«Назар аударыңыз, балалар!» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында Әкімшілік полиция басқармасы ОҚО ІІД Шымкент қаласы ішкі істер басқармасы қызметкерлерімен бірлесіп «Жол-көлік оқиғасыз жаңа оқу жылы» акциясын өткізді.
Жарықшамы қосулы автокөліктер легі сағат 10:00-де Сайрам көшесінен сап түзеп Шымкенттің орталық көшелерімен жүріп өтті. Тізбектеле қозғалған автокөліктерден жол қозғалысы ережелерін еске түсіретін аудиожазбалар дыбысталды. Сондай-ақ, бірінші сынып оқушыларының жүргізушілер мен қала тұрғындарына арнаған ұрандары ілінді.
Жол қозғалысының жас инспекторлары бірінші сынып оқушыларымен бірге жүргізушілерге және ересектерге қала көшелерінде қалай жүріп-тұру керектігін көрсетіп, түсіндірді. Жаңа оқу жылының басталғаны жөнінде еске салатын естелік қағаздар таратты. Одан кейін жас инспекторлар мен бірінші сынып оқушылары үйлердің аулаларын аралап, гараждар мен подъездердің есіктеріне брошюралар жапсырды.
Акцияның мақсаты – оқу жылы кезінде балалардың арасында кең таралатын жарақат алу мәселесіне қоғамның назарын аударту. Үгіт-насихат – сақтандыру іс-шараларын өткізу балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларын азайтуға бағытталған.
2014 жылдың алғашқы үш айында Оңтүстік Қазақстан облысында балалардың қатысуымен 425 жол-көлік оқиғасы тіркелді. 450 бала жарақаттанып, 28 жеткіншек қаза тапты.
Жәнібек НҰРЫШ
«Оңтсүтік Рабат», №37, 10.09.2014