– Роза Викторовна, жуырда өткен қалалық мәслихаттың сессиясында әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан мектеп оқушыларының ыстық тамақпен қамтылуына бөлінетін қаржыға көңіліңіз толмайтынын жеткізіп едіңіз. Сол жайлы тарқатып айтсаңыз…
– Өздеріңіз білесіздер, аз қамтылған отбасыдан шыққан оқушыларды ыстық тамақпен қамту үшін қала қазынасынан жыл сайын қаржы бөлініп келеді. Алайда ол қаржыны бала санына бөлгенде әр оқушыға небары 147 теңгеден тиеді. Қазір баға шарықтап тұрған шақ. Бұл қаржыға бала құнарлы тағам жей алмайды. Оның үстіне мектептегі асханалар жекенің меншігінде. Балаға құнарлы тағам бермесең, ертең аурушаң болғанда қыруар қаржы бөлуімізге тура келеді. Сырқаттың неге алдын алмасқа? Міне, осы себептен бұл мәселені әкімнің алдында көтердім. Мұны мұқият тыңдаған шаһар басшысы қазір жылдың аяғы болғандықтан менің қойған сауалымды келер жылы шешетінін айтты.
– Оқушылардың қолымен жасалған құқықбұзушылықтардың түрі де, саны да азаяр емес. Осы ретте тек депутат емес, сонымен қатар мектеп директоры ретінде оқушылардың бетін бері қаратудың қандай жолдарын ұсынар едіңіз?
– Естеріңізде болса, облысы-мыздың прокуроры Ибраһим Әлжанұлы өңірге қызметке келген кезде Оңтүстік республика арасында балалар мен жасөспірімдердің құқықбұзушылығы бойынша бірінші орында еді. Бүгінде жағдай біршама жақсарды. Ол кісі жұмысқа кіріскенде қылмысты азайту туралы мақсат қойып, мобильді топ құрылды. Әр мектепке инспектор мен психологтар бекітілді. Онымен қоса білім басқармасында балалар құқығын қорғау бойынша да жұмыстар жүргізіліп келеді. Бірақ сонда да баланың қылмысқа баруы тыйылар емес. Неге? Бұл сұраққа бір ғана жауап бар. Бала тәрбиесі – отбасыдан басталады. «Балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі» деген текке айтылмаған ғой. Сонымен қатар оған қоғамның әсері де зор. Бала үшін қоғам дегеніміз – мектеп. Демек, адамның адамшылдығы жақсы ата-ана мен білікті тәрбиешіге байланысты. Ол үшін біз мейлі ата-ана, мейлі ұстаз болайық, балаларға үлгі боларлық әрекет жасауымыз керек. Оғаш әрекет жасап алып, баладан жақсы болуын қалай талап етеміз? Қазір теледидарды қосып қалсаңыз ұрлық, зорлық туралы ақпарлар жиілеп кетті. Мұның өзі бала тәрбиесіне өз кесірін тигізуде. Қысқасы, отбасы мен мектептің өзара ынтымақтастығын нығайтуды ешқашан ұмытпаған абзал.
– Алғаш рет қалалық мәслихаттың депутаты болғаныңызға биыл 20 жыл толды. Кешегі мен бүгінгі депутаттардың әрекеттерін, билікпен қарым-қатынасын, жалпы айтқанда айырмашылығын айтып беріңізші.
– Сайлаушыларымның қол-дауымен алғаш рет 1994 жылы депутат болдым. Тәуелсіздік алғанымызбен, әлі аяққа тұра қоймаған кез. Ең ауыр жылдар болатын. Жарық, көгілдір отын деген болмады. Бұл жылдары қала басшысына қиын болғанын түсінемін. Себебі қаншама әлеуметтік проблема көтерілгенімен, қаржы жеткіліксіз болды. Сенесіз бе, сол жылдары бюджет қаржысы небары 1 млрд теңгені ғана құраған. Ал қазір 87 млрд теңге. Оған қоса облыстан, республикадан бөлінетін қаржы тағы бар.
