлері героин жасырған 44 жастағы әйелді құрықтады. 2014 жылдың 17-қыркүйегінде есірткі бизнесімен күрес басқармасына қаладағы түзету мекемелерінің біріндегі «Л» есімді жазасын өтеуші айналасындағыларға есірткі затын таратып жүр деген ақпарат келіп түскен.

Осы басқарма және облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері бірге жүргізген жедел-іздестіру іс-шарасы кезінде, аталған түзету мекемесінің камерасын тексеру барысында, 1971 жылы туылған жазасын өтеуші анықталды. Оның заттардың ішінен электр шәйнегі табылып, оның түбіне жасырылған үш полиэтиленді пакетке салынған ақ-сұр түсті , өзіне тән иісі бар зат табылған.

Сот-криминалистикалық сараптаманың нәтижесі бойынша тәркіленген ұнтақтың салмағы 90 грамнан асатын героин екені анықталды. Айта кету керек, бұл жазасын өтеуші есірткімен айналысқаны үшін 2009 жылы 10 жылға бас бостандығынан айрылған.

Қазіргі таңда полиция қызметкерлері есірткі затының қайдан келгенін анықтауда. Аталған жайтқа байланысты ҚР ҚК-нің 259-бабы бойынша «Есiрткi заттарын немесе психотроптық заттарды өткiзу, дайындау, ұқсату, жөнелту мақсатында заңсыз иемденiп алу, тасымалдау немесе сақтау, өткiзу» дәйегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.