Қытайдың Нанкин қаласында өткен II жазғы жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 21-орын алды. Біздің елдің қоржынында үш алтын, бір күміс және төрт қола медаль бар. Үшінші алтынның иегері – жерлесіміз Мұқамбет Қуатбек.
Еркін күрестен 54 кг салмақта кілемге шыққан Мұқамбеттің топтағы қарсыластары осал болмады. Мұқамбет Қуатбекпен бірге В тобына ресейлік Амирхан Гуважоков пен армян Вагиняк Магевосян түсті. Екеуі де күрестің қайнаған ортасынан келген сақа балуандар. Топтағы ғана емес, жалпы олимпиада дәрежесіндегі басты қарсыластары болатын. Алайда, ресейлік Амирхан 3:1, ал армян Вагиняк 3:0 есебімен жеңілді. Одан кейін Мұқамбет жаңазеландиялық Врам Ричардсты 4:0 ұпай көрсеткішімен ұтып, венесуэлалық Элизер Аулардан 4:1 есебімен басым түсті.
Алтынның ақтық таласында Фикс Датонмен белдесті. АҚШ-тан келген балуанды да тізе бүктіріп, олимпиаданың алтынын иемденді.
17 жасында еркін күрестен өз салмағында әлемнің мықтысы атанған Мұқамбет Қуатбек Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданының Мәдени ауылында дүниеге келген.
Туғанынан әжесі Күлімханның тәрбиесінде болған. Күлімхан әже қолды-аяққа тұрмайтын тынымсыз немересіне Шошантай деп ат қояды. Әжесінің қойған аты әлі күнге қалмай келеді. Туған-туыс, дос-жарандарының барлығы Мұқамбетті бүгінде Шошан, Шош деп атайды.
Көршісі, әрі ағасы Ерғали Тазабеков Мұқамбетті 5 жасында «Мәдени жалпы орта мектебіндегі» күрес секциясына алып барған. Ол уақытта спорт зал жоқ. Ауылдық клубтың бір бүйірі жаттығу бөлмесіне айналдырылған. Арнайы матрастың болмауы себепті ауыл балалары астына сабан тасталған төсеніштің (палатка) үстінде ақ тер, көк тер болып жаттығады.
«Күреске деген бейімі сол кезде байқалды. Ештеңеден тайсалмайтын, қорықпайтын еді. Жасы мен денесінің үлкен-кішілігіне қарамай, айқаса кететін», – дейді Ерғали Тазабеков.
Алты жасар Мұқамбеттің салмағында күресетін ешкім болмапты. Ғани Асылбеков есімді бапкердің тәрбиесінде жүріп, ауылішілік, ауданаралық жарыстарға барады. Бастапқы салмағы 19 келі болады. Бұл салмақта белдесетін қарсыластың жоқтығынан 24 келідегі жас балуандармен белдесуге шығады екен.
Талабы зор баланың қабілет-қарымына ауыл мектебіндегі күрес секциясының ауқымы тарлық етіп, 3-сыныпта Шымкентке келеді. Осындағы №64 мектепте оқиды. Бір жыл бойына күрестің дзю-до түріне де қатысады. Дзю-домен айналысқан бір жыл уақыт Мұқамбеттің кейінгі даңқты спорт жолына көп септігін тигізеді. Дзю-доның әдіс-тәсілдерін еркін күреске сіңдіріп, ұштастыра біледі. Шымкентте Марат Ерденов есімді білікті бапкердің қол астында жаттығады.
6-сыныпта Қарағандыға аттанады. Оңтүстіктен Қарағандыға кетуіне кеншілер қаласында спортты дамыту мен спортшылардың шеберлігін шыңдауына қажетті жағдайдың молынан жасалуы себеп болса керек-ті. Халықаралық жарысқа да алғаш рет сол Қарағандыдағы спорт мектебінің қабырғасында жүргенде қатысады.
Қарағандыда жүріп, Словакия жеріндегі әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізеді. Алматыдағы III Еуразия ойындарында I-орын алған. Таиландта өткен Азия чемпионатында 50 келі салмақта алтын алды.
Биылғы Нанкин олимпиадасына жатпай-тұрмай дайындалған Мұқамбеттің жоспары орындалды. АҚШ балуанының қолынан жасөспірімдер олимпиадасының алтынын жұлып алды.
– Қазақтың Көк туын Олимпиадада желбіретсем деген арманым бар еді. Құдайға мың да бір шүкір, сол арманым бүгін орындалды. Әлі де көптеген олимпиадаларда қазақтың Көк туын желбіретемін. Оған сенімдімін, – дейді Мұқамбет.
Оңтүстіктің топырағында туған балғын балуан Шошантайдың әкесі Шохан Төлендібаев та қарулы кісі. Спорттың қандай да бір түрімен шұғылданбаған. Әйткенмен, табиғатынан берілген қара күш пен ептілігінің арқасында өз ауылдастары арасында беделге ие болған жан. Болмысындағы мықтылық баласына берілсе керек.
Таудың саф ауасын жұтып өскен 17 жасар Мұқамбет үшін 2014 жыл – жылқы жылы елеулі жаңалықтарға толы болды. 11-сыныпты тәмамдап, Қарағандыдағы жоғары оқу орнына спорт және туризм мамандығы бойынша гранттық негізде оқуға түсті.
Жәнібек НҰРЫШ
«Оңтүстік Рабат», №36, 03.09.2014