Шынымды айтсам, Шымкенттегі «Қиял әлемі» саябағына жиі баруға уақыт болмайды екен. Бәріне, бәлкім, жұмыс кінәлі шығар? Аптаның бес күнінде – жұмыс, сенбі, жексенбіде жеке тірліктерден қол босамайды. Алайда, кешегі аптада демалыс орнына жолым түсіп, қазақтың ақын, жазушыларының қаламынан шыққан қанатты сөздерді көріп ішім жылып қалды.

Білуімше, бұл саябақ – жекеменшік. Соған қарағанда қожайыны ұлтшыл, еліміздің нағыз патриоты болды ғой. «Қиял әлемі» әкімшілігінің осындай игі іс бастағаны өте құптарлық. Әсіресе, мұнда жазылған Шәкәрім мен Абайдың, шығыс ғұламаларының ойлары өскелең ұрпақ үшін өмірлік азық боларына шүбәм жоқ.

Мұнда кешкісін студент жастар демалуға көп келеді. Бала-шағасын ойнатқан жас отбасын да жиі жолықтырасың. Олардың бұл жазбаларды оқымай кетпесіне күмәнім жоқ! Өзге де саябақтарды сатып алып, мейрамхана, кафе ашатын кәсіпкерлерге үлгі болар іс бұл!

Мәселен, Шымкентте тойханадан көп нәрсе жоқ. Бір-бірімен жарысып, қыруар қаржы жұмсап, еуропалық немесе шығыстық үлгіде безендіріп, болмашы картиналар ілгіш солар. Оның орнына ұлтымыздың ұлы ғұламалары айтқан отбасы қүндылығы, бала тәрбиесі, адам өмірі жайлы қанатты сөздерін жазып қойғаны жөн емес пе?

20141011_144023