Осыдан 20 жыл бұрын сайланған депутаттар бүгінгідей жастар емес, елге құрметті орта жастағы азаматтар болатын. Ал қазір мәслихат құрамында жастар баршылық. Бір қуантарлығы олардың басым көпшілігі кәсіпкерлер. Олар өз сайлаушыларының кейбір мәселелерін шешу үшін бюджетке қарап отырмай, қалталарынан қаржы шығарып, проблемалардың шешілуіне мұрындық болып жүр. Мұның өзі жанашырлықтың белгісі.
– Ел арасында «кейбір депутаттардың билік алдында беделі жоқ, қолшоқпарға айналған» дейтін сөз бар. Бұған не дейсіз?
– Өзгелерді сарапқа салып, талқылайтын адам емеспін. Ел сайлаған депутат, халықтың мұңы мен ұсынысын билікке жеткізушімін. Өз басым сайлаушыларыммен тығыз байланыстамын. Олармен жиі кездесемін. Кейде телефон шалып, проблемаларын жеткізеді. Мен оны сессияларда көтеріп отырамын. Тек сайлаушыларым емес, өзім ұстаз болғандықтан білім саласының проблемасынан да хабардармын. Кей мектеп директорлары мазалап жүрген мәселелерін айтып, билікке жеткізсеңіз деп ұсыныс айтады. Оларды шешу қолымнан келсе барынша тырысамын, болмаса билікке жеткізіп, шешімін қарастыруды ұсынып келемін. Қысқасы, ел сеніп дауыс берген соң үмітті ақтау керек.
– 20 жыл ел ісіне араласу аз уақыт емес, әрине. Осы жылдар ішінде қай әкімнің жұмысы ерекше есіңізде қалды?
– Әрбір әкім – Елбасының командасы. Елбасының командасы болу деген үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мен ешкімді бөле-жарғым келмейді. Бәрі де бюджеттің мүмкіншілігіне қарай қолдарынан келгенше жұмыс жасады. Қазіргі әкім Дархан Сатыбалдының жұмысын ерекше атағым келеді. Ол жастар мәселесіне баса назар аударуда. Саябақтар гүлденіп, спорттық тренажерлар, тегін интернет орнатылды. Мұның бәрі жастар үшін. Өзге қалада оқитын жастар Шымкенттің күн санап дамып, шырайланып жатқанын көріп, әр келген сайын таң қалып кетеді.
Осы ретте мына бір жайт есіме түсіп отыр. Мен білім мен тәрбие берген оқушым біздің мектепті тәмамдаған соң грек еліне қоныс аударған. Ол жақында өзі түлеп ұшқан, яғни, біздің мектепке келген болатын. Сол кезде таңырқағанын көрсеңіз. «Роза апай, Шымкент адам танымастай өзгеріп кетіпті. Мен қатты таң қалып әрі қуанып отырмын» деп ерекше көзқарасын білдірген еді.
Халық арасында «жастар бұзылып барады» деген пікір жиі айтылып жүр ғой. Мен онымен келіспеймін. Қазіргі жастар ақылды, белсенді. Жастар Қазақстанды әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосарына сенемін. Ал біз алдыңғы буын өкілдері өз кезегінде оларға білгенімізді үйретіп, қолдап отыруға тиіспіз. Жастарға үлгі алатын тұлғалар керек. Мен де кезінде Клара Төлендіқызы, Зауытбек Қауысбекұлы, Бердібек Мәшбекұлы, Асқар Исабекұлы секілді азаматтардан үлгі алдым. Оларға алғыс айтамын.
– Ұлтыңыз кәріс болғанымен қазақ тілінде еш мүдірместен сөйлеп отырсыз. Осы ретте сұрағым келіп отырғаны, қазақ тілін қалай үйрендіңіз?
