Қазақстан Республикасындағы білім беруді дамытудың 2015 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасында жалпы білім берудің мақсаты –қазіргі қоғам талабына сай алынған терең білім, білік, дағдылары мен құзырлықтардың негізінде еркін бағдарлай білетін, қойылған мақсатқа танымдық қызмет жасау арқылы жете алатын, өз бетінше дұрыс, тиімді шешімдер қабылдауға қабілетті, еліне жаны ашитын, патриот жеке тұлғаны қалыптастыру еркіндігі атап көрсетілген.
Жаңа ғасырда жеке тұлғаға деген талаптың күшейе түсуі, білім беру саласындағы жаңа талаптар айтарлықтай өзгерістер жасау тенденциясының үндеуіне қажеттілік туғызып отыр. Бұл міндетті жүзеге асыру мектептерде оқушылардың танымдық белсенділігін арттыруға септігін тигізетін оқу үрдісін ұйымдастырумен қоса патриоттық рухта тәрбиелеудің маңыздылығы айтпаса да түсінікті.
Осы маңызды құндылықты Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде насихаттау мақсатында үстіміздегі 2014-2015 оқу жылында, әр дүйсенбі күні таңғы жиын уақытында, яғни, сағат 08:00 мен 08:20 аралығында шағын патриоттық форум өткізілу жоспарланды. Форумды алғаш ұйымдастыруды мектеп әкімшілігі қолға алып, жалпы мектеп ұжымының, оқушылардың, қала берді ата-аналардың қолдауын тапты.
Әр дүйсенбі сайын директордың алғаш сөз алуынан басталған форум, оқушылар хормен мемлекеттік ән ұранды айтуымен, сондай-ақ, директор орынбасарларының патриоттық тақырыптарға арналған баяндамаларымен және патриоттық тақырыптардағы әндер айтылып, апта сайын өз жалғасын жыл бойында табатын болды.
Оқушыларға алдағы аптада айтылатын әндері алдын –ала таратылып, жаттауға беріледі. Бұл балалардың форумға деген қызығушылығын және жауапкершілігін, патриоттық жанашырлығын қалыптастыруға үлкен әсерін тигізгеніне куә болдық. «Жас бала-жаңа өркен жайған жасыл ағаш тәрізді» дейді халқымыз. Жерге отырғызған жас көшет те қашан тамыры тереңдеп, жапырағы жайқалып, саялы ағаш болып үлкейгенше мәпелеп күтіп, үзбей тәрбиелеуді керек етеді.
Тәрбие кездейсоқ оқиға емес, ол қоғамның пайда болуына тән қасиет. Қазіргі кезде біздің қоғамда өркениеттілікке бағытталған «Білім беру» заңы бар. Онда азаматтық қоғам орнатуда өскелең ұрпақтың оқу және тәрбие мәселесінің сұрыпталған, қатаң ғылыми негіздерінің тың жүйесі қалыптасқан. Ендеше, осы «Білім беру» заңы негізінде патриоттық тәрбиенің маңыздылығын қашан да сабағымыздан сырт қалдырмай, үнемі басым бағытымыз ретінде басшылыққа алсақ мемлекетіміздің мығым боларына сөзсіз кәміл сенеміз!