– Мүдірместен деп тым асырып жібердіңіз-ау деймін (күліп). Әлі де білмейтінім көп. Қазақ ауыз әдебиетін жетік меңгергім келіп жүр, бірақ уақыт тапшы. Мен мемлекеттік тілді меңгергенімді жарияға жар салғым келмейді. Мейлі орыс, мейлі кәріс, мейлі өзбек ұлтының азаматы болсын, Қазақстан елінде өмір сүріп жатқандықтан қазақ тілін білу – әрбір қазақстандықтың міндеті.
Қазақ тілін үйренерде ешбір кедергіні сезбедім. Өзім ауылда өскенмін. Ауылда сенің ұлтың қазақ немесе кәріс деп ешкім бөлген жоқ. Бәріміз бір үйдің баласындай өмір сүрдік. Мен білмегенімді қазақ балаларынан сұрасам, қазақ балалары менен орыс тілін меңгерді. Тіпті сенесіз бе, ауылдағы татулықтың, өзге ұлттардың бір-біріне деген жақсы қарым-қатынасының тығыз болғаны соншалық біз үйде кәрістің тағамын жасасақ, міндетті түрде қазақты қонаққа шақыратынбыз. Ал қазақтар ет асып, қамыр жайса, біз үйлеріне баратынбыз. Әлі күнге дейін достарымның басым көпшілігі қазақ ұлтының өкілдері.
Менің қазақ халқына деген құрметім жоғары. Себебі тәрбием сондай. Бала күнімде әкемнің: «Қазаққа қарсы сөйлемеңдер. Және өзгелер де қарсы шықпауы керек. Қазақ — ұлы халық…» деп айтқаны санама сіңіп қалған. Міне, бұл арқылы әкемнің қазақ халқына деген ерекше құрметін байқауға болады. Оған себеп те жоқ емес. Сонау 1937 жылы Қазақстанға 100 мың кәріс (бұл — 17 мың отбасы деген сөз) қоныс аударған екен. Вагонмен Қызылорда облысы, Шиелі ауданына түскен кәрістер қайда барарын білмеген. Қыстың қақаған суығы. Тас қараңғыда жарық көрініп, қоныс аударушылар сонда барған көрінеді. Ол кәдімгі киіз үй болған екен. Кәрістер бір ауыз қазақша, ал қазақтар кәрісше түсінбейді. Әйтеуір ымдап түсінісіп, қазақтар кәрістерге қонақжайлылық танытқан. 1937 жылдар халық жейтін нан таба алмай отырған зұлмат жылдар болғанына қарамастан нанды бала-шағасының аузынан жырып бөліп берген. Тіпті сол киіз үйде мекендеуіне рұқсат етіп, содан бері қазақ пен кәрістердің сыйластығы орнапты. Міне, қазақ деген халықтың қонақжайлылығына, қамқорлығына риза болған әкем ерекше құрметпен қараған.
– Ұл-қыздарыңыз мемлекеттік тілді меңгерген бе?
– Мен екі ұл, екі қыз тәрбиелеген ана, 4 немере өсіріп отырған ақ жаулықты әжемін. Тек өз перзенттерім емес, немерелерім де қазақ тілін еркін меңгерген. Ұлтымыз кәріс болғанымен, тіліміз қазақ болып кеткен.
– Ал салт-дәстүрінен хабардарсыз ба?
– Барлық салт-дәстүрді 100 пайыз толықтай білемін деп айта алмаймын. Бірақ көбісін өмірде қолданамын. Негізі кәріс пен қазақ ұлтының көп дәстүрлері өте ұқсас. Мәселен, сәлем салу, қыздың жасауын артынан апару, келінге құда түспес бұрын екі жақтың ата-аналарының тәтті шайы… Айта берсем, мұндай ұқсастықтар өте көп. Сонымен қатар өзім қазақтың ұлттық тағамдарын өте жақсы көремін. Қазақ достарым ет асып, қамыр илегенімді көріп, қызығып жатады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